2022 жылы келген 400 мың ресейліктің 80 мыңы Қазақстанда қалған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
2022 жылы келген 400 мың ресейліктің 80 мыңы Қазақстанда қалған / коллаж kursiv.media

Қазақстанға 2022 жылы келген 400 мың ресейліктің 80 мыңнан астамы Қазақстанда қалған. Бұл туралы Ресей Федерациясының Алматыдағы консулы Дмитрий Тураев айтты.

ТАСС агенттігіне берген сұхбатында консул ресейліктердің Қазақстанда қалуына «белгілі бір қиындықтар бар екенін» айтты. Оның ішінде бірқатар жұмыс берушілердің қазақ тілін білуге деген талабы, көші-қон режимін қатаңдатуы мен жылжымайтын мүлік бағасының өсуін атады.

«Қазақстан Республикасы құзыретті органдарының бағалау деректері бойынша, Ресейде мобилизация басталғаннан кейін Қазақстанға 400 мыңға жуық ресейлік келді. Олардың ішінде 2023 жылдың желтоқсан айында елде 80 мыңнан астам азамат қалды»,— деп нақтылады консул.

Екі жыл бұрын 21 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Ресей Федерациясының 281 548 азаматы Қазақстанға кірген. Дәл осы кезеңде келген ресейліктің 134 04-і елден кеткен. Қазіргі кезде Қазақстанда Ресей Федерациясының 147 501 азаматы қалған. «Курсивке» бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.

ҰҚК органдары түрлі заңды себептермен Қазақстанға кіруге рұқсат етілмеген шетелдіктердің статистикасын жүргізбейтінін атап өтті.

Айта кетейік, 4 қазан күні Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 21 қыркүйектен бері Қазақстан шекарасын 200 мыңнан астам ресейлік кесіп өтті деген еді.

Қазақстандықтардың Ресейге көшуі

2023 жылы 11,7 мың қазақстандық тұрақты тұратын жері ретінде Ресейге көшіп кеткен. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 40% – ға аз (7,7 мың адам) болған. Биыл бұл көрсеткіш 24 жыл ішінде ең төменгі деңгейді көрсетіп тұр.

Қазақстандықтардың көшу көрсеткішінің азаюы Ресейдің 20 аймағында байқалды. Бұл ретте жалпы динамикаға қатты әсер еткен алты аймақ болды. 

Ресейге тұрақты тұруға көшкендер саны азайып бара жатқанда, елімізге келушілер саны артты. 2023 жылы елімізге 11,7 мың адам көшіп келді. Бұл бір жыл бұрынғыдан екі есе көп. Қоныс аударушылардың көбі Алматы мен Астанаға қоныстанды.

Еске сала кетейік, атажұртқа оралған азаматтарға «Қандас» мәртебесін беру тәртібі жеңілдейді. Олардың өтінімдері Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады.

Бұл елімізге кіру, жұмыс орны, тұрғын үй беру мәселелердің жылдам шешілуіне септеседі. Сонымен бірге шетелдегі этникалық қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік алады. 

2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген. Соғыс басталғаннан кейін оған қарсы Ресей азаматтары өзге елдерге көше бастады. Қазақстанға ең көп ресейлік 2022 қыркүйекте Ресейде жаппай мобилизация басталған кезде көшіп келген.

Сондай-ақ оқыңыз