Қар көшкіні: Алматы тауларында блок бекеттер қойылды
Алматы тауларында қар көшкіні қаупі сақталады. Қарқынды жауын-шашынның түсуіне байланысты «Қазгидромет» РМК-ның Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндері бойынша көшкін қаупі бары туралы ескерту жасады. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
13-14 ақпан аралығында «Алматы қаласы–Космостанция» автожолындағы «Аюсай» бөгетінен жоғары және «Шымбұлақ — Мыңжылқы бөгеті» автожолындағы «Эдельвейс» көшкін жинау ауданында автокөліктердің, халықтың және демалушылардың кіруін шектейтін блок бекеттер қойылды.
«Алдағы күндері тауға шығудан бас тартуды және таулардың қарлы беткейлеріне шықпауды сұраймыз», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Айта кетейік, Алматы облысында Асы обсерваториясының жанында қар көшкіні түсті деп хабарладық.
Қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты таулардың баурайында жалпы көлемі 52,5 текше метр қар көшкіні өздігінен түсті», – делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, қар көшкіні облыстық маңызы бар «Түрген ауылы – Батан» автожолын бөгеген. Автожолды тазарту жұмыстарын «Қазселденқорғау» күштері жүргізуде. Түрген өзенінің арнасы бойынша су кедергісіз өтуде. Зардап шеккендер мен қираулар жоқ.
Сондай-ақ 8 ақпан сағат 2:20 шамасында Алматының Медеу ауданындағы Тау-самалы ықшам ауданында көшкін жүрді. Лай топырақ жеке меншік екі үйді басып қалған. Төтенше жағдайлар қызметі бір үй толық, екінші үй жартылай топырақ астында қалғанын хабарлаған. Кейін лай көшкіні орнынан ер адамның денесі табылды. Ол ғимараттың қирауы салдарынан қайтыс болған.
Ақпаратқа сәйкес, екі үйде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.
Төтенше жағдай министрлігінің ақпаратына сүйенсек, суық сумен жабдықтау құбырының жарылуы салдарынан топырақ ылғалданып, кейін көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жер үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.
Айта кетейік, оқыс оқиға салдарынан Алматыда лай көшкіні астында қалған төрт адамның денесі табылды деп жазған едік.