«Бәйтерек» ұлттық холдингінің төрағасы тағайындалды

Жарияланды (жаңартылды )
«Бәйтерек» ұлттық холдингінің төрағасы тағайындалды/Фото:Ұлттық экономика министрлігі

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшиннің ұлы Рүстем Қарағойшин «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің төрағасы болып тағайындалды.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен Рүстем Қарағойшин «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ төрағасы болып сайланды», – деп хабарлады холдингтің баспасөз қызметі.

Бұған дейін ұлттық холдингті Нұрлан Байбазаров басқарды. Ол 6 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды.

2019-2021 жылдар аралығында Рүстем Қарағойшин «Бәйтерек ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2023 жылы Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарына қосылды.

Өмірбаяны

Рүстем Қарағойшин 2004 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдады. 2008 жылы бизнесті басқару магистрі бағдарламасы бойынша Халықаралық бизнес академиясын аяқтады.
Еңбек жолын 2004 жылы менеджер болып бастады. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрылымына кіретін «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-да бас менеджер, жобаларды талдау бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді. Кейін «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның еншілесі «ҚДБ-Лизинг» АҚ-ға ауысты.

2007 жылы «ҚДБ-Лизинг» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі болып тағайындалды. 2011 жылы Рetroleum Operating ЖШС мұнай және мұнай өнімдерінің маркетингі департаментінің сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің бастығы болды.
2012 жылы Credit Systems ЖШС-да басқарма төрағасы лауазымын атқарды. 2013 жылы «Сбербанк Лизинг» ЖШС бас директорының орынбасары, кейін бас директоры болды. 2015 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2019-2021 жылдар аралығында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, оның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі және «Қазақстан Даму банкі» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарды. Кейін «Қазақстан астық консорциумы» ЖШС-ны басқарды.

Рүстем Қарағойшин – Ushtobe Et ЖШС-ның иесі. QZQ Development, KTK Group ЖШС және Kazakh Agro Production жеке компаниясы иелерінің бірі.

Айта кетейік, Рүстем Қарағойшиннің әкесі Тимур Қарағойшин Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі. Ол бұл лауазымға 2023 жылғы 7 тамызда үкімет қаулысымен тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз