Президент құрылыс кодексін қайта қарап, саладағы сыбайлас жемқорлыққа цифрлық теңге арқылы тосқауыл қоюды ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің құрылыс кодексін қайта қарап, саладағы сыбайлас жемқорлыққа цифрлық теңге арқылы тосқауыл қоюды ұсынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкімет және Ұлттық банкпен бірлесіп, оны құрылыс саласына енгізуді тапсырды.
Мемлекет басшысы қазіргі кезде құрылыс саласының тиімсіз басқарылуы өте өзекті мәселе болып тұрғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, жобалардың құнын сметалық есептер арқылы анықтау әдістемесі әлемдік стандарттарға сай емес.
«Өздеріңізге мәлім, мен осыдан бір жарым жыл бұрын әлемдегі озық тәжірибеге сай келетін Қала құрылысы туралы кодекс әзірлеуді тапсырдым. Бірақ менің атыма бірқатар сарапшылар мен кәсіпкерлерден өтініштер келіп жатыр. Олардың айтып жатқан шағымдары мынадай: қазіргі Кодекстің жобасы қойылған талапқа сай келмейді, бұрыннан бар нормалар ұсынылған, жаңа тәсілдер мен шешімдер жоқ. Сондықтан Кодекстің жобасын қайтадан мұқият қарап, жетілдіру қажет», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, инвесторлар уақытын, қаражатын және жұмысқа деген құлшынысын жоғалтып, ақыры құрылысқа рұқсат беретін құжаттар көп талап етілмейтін елдерге кетіп қалады. Президент Үкіметке халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, инвесторлар үшін жобалық-сметалық құжаттарды бекіту тәртібін барынша жеңілдетуді тапсырды.
«Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек»,– деп тұжырымдады Мемлекет басшысы.
Тоқаев бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына, мүлік иелерінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер барына назар аударды.
«Азаматтар үнемі шағымданып жатады. Алайда құзырлы органдар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр. Үкімет бұл мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы керек», – деді ол.
Мемлекет басшысы құрылыс саласын жемқорлық жайлағанын, оған қарсы күресте цифрландыруды белсенді түрде қолдану керегін айтты.
«Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. … Бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырамын», – деді Президент.
Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр кулуарда құрылыс саласын цифрландыру қазірдің өзінде қолға алынғанын айтты.
«Құрылыс саласы – өте үлкен сала. Онда 600 мыңнан аса адам қызмет етеді. Еліміздің ЖІӨ-сінің 5,5 пайызын қамтамасыз етеді. Сондықтан оған көңіл бөлінетіні, жемқорлар анықталатыны анық», – деді ол.
2023 жылдың сәуірінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі м.а. Марат Қарабаев елімізде Құрылыс кодексі әзірленетінін мәлімдеген еді.
Марат Қарабаевтың дерегінше, Кұрылыс кодексі 4 заңды біріктіреді. Олар; «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы». Сонымен қатар, «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы», «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы». 8 кодекске: «Жер», «Кәсіпкерлік», «Әкімшілік құрылыс туралы» «Экологиялық», «Су», «Орман», «Салық», «Азаматтық» өзгеріс енгізілмек.
Мәжіліс депутаты Альберт Рау қалаларда құрылыс салуда теңгерім жоқ екенін айтқан.