Дүйсенбіден бастап Шағын бизнес өкілдері «Даму» қорының жеңілдетілген несиесіне өтініш бере алады
5 ақпаннан бастап «Даму» қоры жаңартылған «Бірыңғай кешенді бағдарламаны» жүзеге асыра бастайды. Шағын және орта бизнес өкілдері қорға өтініш беруі қажет.
Кешенді қолдау шаралары кәсіпкерлікті қолдауға арналған бұрынғы бағдарламаларды жетілдірді және алты бағыт бойынша қолдау көрсетеді:
- «Микрокәсіпкерлік»;
- «Шағын және орта кәсіпкерлік»:
- «Өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік»;
- «Моно- және шағын қалалар, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік»;
- «Әлеуметтік кәсіпкерлік»;
- «Қор биржасы».
«Бағдарлама аясында негізінен өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу және жоғары технологиялық қызметтегі жобалардың несие мөлшерлемесін субсидиялауға басымдық беріліп, сараланған әдіс пайдаланылады. Мұндай жобалар бойынша алғашқы 3 жыл ішінде кәсіпкер несиесін 8%-бен, төртінші жылдан бастап 9%-бен, бесінші жылдан бастап 10%-бен төлейді»,– делінген Ұлттық экономика министрлігінің сайтында.
Бағдарлама бойынша субсидия немесе кепілдік алу үшін кәсіпкерлер online.damu.kz платформасы, egov.kz веб-порталы арқылы қашықтан немесе «Даму» қорының өз өңіріндегі филиалына өтінім бере алады.
Бұған қоса, бағдарлама қор нарығын дамытуды көздейді. Мәселен, облигациялар шығарылымының бір эмитентке деген жиынтық номинал құны 3 млрд теңгеден 5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, кәсіпкер үшін 5 жылға дейінгі мерзімге 6% түпкілікті мөлшерлеме белгіленді.
Қор қаржылық қолдау шараларын кеңейтіп, субсидия құралынан кепілдік беру құралына қарай кезең-кезеңімен көшуге ниетті. Кепілдік берілетін несие сомасы 1 млрд теңгеден 3,5 млрд теңгеге дейін көтеріліп, кепілдік мөлшері несие сомасының 50% болады.
«Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты да міндеттемелер енгізілді. Бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды іріктеу үшін міндетті нақты критерийлер белгіленді. Мысалы, мемлекеттен қолдау алған кәсіпкер еңбекақы төлеу қоры мен салық аударымдарын арттыру керек», – делінген хабарламада.
Қазақстандағы ШОБ дамуына қатысты сарапшы пікірін ұсынған едік. Елімізде 2,2 млн шамасында шағын және орта бизнес (ШОБ) кәсіпорыны жұмыс істеп тұр. Аз да емес. Көп те емес. Оның өзінің басым бөлігін көтерме және бөлшек сауда иеленеді. Оның да өркендегені маңызды. Бірақ шағын өндірістің жұмыс істеуі, қосылған құны бар тауарлардың нарыққа шығарылғаны тіпті қажетті. Қазір ШОБ бірнеше өзекті түйткілмен бетпе-бет қалып отыр. Олар: ең бірінші кезекте инфляция, теңге курсының құбылмалы болуы, несие пайызының қымбаттап отырғаны, көлеңкелі экономика үлесінің көбейіп кеткені. Тиісінше экономикадағы мемлекет үлесінің көптігін де осы қатарға қоса аламыз.