Боранға байланысты Астана әуежайында 72 рейс ұша алмай қалды

Жарияланды
самолет
Метеожағдайдың нашарлауына байланысты Астана әуежайына ұшып келетін және қонуы тиіс 72 рейс тоқтады /Коллаж: kursiv.media

Боранға байланысты Астана әуежайында 72 рейс тоқтады. Бұл жайлы Астана әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана қаласы әуежайының әуеайлағында 19 м/с жылдамдықпен және екпіні 23 м/с дейін қатты жел соғып тұр. Мұндай ауа-райы ұшақтардың ұшуы мен қонуы кезінде қиындықтар туғызуы мүмкін, сондықтан әуекомпаниялар жолаушылар мен экипаждардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін рейстерді тоқтату немесе кешіктіру туралы шешімдер қабылдайды»,- делінген хабарламада.

Әуежай баспасөз қызметінің мәліметінше 8 ақпанға елорда әуежайында 72 рейс жоспарланған. Оның ішінде ұшатын 7 рейс, қонатын 8 рейс тоқтатылған. Сонымен қатар, ұшуы тиіс 6 рейс, ал ұшып келуі тиіс 12 рейс кешіктірілген. Бұл кідірістер мен тоқтатулар қолайсыз метеожағдайлармен және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен байланысты.

Жолаушылар өз рейстері туралы ақпаратты алу үшін тиісті әуекомпаниялармен байланысуы керек.

Ақ боранға байланысты «Эйр Астана» әуе компаниясының Алматы – Астана бағыты бойынша шыққан KC 851 рейсі бүгін Астана әужайына қона алмай, Алматыға қайта оралған. Бұл рейс тоқтатылды. Жолаушыларға билеттерді тегін қайта брондау немесе ақшаны қайтару ұсынылған.

«Қазгидромет»  болжамына сәйкес, Қазақстанның орталық өңірлерінде қарлы боран соғады. Осыған орай «Қазгидромет» бірталай өңірлерде дауылды ескерту жариялады.

Сонымен бірге ауа райының нашарлауына байланысты автожолдармен қатынау да қиындаған. Боранға байланысты «Қазавтожол» 12 облыста шектеулер енгізді.

Еске сала кетсек, бүгін Астаналағы боранға байланысты екінші ауысымда оқитын мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшірілді.

Кешегі күні Ақтөбе әуежайында ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстер тоқтап кейінге шегерілген болатын. Ақтөбе әуежайының әкімшілігі жолаушыларға ыңғайлы болу үшін сенім телефонын іске қосты. Барлық хабарлама жедел талданып, байланыс орталығының қызметкерлері жолаушыларға рейстің кешігуіне қатысты мәлімет береді.

Сондай-ақ оқыңыз