Жетібайда «West Oil Software» қызметкерлерінің ереуілі: Шығын шамамен 1 млрд теңгені құрады

Жарияланды (жаңартылды )
Жетібайда «West Oil Software» қызметкерлерінің ереуілі жалғасуда/Фото:kursiv.media

«West Oil Software» компаниясы қызметкерлерінің ұзақ мерзімді заңсыз ереуілі Қазақстан экономикасына зиян келтіреді, деп хабарлады компания баспасөз қызметі.

«ҚазМұнайГаз» АҚ деректері бойынша, 2024 жылғы 14 ақпандағы жағдай бойынша шығын 1 миллиард теңгені құрады.

«West Oil Software» компаниясының қызметкерлері бірқатар талаптар қойды. Бұл талаптар мыналарды қамтыды:

1) ҚМГ құрамына енгізу

2) ҚМГ еңбекақы төлеу жүйесімен теңестіру

3) материалдық-техникалық базаны жаңарту

«Бірінші және екінші талап бойынша ҚМГ ұстанымы өткен жылдың 15 наурызында «West Oil Software» қызметкерлерінің өкілдерімен өткен отырыста анықталды. Нәтижесінде үш жақты хаттамаға қол қойылды», – делінген»ҚазМұнайГаз» хабарламасында.

Техниканы жаңарту мәселесі бойынша, 2023 жылғы 14 қарашада ҚМГ еңбек арбитражының отырысында техника паркін жаңарту жөніндегі талаптарды орындау туралы хаттамаға қол қойылды. Онда 2024-2026 жылдар аралығында 202 бірлік техника жаңартылатын болады.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін инвестициялық тариф қолданылады.

2023 жылы 17 бірлік техника сатып алынды. 2024 жылы кемінде 70 бірлік техника жаңартылады. Бірінші партия 2024 жылдың ақпан айының соңында келеді. Сонымен қатар, 2023 жылы жаңа базаның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталды. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың екінші жартыжылдығында бастау жоспарланып отыр.

«2023 жылдың 11 желтоқсан айында «West Oil Software» жұмысшылары заңсыз ереуілге шықты. Жергілікті билік пен ҚМГ ереуілге шыққан жұмысшыларды келіссөздерге шақыруға тырысты. Бүгінгі таңда талаптардың заңсыз екенін түсінген 88 жұмысшы ереуілден бас тартып, жұмысқа кірісті», – деп хабарлады Ұлттық компания.

Компания Жетібайда West Oil Software-дегі ереуілдің салдарынан 1 млрд теңге шығынға ұшырағанын айтты. «ҚазМұнайГаз» жұмыс беруші еңбекақы және әлеуметтік төлем бойынша барлық міндетін орындап отырғанын, 2023 жылы West Oil Software жұмысшыларының ең төменгі жалақысы 380 мың теңге, жоғары жалақысы 890 мың теңге болғанын алға тартады.

«Ереуіл басталғаннан бері шығын 1 миллиард теңгеден асты. Сондықтан біз ереуілге қатысушыларды диалог арқылы мәселелерді шешуге, ол үшін заңсыз ереуілді тоқтатуға және жұмысқа қайта оралуға шақырамыз», – деп толықтырды «ҚазМұнайГаз»АҚ.

Ереуілдің басталуы

Еске сала кетер болсақ, Маңғыстау облысында West Oil Software компаниясының жұмысшылары 11 желтоқсаннан бері ереуіл өткізіп жатыр. Олардың басты талабы аталмыш компанияны «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының меншігіне қайтару.

Азаттық радиосының жазуынша, жұмысшылар үш талап қойған: West Oil компаниясын «ҚазМұнайГаздың» балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңарту.

Ереуілге қатысушылардың сөзінше, 6 күн ішінде 19 жұмысшы жұмыстан қуылған. Наразылыққа шамамен 500 адам қатысып жатыр.

Власть басылымына сұхбат берген ереуілге қатысушы азамат «ҚазМұнайГаз» 2024 жылы 70 техниканы жаңарту міндетін алғанын, ал осы ереуілден кейін оларға 202 техниканы жаңартып беретінін айтқан. Алайда жұмысшылар кәсіпорын ҚМГ меншігіне өтпесе, техника жаңармай қалады деп алаңдауда. 

«Кәсіпорынды ұлттық компанияға қайтарсын. Жеке компания тек өз қалтасын ойлайды», – деген ереуілдеушілердің бірі.

2022 жылы қазанда West Oil Software жұмысшылары  осы талаптарды тағы көтерген. Бірақ сол кезден бері олардың дауы әлі жалғасып келеді.

2018 жылы Бозащы технологиялық транспорт басқармасы «БозащыТрансҚұрылыс» және West Oil Software компанияарына сенімді басқаруға берілген.

Сондай-ақ оқыңыз