Павлодар тұрғындарына мерзімі өткен екпе салынған

Жарияланды
мерзімі өткен екпе
Медициналық мекемелерге 135 мерзімі өткен екпе дозасы жіберілген / Фото: kursiv.media

Павлодар облысының тұрғындарына мерзімі өткен екпе салынған. Бұл жайлы Павлодар облысының прокуратурасы хабарлады.

Мұндай заң бұзушылықтарды Павлодар облысының прокуратурасы медициналық ұйымдарды егу науқанын жүргізу заңдылығына тексеру кезінде анықтаған.

«Павлодар емханаларының біріне «Пентаксимнің» 135 дозасы препараттың қолданылу мерзімі аяқталған күні берілді»,– делінген баспасөз хабарламасында.

Прокуратураның хабарлауынша, тексеру барысында 21 млн теңгеден астам сомаға 9,5 мыңнан астам вакцинаны ұтымсыз пайдалану фактілері белгілі болған.  Атап айтқанда, Денсаулық сақтау басқармасының орталықтандырылған сақтау қоймасынан дәрі-дәрмектер медициналық мекемелерге мерзімі өтіп кеткен соң жіберілген.

Сондай мерзімі өткен препаратпен 2 бала вакциналанған. Ал екі кәмелетке толмаған балаға қызылшаға қарсы жалған вакцина салынған. Облыс прокуратурасы жарамсыз препараттарды жою туралы шешім шығарған. Ал кінәлі адамдар жауапқа тартылған.

Еске сала кетсек, 2 ақпан күні Техникалық реттеу және метрология комитеті 104 медициналық мекеме адам емдеуде тексерілмеген құрылғыларды пайдаланып келгені туралы хабарлады. Комитет емханалар, госпитальдар, әскери госпитальдар мен лазареттердің қызметін тексерген. Нәтижесінде олқылықтар анықталған мекемелерге жалпы құны 73 539 750 теңгені құрайтын айыппұл салынған.

2023 жылы Комитет пен оның аумақтық департаменттері медициналық мекемелерге 671 тексеру жүргізген. Тексеру барысында медициналық мекемелерде 6 мыңнан астам тексерілмеген бақылау-өлшеу құралдары пайдаланылғаны анықталған. Оның ішінде қан қысымын өлшейтін құрылғылар, жасанды тыныс алу аппараттары бар. Сонымен бірге дефибрилляторлар, нәрестелерге арналған инкубаторлар сынды адам өмірін сақтап қалуда маңызды саналатын құрал-жабдықтар бар.

«Медицинада өлшеу құралдарының уақтылы тексерілмеуі өлшеу нәтижелерінің дұрыс болмауына әкеп соқтырады, бұл сайып келгенде қате диагноздарға алып келеді және адамдардың денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төндіреді»,– деп атап өтті Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Өткен жылдың сәуір айында Тоқаев Медициналық сақтандыру қорының аймақтық филиалдарының қызметіне аудит жүргізуді тапсырған болатын.

Мемлекет басшысы ақпараттандырудың төмен деңгейі медицина қызметкерлеріне жүктеменің айтарлықтай артуына әкелгенін, медициналық сақтандыру қорының өңірлік комиссияларының қызметінің ашық еместігін, бұл денсаулық сақтау шығындарының өсуіне әкелетінін айтты. Медициналық көмекті бақылаусыз тұтыну салдарынан қымбат тұратын диагностикалық қызметтердің саны 11 есеге өскенін атап өтті. Медициналық құрал-жабдықтардың өз бағасынан әлдеқайда қымбат шығатын жағдайлар аз еместігін айтқан. Президент медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалдарының қызметіне аудит жүргізуді үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп жүзеге асыруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз