Банк болуға дайындалып жатқан KMF микроқаржы ұйымының жарғылық капиталы 50 млрд теңгеге жетті
KMF микроқаржы ұйымы (МҚҰ) жарғылық капиталын 14,4 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) хабарламасында жазылған. МҚҰ кеңейіп, банкке айналуды мақсат тұтып отыр.
KMF акционерлерінің 2024 жылғы 7 ақпандағы жиналысы нәтижесінде, ұйым жарғысына тиісті өзгерістер енгізілмек. 50 млрд теңге көлеміндегі жарғылық капитал «серіктестік қызметін жүзеге асыру үшін» жинақталатыны жазылған. Сондай-ақ компания құны 1 теңге болатын 50 миллиард қарапайым акцияларды шығарады. Бұл – KMF кейіннен акционерлік қоғамға айналады деген сөз.
2023 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, ұйымның жарғылық капиталы 14,4 млрд теңгені құрады. Қазақстан заңнамасына сәйкес, жаңадан құрылған банк үшін жарғылық және меншікті капиталдың ең төменгі мөлшері 10 млрд теңге болып белгіленген.
Микроқаржы ұйымының жарғылық капиталы 50,8 млрд теңгеге жететіні былтыр қарашада белгілі болды. Бұл сома бүкіл қатысушысы теңдей қосымша салым жасау арқылы қалыптасады.
Оған қоса, МҚҰ резерв капиталы таратылып, бөлінбеген пайда шотына аударылып, сосын ЖШС-нің бүкіл қатысушысы арасында бөлу туралы шешім қабылданды. 49 млрд теңге сомасындағы таза табыстан салық ұсталып, дивиденд төлеуге бағытталды. Серіктестік қатысушылары тізіліміне сәйкес, төлем 2023 жылдың 10 желтоқсанына дейін төленген.
Акционерлік қоғамға айналғанда, басқарма құрамы 5 адамнан тұрады. Басқарма мүшелері 3 жылға сайланса, басқарма төрағасының өкілеттік мерзімі – 1 жыл. МҚҰ-ның қазіргі басшысы Шалқар Жүсіпов басқарма төрағасы болады. Басқарма құрамында Альмира Әбенова, Күлсара Сапарбекова, Қарлығаш Райханова және Ольга Югай бар.
2023 жылғы жағдай бойынша, KMF активтері бойынша қазақстандық МҚҰ арасында бірінші орында тұр (260 млрд теңгеден астам). 2023 жылдың 30 қыркүйегіндегі мәліметке сүйенсек, KMF акциялары 55 акционерге: 5 заңды және 50 жеке тұлғаға тиесілі. 45 пайыз көлеміндегі негізі бөлігі «KMF-Демеу» корпоративті қорының иелігінде.
Тағы қандай МҚҰ банкке айналады?
KMF-пен қатар, Solva микроқаржы ұйымы да банктік лицензия алуға дайындалып жатыр. Қазіргі уақытта «Solva Bank» АҚ болып қайта құрылуда. Мұндай шешімді жалғыз акционері – IDF Eurasia холдингі қабылдаған.
Қазір Sоlvа Group бенефициарлары, компанияның негізін қалаушылар: Борис Батин мен Александр Дунаев. Сондай-ақ сингапурлық Rekemado Pte Ltd және Mutineers Pte Ltd компаниясы.
Былтыр ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда тағы 2 банк ашылуы мүмкін екенін айтқан еді. Олар екі микроқаржы ұйымының негізінде ашылатыны белгілі болды.
«Микроқаржы ұйымдарының екінші деңгейлі банктерге айналуын күтіп отырмыз. Екінші деңгейлі банктерге айналуға ниет білдірген екі ірі микроқаржы ұйымы бар: KMF пен Solva. Олардың портфелі бар, капиталдың жеткіліктілік деңгейі олардың банкке айналуына мүмкіндік береді», – деді Әбілқасымова.
Қазіргі кезде еліміздің қаржы нарығында 21 екінші деңгейлі банк бар.