Миллион теңге жалақы алатын ҚТЖ басқарма төрағасы теміржолшылардың жалақысын неге көтеруге болмайтынын айтты
«Қазақстан Теміржолы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев өз жалақысының көлемін атап, теміржолшылардың жалақысы неліктен көтерілмей жатқанын түсіндірді.
Журналистер сұрағына жауап беру кезінде Нұрлан Сауранбаев өзінің жалақысы 1 миллион теңге екенін айтты. Ал ҚТЖ-ның өзге басшылық қызметіндегі азаматтардың жалақысы жайлы ақпаратпен бөлісе алмайтынын мәлім етті.
Журналистер өңірдегі теміржолшылар жалақысы аздығын айтып шағымданатынын айтты. ҚТЖ басшысы «мұндай жағдай бар» екенін мойындады. Оның айтуынша, теміржолшылардың айлығы инфляцияға тікелей байланысты.
«Бірақ мүмкіндігімізге қарауымыз керек. Теміржолшылардың жалақысын инфляцияға байланысты көтере аламыз. Одан көп көтере алмаймыз. Егер одан көп көтеріп жіберсек, бүкіл Қазақстанда инфляция (шарықтап – авт.) кетеді»,– деді ҚТЖ басшысы.
Сауранбаев теміржолшылардың қиын жағдайда жұмыс істеп жатқанын мойындайды. Олардың еңбек жағдайын жақсарту үшін қосымша қаржы керек екенін айтады.
«Теміржолда істеп жүрген адамдар өз жұмысын шын жақсы көреді. Олардың қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын өздеріңізде көрдіңіздер ғой. Өте ауыр. Оған ақша бөлінуі керек. Соңғы жылдары біз жұмыс орындарына назар аудардық. 2025 жылға дейін барлық мәселені шешеміз»,– деп сендірді Сауранбаев.
Бұдан бөлек, қазір компанияның негізгі табысы инфраструктураны жақсартуға, жолдарды жөндеуге бөлінетінін тілге тиек етті.
Осыған дейін «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткенін және ҚТЖ басшысы компания қарызынынан құтылудың бірнеше тәсілін ұсынғанын жазған едік.
«Расымен, компанияның қарызы 2,9 трлн теңгені құрайды. Ол қарыздан құтылудың бірінші жолы – тарифтерді көтеру. Өйткені бұл ақшаның басым бөлігі жаңа теміржол құрылысын салуға жұмсалды. Бірақ олардың инвестициялық бөлігі тарифке енгізілмеді. Екіншіден, қарызды капитализациялау есебінен қайтаруға болады. Егер Германия теміржолдарын мысал ретінде алатын болсақ, онда 40 млрд теңге капитализацияға жұмсалады. Егер мемлекет тарифтерді төмен ұстағысы келсе, оны субсидиялауы керек, болмаса тарифтерді көтеруі керек. Басқа жол жоқ», – деді Сауранбаев
Сонымен бірге ҚТЖ басшысы жүк тасымалдарының басым бөлігін компания өз қаражаты есебінен жауып келе жатқанын айтты.
«ҚТЖ жүк тасымалы көлемінің 80 пайыздан астамы өзін-өзі ақтамайды. Яғни жүкті кім тасымалдаса да, компания бұл тасымалдауға кеткен шығынның жетпеген бөлігін өз есебінен жауып отыр. Яғни біз көмір, металл тасымалдаушыларының жүк тасымалын субсидиялап отырмыз. Бізге тарифтерді көтеріп жіберді деп ренжитін шығарсыздар. Бірақ сіздер көрші елдердің тарифін салыстырып көріңіздер. Ресейде тарифтер 3 есе жоғары. Соның өзінде олар компанияда үш рет капитализация жасады. Өзбекстанда тариф 17 есе жоғары», – деді.
Сауранбаевтың бұл айтқанын бүгінгі өткен Сенат жиынында Көлік министрі Марат Қарабаев та растады. Министрдің айтуынша тасымалданатын жүктердің 88 пайызы өзін-өзі ақтамауы себепті, компания тасымалдарды 300 млрд теңгеге субсидиялайды. Сол үшін ҚТЖ-ның тарифтерін дифференциялау жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, рейтингі мен табысы көтерілген компанияның қарызы артқан. ҚТЖ-ның ұзақмерзімді міндеттемелері 2 трлн теңгеден асқаны жайлы «Курсив» жазған. 2023 жылың 9 айындағы қаржы есебінде компанияның міндеттемелері (қарызы) активтерінен 456,388 млн теңгеге артық екені жазылған. Соның 456,135 млн теңгесі есепті кезеңнен кейін 12 ай ішінде төленуге тиіс.
ҚТЖ-ның «Қазақстан халық банкі» мен Forte bank алдында 2 ірі қарызы бар. Компания басшылары кредиторлармен бұл қарызды есепті кезеңнен кейінгі 12 ай ішінде емес, кейін төлеу мәселесін келісіп жатқаны айтылған.
Ел Үкіметі, ҚТЖ-ның қызмет тарифі қымбаттағаннан кейін IPO-ға шығаруды жоспарлап отырғаны да хабарланған. «Қазақстан Темір Жолының» 5%-ға дейін акциясы 2025 жылы IPO-ға шығуы тиіс.