Қазақстан экономикасын 6%-ға көтеруге болады – Ұлттық экономика министрі

Жарияланды
Нұрлан Байбазаров
Нұрлан Байбазаров экономиканың негізгі драйверлерін атады / Фото: kursiv.media

Қаңтар айында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ды құраған. Ал жалпы ел экономикасын 6%-ға жеткізуге болады. Бұл жайлы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты. Министр ел экономикасын өсірудің негізгі драйверлерін атады.

«Қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ды құрады. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%, ал қызмет көрсету саласы – 3,5%-ға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсу көрсеткішін құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6%-ды құрады. Инвестициялар ағыны білім беруде – 3,6 есеге, қаржы және сақтандыру қызметінде – 3 есеге, көлік және қоймалауда – 2,1 есеге, құрылыста – 2 есеге, ақпарат және байланыста – 20,9%-ға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде – 15,8%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғары өсу Жетісу, Ұлытау, Жамбыл және Алматы облыстарында байқалды»,- деді министр.

Байбазаров өңдеу өнеркәсібінде өсудің оң көрсеткіші сақталып отырғанын, өндіріс көлемі 6,9%-ға өскенін атап өтті. Айтуынша көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелген. Соның ішінде ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында тіркелген.

Ұлттық экономика министрінің баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов алғашқы айдың экономикалық көрсеткіштеріне көңілі толмайтынын жеткізді.

«Алғашқы ай төмен көрсеткіштермен басталып отыр. Мұны мойындау керек. Ал біздің алдымызда экономиканы кем дегенде 6 пайызға өсіру міндеті тұр. Сол бағытта қандай қосымша шаралар қабылданады?»,  – деп сұрады.

Өз кезегінде министр бұл межеге жетуге болатынын айтты. Бұл орайда ауыл шарушылығы, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс және көлік саласы экономиканың негізгі драйверлеріне айналады.

«Біз биылғы жылы экономиканың өсуін 6% деңгейінде қамтамасыз ету әлеуетін талдадық. Экономика секторларында анықталған резервтерді ескере отырып, мақсатқа қол жеткізуге болады. Жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосымша үлес қоса алатын негізгі резервтер өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста, көлік қызметтерінде және ауыл шаруашылығында бар», – деді Байбазаров.

Экономиканың негізгі драйверлері

Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсіп қарқынын 2024 жылы жоспарланған жаңа  жобаны уақтылы енгізу есебінен өсіруге болады. Ал құрылыста – әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, автомобиль жолдары мен теміржол желілерін белсенді салу, инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту есебінен оң нәтиже шығару мүмкіндігі бар. Бұл орайда жаңа «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасының іске қосылуы оң әсер етпек.

Сонымен бірге көлік қызметтерінің өсуіне көлік жолдарын дамыту, Орта дәліз бойынша жеткізілімдерді ұлғайту, транзитті ұлғайту сеп болмақ. Сондай-ақ жаңа терминалдық қуаттарды жүктеу сынды шараларды жүзеге асыру арқылы жетуге болады. Ал ауыл шаруашылығында өткен жылғы төмен базаның әсерін ескере отырып, жоғары өсім болады деп күтілуде.

«Мұның бәрі жалпы ішкі өнімнің қосымша нақты өсуін қамтамасыз етуі керек. Салалық мемлекеттік органдар барлық қолда бар резервтерді ескере отырып, көрсетілген бағыттар бойынша жұмыс жүргізуі қажет. Экономиканың өсуін бөлінген бюджет қаражаттарының, әсіресе, инвестициялық бағдарламаларға бөлінген қаражаттардың уақтылы игерілуі де қамтамасыз етеді. Экономиканың өсуін ынталандыру мәселесін Министрлік ерекше бақылауға алатын болады», – деді министр.

Сонымен-ақ министр жақсы көрсеткіштерге жетуде негізгі капиталға инвестициялар 22 трлн теңгеден кем болмауы керегін айтты. Сондай-ақ шетелден келетін тікелей инвестициялар көлемін 25 млрд доллардан түсірмеу маңызды екеніне тоқталды.

«Егер осы айтылған салаларда ойдағыдай жұмыс істейтін болсақ, 6 пайыздық межеге жететінімізге сенімдімін», – деді.

Еске сала кетсек, бұрынғы министр Әлібек Қуантыров алдағы 5 жылда Қазақстан экономикасы 6%-ға өсіп, инфляция 5%-ға төмендейтінін айтқан болатын. Қуантыров салалық экономиканың өсу қарқынына жеке-жеке тоқталған. Министрдің айтуынша, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024-2028 жылдары 4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібі орта есеппен 4,9 пайызға көтеріліп, тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан да озып кетуі мүмкін екенін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз