Орман шаруашылықтары Starlink интернет интернет байланысына қосыла ма – Цифрлық министрлік өкілі жауап берді

Жарияланды
орман шарушылықтарын
Цифрлық министрлік өкілі орман шаруашылықтары Starlink спутниктік интернет байланысымен қамту мүмкін екенін айтты / Фото: ТЖМ

Мәжілісте өткен «Орман өрттерінің алдын алу және олармен күрес» тақырыбындағы Үкімет сағатында орман шаруашылықтарын интернетпен қамту мәселесі талқыланды.

Депутат Ерлан Саиров орман шаурашылықтарында интернеттің жоқтығын айтты. Егер шаруашылықтар интернетпен қамтылған болса, Абай облысында болған өртте қаза болған азаматтарды құтқару мүмкіндігі жоғары болатын еді деп атап өтті.

«Абай облысында өрт болған кезде сол жердегі орманшыларда телефон байланысы болмаған. Біз Абай облысында болдық. Орманшылардың айтуынша, егер оларда байланыс болғанда, құтқару мүмкін екенін айтты. Егер интернет болған жағдайда қайғылы оқиға болмас па еді. Цифрлық министрлік бүгінгі таңда орман шаруашылықтарын интернетпен және ұялы байланыспен қамту үшін нақты қандай шаралар қолданып жатыр?», – деп сұрады депутат.

Цифрлық министрлік өкілі жалпы ормандарды интернетпен және ұялы байланыспен қамту мүмкін еместігін, бірақ 2000 ауыл мектептерін спутниктік интернетпен қамту шаралары жүргізіліп жатқанын, дәл осындай тәсілмен орман шаруашылықтарын да интернетке қосу мәселесін қарастыруға болатынын жеткізді.

«Апаттық жағдайда ең маңызды байланыс түрі ол мекемелік арнайы радиобайланыс. Ал мобильді байланыс маңыздылығы жағынан екінші орында тұр. Өйткені мобильді интернет азаматтарға арналған. Ал құтқарушылар көбінде рация пайдаланады. Сондықтан радиобайланысты дамыту өте маңызды. Ал азаматтарға арналған мобильді байланысқа келер болсақ, орман шаруашылықтары мен сол маңда тұратын адамдарды интернетпен қамтуды «Қолжетімді интернет» Ұлттық жоба аясында жүзеге асырамыз. 2027 жылдың соңына қарай еліміздің барлық азаматтында мобильді байланыс пен интернет болады. Орман шаруашылықтары елдімекендерден шалғайда орналасқаны себепті оларды тек спутниктік технологиялар арқылы қосуға болады. Біз қазір 2000 мектепті спутниктік интернетпен қамтудың пилоттық добасын жүргізіп жатырмыз. Біз алдағы уақытта осы шаралармен шалғада орналасқан орман шаруашылықтарын да қамтуға дайынбыз», – деді министрлік өкілі.

Сонымен бірге апатты жағдайда операторларды жылжымалы мобильді станциялармен қамтуды міндеттейтін норма қарастырылып жатқаны айтылды. Оған сәйкес әр оператор төтенше жағдайда жылжымалы мобильді станцияларды апат болған жерлерге орналастыруға тиіс. Солайша апат кезінде құтқарушылар интернетпен және ұялы байланыспен қамтылады.

Экология министрі Ерлан Нысанбаев өз кезегінде орман шаруашылықтарында ұялы байланыстың жоқ екенін растады. Ол жерлердің экономикалық тұрғыда байланыспен қамту тиімсіз болғаны себепті байланысқа қосыла алмай отырғанын айтты.

«Расында, орман шаруашылықтарына жиналыс өткізуге барғанда оған көзіміз жетті. Бірақ ұялы байланыс экономикалық тиімділігіне, яғни кісі мен үй санына байланысты қойылатындықтан, бұл мәселені көтермеген едік. Дегенмен цифрлық министрлікпен бірігіп бұл мәселенің шешімін табуға тырысамыз», – деді.

Абай облысындағы өрт

Еске сала кетсек, 8 маусымда «Семей орманы» резерватындағы Батпаев орман шаруашылығының аумағында орман өртене бастады. Өрт ауқымы кеңейіп, елдімекендерге қауіп төне бастаған соң, жақын маңдағы аудандардың тұрғындары эвакуацияланды.

Бастапқыда үш гектарға да жетпейтін жер болса, кейін өрт аумағы күрт ұлғайып, жүз гектарға жетті. Өрт адам шығынына әкеліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл сапармен Абай облысына келді.

9 маусымда Семейде табиғи сипаттағы жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді. 10 маусым күні таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильинді қызметінен босатты.

«Семей орманы» резерватында болған ірі орман өртін жою кезінде Новошульба филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзілді. Кейін барлығының да қаза тапқаны белгілі болды. Бірнеше күн өткен соң өрт сөндіруге жалғыз кеткен тракторшының өлі денесі табылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бас прокуратурада Абай ауданындағы ірі өрт фактісі бойынша екі қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында министрлер мен әкімдерден өз шеңберінде жауап алатыны хабарланды.

ТЖМ баспасөз қызметі 14 маусым күні кешке 60 мың гектар алқапты жайпаған алапат өрттің оқшауланғанын хабарлады

Сондай-ақ оқыңыз