Қазақстанда балалардың 70%-ы компьютерлік ойындарға құмар. Оларды лудоманиядан қалай сақтау керек ?

Жарияланды (жаңартылды )
Балаларды лудоманиядан қалай сақтау керек /Фото: shutterstocks

Психолог мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда балалардың 70%-ы компьютерлік ойындарға құмар. Осының салдарынан балалар лудоманияға шалдығады.

Балалардың ойынға тәуелділігі-лудомания

Бүгінгі таңда балалар мен жастар компьютерлік ойын ойнамаса ұйықтай алмайтын дәрежеге жетті. Тіпті   көптеген адам үшін компьютер мен ұялы телефонмен  онлайн ойын ойнау  негізгі өмір сүру тәсіліне айналды. Нәтижесінде ойыншылар виртуалды әлемге толығымен еніп, шындыққа деген қызығушылықты жоғалтып барады деп дабыл қаққан балалар психологы Самат Құлманов пайдалы мағлұмат берді. Алатау ауданындағы  14 емхананың коррекциялық бөлімінде арнайы балалармен жұмыс істейтін маман психологиядағы 11 жылдық өз тәжірибесімен бөлісті.

Балаңмен бірге әлеуметтік желіге тіркел

Техника, технология дамып жатқан заманда балаларды ұялы телефоннан, әсіресе, әлеуметтік желілерден шектеу мүмкін емес. Кейбір адамдар «бала жыламаса болды, аузын жауып, тыныш отырса, мазамды алмаса екен» деп телефонды бере салады. Ал телефоннан интернетке кіріп, әлеуметтік желінің ішек-қарнын ақтарып отырған бала небір түрлі видеоларды көріп, психологиялық ауытқушылықтарға ұшырайды. Өйткені бала әлеуметтік желідегі өмірге байланып қалады да , нағыз өмірге сүруге келгенде әлеуметтік қағидаттары қалыптаспай кешеулеп қалады.

Сондықтан балаларды өз достарымен көбірек ойнату керек. Ал балаларды әлеуметтік желілерден, интернеттен мүлдем шектеп тастаған күнде оның ой-өрісі дамымай қалады. Балаларыңыз Майнкрафт, Роблекс сияқты ойындар ойнап жатса, қатты қадағалаңыздар. Мүмкіндік болса, балаларыңызбен сол ойындарды бірге ойнаңыздар.

Мәселен Майнкрафт – Mojang  AB компаниясы шығарған виртуалды ойын. Онда Майнкрафт батыры тынымсыз болып көрінеді. Ғимарат салу үшін құм жинап, кірпіш құйып, ағаш жонып, ас-суын әзірлеп, көкөністер егіп, соның бәрін жүзеге асыру үшін шахта қазып, алтын, күміс өндіріп, сыңғырлатып тиын-тебен жинап үздіксіз қарекетте жүріп, қажет болса биік құздан да қорықпайтын жаужүрек батыр, қолынан келмейтіні жоқ шебер. Сол ойынды мен баламмен бірге ойнаймын. Ол жерде чат бар екен. Аудиомен адамдар бір-біріне хабарласады. Компьютердегі ойындарда өздерінің мессенджерлері бар. Соларды бақылап жүру керек. Ата-аналар балалармен көп сөйлесіп, оларға үнемі ой тастап отыруы керек. Баланың жүрегінен ойын арқылы жол таба білу керек. Интернетте  букмекерлік компаниялардың, ставкалық ойындардың жарнамасынан балаларды аулақ ұстау керек. Балалар сондай жарнамаға елітіп барып, лудоманияға ұшырау қаупі жоғары.

Жүйке жүйесінің қозғыштығы жоғары және ерік-жігері әлсіз балалар құмар ойыншыларға айналады

Психолог маманының айтуынша, балалардың ойынға тәуелділігі (лудомания) — бұл әрбір алтыншы «ойыншыға»әсер ететін ауыр психикалық бұзылыс. Ойын ойнау баланың жасына немесе жынысына байланысты емес. Балалардың ойынға тәуелділігі өзін-өзі бағалауы төмен, шынайы өмірде қарым-қатынаста күрделі проблемаларды бастан кешіретін балаларға көбірек әсер етеді. Сондай-ақ жүйке жүйесінің қозғыштығы жоғары және ерік-жігері әлсіз балалар құмар ойыншыларға айналады.

Психолог лудоманиядан баланы сақтау үшін қандай кеңес береді

Балаң мектептен келгенде, дастархан басында міндетті түрде сөйлес. Бала мектептен келе сала дастарханға тамақ ішуге отырады. Сол кезде одан қал-жағдайын міндетті түрде сұрау керек. Жабық тақырып болмау керек. Бала мектепте кіммен сөйлесті, мұғалімнің оған көзғарасына дейін бәрін-бәрін айтып отыруы керек.

Көп бала мектептегі іс-әрекетін ата-анасынан жасырады. Бала ішінде не болып жатқанын үнемі жақындарымен бөлісіп отыруы керек. Біздің кезімізде ата-аналарымыз билік жүргізетін бізге. Былайша айтқанда бұйрық етілген әрекетті орындаумен өстік. Ал ондай тәсіл қазіргі балаларға жарамайды. Ата-ана баласының үстінен бұйрық ете алмайды. Баланы өз-өзіне өлімге қарай итермелейтін әрекеттер ол балаңды басқалармен салыстыру. Қасындағы бала бес алып, ол екі алып қалса, өз балаңның өмірге құлшынысы мен өзін –өзі бағалауы төмендеп кетеді. Бұл, әсіресе, мектепте тест сынақтарын тапсырған кезде айқындалады. Былай қарасақ, ата-ана баладан өте көп нәрсені талап етеді. Жақсы оқу керек, озат болу керек, өнерлі болып, байқаулардан орын алуы шарт деп үнемі жоғары мақсат қояды. Ол мақсатты кез-келген бала орындай алмайды. Бала еркін болуы керек. Ол өзіне риза болып өмір сүруі керек. Ешкімге жауапкершілік алмай, жүрек қалауын істеуі керек. Балаларға өзің де ашылып әңгіме айтуың керек. Пікірімен санасу абзал.

Психолог ойынға тәуелділік баланың денсаулығына әсерін айтты

Психолог Самат Құлмановтың пікірінше,  лудомания соңы – компьютерде үнемі отыру бас ауруы, көру қабілетінің нашарлауы, гипертония, гастрит, асқазан жарасы, әртүрлі тері аурулары сияқты психосоматикалық аурулардың дамуына әкеледі.

Балаңыздың лудоман екенін қандай белгілерден байқауға болады ?

Егер балаңыз компьютер мен телефоннан айырылмай қойса, тамақ ішуге тәбеті төмендеп, өмірге деген қызығушылығы азайып, сізге қарсы іс-әрекеттер жасай бастаса, дереу балаңызбен сөйлесіп, оның виртуалды ойындарға деген шамадан тыс құмарлығын талқылаңыз. Бұл ойындардың зияны мен теріс салдарын жеткізіңіз.

Балаларды лудоманиядан емдеудің қандай тәсілдері бар.

Егер бала сізді тыңдамаған жағдайда психолог көмегіне жүгініңіз. Мамандардың көмегімен баланың психологиясын емдеуге шара қолданып, керек жағдайда арнайы препараттармен де емдеу курстары белгіленеді. 

Сондай-ақ оқыңыз