Министр «Майқайыңалтын» кен орнындағы қайғылы оқиғаға қатысты тың деректермен бөлісті
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов «Майқайыңалтын» кен орыныда қайғылы
оқиғаға қатысты соңғы деректермен бөлісті.
Ведомство басшысы кен орнында анықталған заң бұзушылықтарға тоқталды.
«Өздеріңіз білетіндей 24 қаңтарда комиссия осы оқиғаға қатысты арнайы
тексеруді аяқтады. Сараптама қорытындылары мен куәгерлердің берген ақпараты
негізінде комиссия келесі себептерді анықтады. Атап айтқанда, «Майқайыңалтын»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жауапты тұлғалар тау-кен жұмыстарын
жүргізген кезде өндірістік бақылау талаптарын өз деңгейінде сақтамаған.
Блоктарды өңдеу процесі дұрыс қадағаланбаған. 9+0 горизонтынан жоғары және
төмен кен массасын өндіру кезінде тау-кен қондырғыларын өңдеу жобалары
болмаған», – деді министр.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, комиссия осы олқылықтарды жою және осыған
ұқсас апаттардың алдын алу шараларын әзірлеген.
«Сонымен қатар ауа райының нашарлауына, желдің жылдамдығы секундына 28
метрге жеткеніне қарамастан, іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өткім
келеді. Қазіргі таңда бүйірлік траншеяны тереңдету және кеңейту жұмыстары
тәулік бойы жүргізіл жатыр.
Бұған тоғыз техника мен он адам жұмылдырылған. Тек кешкі сегізден бүгін
таңға дейін 170 рет рейс жасалып, 5100 тонна топырақ шығарылған.
«Бұл іс-шаралар жалғасады, егер қосымша ақпарат алсақ міндетті түрде
хабарлаймыз», – деді ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, биыл 4 қаңтарда тереңдігі 200 метр, ені 500 метр бұрынғы
шахта орнына құтқарушылар автобусы құлап кеткен. Оның
ішінде үш құтқарушы және жүргізуші болды. Екі адамның денесі сол күні
автобустан бөлек анықталды. Тағы екі адамның денесі сол күйі табылмаған. Кейін
«Майқайыңалтын» шахтасының аумағында геосканерлеу жүргізілді.
6 қаңтарда «Майқайыңалтын» шахтасындағы іздестіру-құтқару жұмысына 134
адам мен 37 бірлік техника жетті. 3 кинологиялық есепке қосымша 2 дрон жұмылдырылған.
9 қаңтарда ТЖМ басшылығы «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы
қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.
3 ақпанда Төтенше жағдайлар министрлігі автобус құлаған жер опырылуы мүмкін,
сондықтан іздеуге қатысқан мамандардың өміріне қауіп төндіреді деп хабарлаған.
«GRP Ridder grupp» компаниясы автобус құлаған аумақты зерттеу кезінде
объектінің орналасқан жерінде құлау ықтималдығы жоғары деген қорытындыға
келген.
«Майқайыңалтын» АҚ аумағында опырылу орнының барлық периметрі бойынша
жарықтар пайда болды. Бұл – өте қауіпті»,– делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.
Бір күннен кейін ведомство іздеу-құтқару жұмысын тоқтатты. Ал 5 ақпан Төтенше
жағдайлар министрлігі «денелері табылмаған адамдарды әрі қарай іздестіру керек
пе?» деген мәселені арнаулы комиссия қарайтынын жеткізді. Кейін іздестіру
жұмыстары жалғасты.