Бүкіл Қазақстан бойынша дабыл қағылады

Жарияланды (жаңартылды )
Бүкіл Қазақстан бойынша дабыл қағылады/Фото:кursiv.media

8 ақпанда Астана уақытымен 12:55-те бүкіл Қазақстан бойынша «Баршаның назарына!» дабылы қағылады. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдай министрлігі хабарлады.

««Баршаның назарына!» дабылы бойынша аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында 2024 жылғы 8 ақпанда, сағат 12.55-де (Астана уақыты бойынша) барлық дыбыстық электр дабылы қосылатын болады. Тыныштық сақтауларыңызды және үрейге бой алдырмауларыңызды сұраймыз», –делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылғы 8-9 ақпанда Қазақстан бойынша «Су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбы бойынша «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.

Оқу үйлестіру және жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Ақтөбеде орналасады. Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн бойы барлық өңірде профилактикалық іс-шаралар кешені өткізіледі.

Айта кетейік, Антикор сейсмикалық қауіпті өңірлерде дабыл қағу жүйесіне жұмсалатын шығындардың негізділігін зерделеуге кірісті. Антикор Төрағасы Асхат Жұмағали құрылымдық және аумақтық департаменттің басшыларымен жедел кеңес өткізді.

«Президент Алматы қаласындағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес барысында Бас прокуратурамен бірлесіп бюджет қаражатының қайда жұмсалғанын анықтауды тапсырды», – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Алматыдағы жер сілкінісінен кейін құны 1,1 млрд теңге болатын дабыл жүйесіне қатысты тергеу басталды деп хабарладық.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматыда жер сілікінісі кезінде дабыл қағылмауын дұрыс шешім деп бағалады.

Президент халықтың да төтенше жағдайлар департаментінің де дайын болмағанын айтты. Тұрғындарда «төтенше жағдайға қажетті чемоданның» болмағанын айтты.

«Ашығын айту керек, Алматыда болған төтенше жағдай кезінде тиісті органдар шұғыл әрекет етуге толық дайын болған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін білмей, абдырап қалды. Дегенмен бұл жиынның басты мақсаты – сын айту емес, нақты шешімдер қабылдау. Мысалы, жұрттың көпшілігінде «төтенше жағдайға қажетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиісті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Бұрын Алматыда осындай тәжірибе болған. Соны қайта жаңғырту қажет. Себебі қазір азаматтарды төтенше жағдайға дайындау жүйесі талапқа сай емес. Құзырлы органдар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейі төмен. Бұл сейсмикалық мониторинг желісіне қатысты. Сондай-ақ құтқарушыларды заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен және арнаулы киімдермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты. Төтенше жағдайларға қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде дайын болуды тапсырды.

Сонымен қатар Алматыдағы жер сілкінісінен кейін Төтенше жағдайды хабарлау тәсілі өзгереді.

Сондай-ақ оқыңыз