Fox, Warner Bros. және Disney-дің еншілес ұйымы спорттық стримингтік платформа ашады
Walt Disney Co. компаниясына тиесілі ESPN пен Fox Corp., Warner Bros. Discovery жаңа спорттық стримингтік платформаның негізгі шарттарын талқылап, келісімге келді.
Әр серіктес осы бірлескен кәсіпорынның үштен бір бөлігіне ие болады.
Платформа 2024 жылдың күзіне іске қосылады деп жоспарланған. Алайда оның нақты атауы әлі белгісіз. Ол бірқатар дәстүрлі телеарналарды, соның ішінде ESPN, ABC, Fox, TNT, сондай-ақ ESPN+ стримингтік қызметін біріктіреді. Бұған қоса, оған Disney+, Hulu және Max қызметтерімен пакетте жазылу мүмкін болады деп күтілуде.
Жаңа арна мыңдаған спорттық іс-шараларды қамтиды. Соның ішінде Американың Ұлттық футбол лигасы (NFL), Ұлттық баскетбол қауымдастығы (NBA), Бейсболдың негізгі лигасы (MLB) және Ұлттық хоккей лигасы (NHL) ойындары, сонымен қатар классикалық футбол, теннис, гольф және Ultimate Fighting Championship (UFC) турнирлері аясындағы аралас жекпе-жек бар.
Баға саясаты кейінірек жарияланады.
MarketWatch сарапшылары жаңа бірлескен кәсіпорынды ABC, Fox және NBCUniversal компанияларына тиесілі болған Hulu платформасымен салыстырып отыр.
Еске сала кетсек, былтыр Disney пандемия басталғаннан кейін тоқтатылған дивидендтерді төлейді деп жазған едік.
Walt Disney Co. 2020 жылы коронавирустық пандемия басталғаннан кейін тоқтатылған дивидендтерді төлеуге қайта оралуды жоспарлап отыр.
Компанияның баспасөз хабарламасында айтылғандай, компания бір акцияға 30 центтен тоқсандық дивиденд төлейді. Дивидендтер 10 қаңтарда төленеді. Акционерлер тізілімі 11 желтоқсанда жабылады.
Disney соңғы рет 2020 жылдың қаңтарында 88 цент дивиденд төледі.
Disney акциялары бейсенбіде қосымша сауда-саттықта 0,4%-ға қымбаттады. Жыл басынан бері компанияның капиталдандыруы 169,3 млрд долларға дейін, яғни 6,7%-ға, ал S&P 500 индексі осы кезеңде 18,5%-ға өсті.