Қосылған құн салығы көтерілмейді – Олжас Бектенов

Жарияланды
қосылған құн салығы
Қосылған құн салығы көтерілмейді/ Фото: Үкімет

Қосылған құн салығы (ҚҚС) көтерілмейді, сондықтан үкімет бюджет кірісінің басқа көзін іздеуі керек. Бұл жайлы Үкімет отырысында Олжас Бектенов айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірістерінің басқа көздерін табуымыз керек», – деді Бектеков.

Бұл орайда үкімет басшысы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Әсіресе, Қаржы министрлігінің тарапынан кеткен қателіктерге тоқталып өтті. Жалпы экономикаға теріс әсер етуі мүмкін тәжірибелер қайталанбауы керек екенін айтты.

«Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы былтыр Қаржы министрлігі бизнеске 600 млрд теңгеге жуық қосымша құн салығын қайтармағанын атап өтті. Сонымен қатар шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін бюджетке 2024-ші жылғы төлемдермен аванс берілген. Бұл дұрыс жоспарламаудың салдарынан орын алған, 2023-ші жылы түсуге тиіс болған кірістер жоспары асыра бағаланды. Мұндай тәжірибе қайталанбауға тиіс», – деді.

Сонымен бірге премьер-министр ең кемі 6% деңгейінде тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету Үкіметтің биылғы жылға және орта мерзімді кезеңге арналған басым міндеті болып қала беретінін айтты. Ол межеге қол жеткізу үшін Ұлттық экономика министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде осы жылы 6% деңгейінде экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырды. Сондай-ақ жоспарда қаржылай қамтамасыз етілген нақты әрі тиімді іс-шаралар көрініс табуы тиіс екенін нақтылады.

Одан басқа салаларға да нақты тапсырмалар берілді. Биылғы қаңтар айында негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 0,6%-ға өскенін. Үкімет басшысы мұндай төмен көрсеткіштер уәкілетті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сапасыз жұмысының нәтижесі екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына 2029-шы жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға дейін, яғни 2 есе ұлғайту туралы ауқымды міндет қойды. Бұл ретте осы кезеңде кем дегенде 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартуымыз қажет. Үкімет нәтижелі жұмыс істеп, экономиканың барлық саласын тиімді үйлестіруі керек», – деді.

Үкімет басшысы бизнеске дұрыс қолдау, орта бизнесті ынталандыру және бағаларды ұстап тұру мәселесін де қозғады. Инфляцияның өсіп кетпеуін қамтамасыз ету басты міндеттің бірі екені айтты.

«Бағаның өсуін тежеу Үкімет үшін басым міндет болып қала береді. Биыл біздің алдымызда инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру міндеті тұр. Орталық және жергілікті атқарушы органдар инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындау үшін барлық қажетті шешімді қабылдауға, оның ішінде барлық жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіс», – деді.

Үкімет басшысы орынбасарлары жетекшілік ететін салалар бойынша нақты үйлестіру мен бақылауды ұйымдастыруды тапсырды. Қойылған мақсаттарға әрбір министр мен өңір әкімі тікелей жауапты болатынын баса айтты.

Еске сала кетсек, үкімет мұның алдында қосылған құн салығын 16%-ға дейін көтеруді жоспарлаған. Сол кездегі Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ҚҚС өсіру барысында инфляцияға айтарлықтай қысым болмайтынын айтқан.

Экс-министр 17 қазанда Сенатта өткен Үкімет сағатында жалпы жаңа салық кодексінің тәуекелдері бар екенін, соның бірі инфляциялық қысым екенін атап өткен болатын.

«Бірнеше тәуекел бар. Бірақ ол тәуекелдер төмен. Соның бірі – инфляциялық қысым. Біздің есептеуіміз бойынша, тек бір жылда 1%-дық тармаққа дейін инфляция қысымы болады«, – деді.

Сондай-ақ оқыңыз