Тоқаев Макронға тазы күшіктерін сыйлады

Жарияланды (жаңартылды )
Тоқаев Макронға тазы күшіктерін сыйлады/Фото:https://t.me/bort_01/91

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронға сыйлаған екі қазақы тазының күшігі Парижге жеткізілді. Тазы күшіктеріне Жюль және Жанна деген есім берілді.

Борт №1 телеграмма-каналының мәліметінше, Франция президенті Эммануэль Макронға өткен жылғы Қазақстанға сапары кезінде қазақы тазының тұқымы ерекше ұнаған болатын. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев франциялық әріптесі Макронға тазы сыйлауға уәде берген.

Фото:https://t.me/bort_01/91

«Кейін Парижге қазақы тазының бес айлық екі күшігі жеткізілді. Қос тазыны француз ветеринарлары тексеріп, уақытша карантинге жіберді. Сондай-ақ Франция тарапына күшіктерді тамақтандыру және үйрету жөніндегі нұсқаулық берілді», – делінген хабарламада.

Тазы күшіктері Макронның Немо есімді қара лабрадорымен «дос» болып үлгерген. Бұл итті ерлі-зайыпты Макрондар 2017 жылы жануарлар паналайтын жерден асырап алған.

Еске сала кетсек, өткен жылы қараша айында Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді. Екі ел іскерлік келісімдерге қол қойды.

Айта кетсек, Франция мен Қазақстан бірлесіп, Жамбыл облысында 1,7 млрд долларға гибридті электр станциясын салады деп жазған едік.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан мен Франция арасындағы энергетикалық қауіпсіздік саласындағы ірі жобалар жүзеге асырылмақ.

Қазақстан Франциямен бірлесіп, елімізде жаңартылатын энергетика көздерін бірге дамытады. Сенат тиісті заңды мақұлдады.

Атап айтқанда, жасыл энергетикалық жобаларды ілгерілету, дамыту және Қазақстан Республикасының аумағында іске асыру. Экологиялық таза технологияларға көшу және шығарындыларды қысқарту жолымен жаһандық жылынуға қарсы күресте ынтымақтастықты жүзеге асыру көзделген.

Жамбыл облысында гибридті электр станциясын салу көзделген. Электр станциясы 2026-2027 жылдары іске қосылады.

«Бұл ірі жобаның техникалық ерекшеліктерін ескере отырып, жоба тараптары әзірлеуші ​​(инвестор) – француздық TotaL Eren компаниясы, қазақстандық акционерлік компаниялар – «Самұрық-Қазына» және «Қазмұнайгаз ҰК» АҚ арнайы компания құрып, «Мирный» жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр. Инвестор инвестиция бойынша шарттар мен келісімдерге сәйкес 25 жыл бойы жоба аясында электр энергиясын сақтау және теңгерімсіздіктерді жою механизмін жүзеге асыратын болады»,- деді сенатор Ольга Булавкина.

Сондай-ақ оқыңыз