Астанада алаяқтық жолмен жүздеген адамның 3 млрд теңгесін қолды еткен күдікті құрықталды
231 адамға 2,9 млрд теңге көлемінде залал келтірген күдікті Астана қаласында ұсталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Прокуратура ақпаратына сүйенсек, 6 ақпан күні Бас прокуратураның үйлестіруімен Астана қаласында аса ірі көлемде алаяқтық қылмысы бойынша күдікті М.К.Сүлейменов ұсталған.
Бұған дейін арнайы жасақ 30 қаңтар күні Қызылорда қаласында оның сыбайласы Р.Қ.Қаржауовты ұстаған.
«Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, К.Сүлейменов 2021-2022 жылдары адамдар тобымен азаматтарға жалған автокөлік несиесін рәсімдеген. Олардың алаяқтық әрекеттерінен 231 адамға 2,9 млрд теңге залал келтірілген», – делінген хабарламада.
Осыған дейін Сүлейменова 2022 жылдың мамыр айынан бері тергеуден бой тасалап, іздеуде болған. Қазіргі уақытта Сүлейменов Ақтау қаласына жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Оған тағылған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған», – делінген хабарламада.
2023 жылы қаңтар-қараша айларында елімізде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде «Алаяқтық» бабы бойынша 40,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6%-ға көп.
Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты: 19,9 мың жағдай, жылдық өсім — 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай), кредит беру саласында (53 жағдай), ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41 жағдай) және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.
««Алаяқтық» бабы бойынша ең көп қылмыстық құқық бұзушылықтар Алматыда тіркелді: 8,5 мың жағдай — бір жыл бұрынғыға қарағанда 9,4% – ға аз. Бұдан әрі Астана (6,5 мың жағдай, плюс 8,9%) және Қарағанды облысы (3,3 мың жағдай, плюс 24,9%).
Мұндай құқық бұзушылықтардың ең азы Ұлытауда (397 жағдай — өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп), Қызылорда (615 жағдай, минус 0,8%) және Жамбыл (806 жағдай, минус 2,3%) облыстарында тіркелді»-делінген хабарламада.
Биылғы жылдың он бір айының қорытындысы бойынша алаяқтық құқық бұзушылық жолымен келтірілген залалдың белгіленген мөлшері 96,5 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда құндық мәнде 4,2%-ға аз. Оның басым бөлігі мемлекетке келтірілген шығын болды: 54,2 млрд теңге. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 7,7 млрд теңге. Тағы 3,7 миллиард теңге заңды тұлғаларға, 38,5 миллиард теңге жеке тұлғаларға келтірілген залал.