Бір мезгілде 22 түрлі дәрімен емдеген: депутат жалған дәрігерлердің қызметін тексеруді сұрады

Жарияланды (жаңартылды )
жалған дәрігерлер
Депутат жалған дәрігерлердің жарнамасын қадағалап отыруды ұсынды /Фото: kursiv.media

Өткен жылдың соңында Алматыда екі жасар баланы күмәнді емхана дәрігерлері бір мезгілде 22 түрлі дәрімен емдеген. Салдарынан сәби қайтыс болған. Бұл жайлы Мәжілісте депутат Гүлдара Нұрымова айтты. Қазақстанда мұндай жағдайлардың көбейіп кеткенін айтқан депутат жалған дәрігерлердің жұмысын тексеруді талап етті.

«Балаға бір мезгілде 22 дәрі берілген. 7-уі көк тамырға тамшылатып құйылған. Ағзаның улануы нәтижесінде барлық өмірлік маңызды мүшелеріне зиян тиіп, бала қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде көз жұмды», – деді депутат.

Депутат бұл емханалардың күмәнді екеніне қарамастан, мұнддағы дәрігерлердің қабылдауы 200 мың тұратынын, олардың бір мезгілде 40 түрлі дәрімен емдейтінін атап өтті. Мұндай ауыртпалықты бала тұрмақ үлкен адамның ағзасы көтере бермейтінін айтқан Нұрымова мұндай емханалардың жұмысы тексерілуі керек деп санайды.

Депутат сонымен бірге елдегі косметологиялық салондарда денсаулыққа қауіпті операциялардың жүзеге асырылатынын, салдарынан талай адамның мүгедек болып қалу жағдайлары жиілеуі мүмкін екенін айтады.

«Мәселен Таразда алаяқ псевдохирургтер жеке салонында блефаропластика, липосакция сынды 9 заңсыз пластикалық ота жасаған. Нәтижесінде бет пен дене тіндерінің деформациясы, қабақтардың асимметриясы, іштегі спазматикалық ауырсыну, аяқ-қолдардың дисфункциясы және құлақ маңы қабықшаларының пішінінің өзгеруі түрінде қайта қалпына келмейтін зиян келтірілді», – дейді депутат.

Нұрымова сонымен бірге Қытайдан келген қандастардың да медициналық біліктілігінің жоқтығына қарамастан, медициналық кабинеттер ашып, адам емдеп жүргенін айтты. Олар адамдарды емдік шараларға балға және басқа да құрал-жабдықтар пайдаланып, құрамы белгісіз препараттармен емдеп жүр.

«Реттеуші органдар қайда қарап отыр: денсаулық сақтау басқармалары, медициналық және фармацевтикалық қызметтің сапасын бақылау комитеттері және құқық қорғау органдары бұл саланы неге тексермейді? Осы орайда әлеуметтік желілерде медициналық қызмет түрлерін жарнамалайтын контенттерді қадағалауды және заңсыз медициналық қызметті анықтау бойынша жұмысты күшейтуді сұраймыз», – деді Нұрымова.

Сондай-ақ оқыңыз