Қазақстандықтар үшін жанар-жағармай мен дизельдің шекті бағасы өзгеріссіз қалады
Энергетика министрлігі ішкі нарықта мұнай өнімдерінің жағдайы тұрақты екенін хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, ЖЖМ қорларын өндіру, тиеп-жөнелту және толықтыру үздіксіз жүргізіледі.
«Қазіргі уақытта МӨЗ, мұнай базалары мен жолдардағы дизель отынының жиынтық қоры 626 мың тоннаны құрайды. 2023 жылғы 12 сәуірде нарықтағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 12 сәуірдегі № 140 бұйрығы шығарылды, онда мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге, оның ішінде дизель отынына (жазғы, маусымаралық) шекті баға бойынша литріне 450 теңге көзделген», – делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі ұсынылған жағдайда, литріне 295 теңге бағамен тәулігіне 100 литрге дейін және Қазақстан Республикасында берілген жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға арналған жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлік ұсынылған жағдайда, литріне 295 теңге бағамен тәулігіне 300 литрге дейінгі –көлемде дизель отыны сатылады.
«Бүгінгі таңда Министрлік азаматтар және автожанармай құю станциялары мен мұнай базалары өкілдерінің жолданымдарына байланысты дизель отынын өткізу үшін жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәліктің болуын талап етуді уақытша алып тастау жөніндегі бұйрықтың жобасын литріне 295 теңге баға бойынша дайындады. Бұл ұсыныс жанармай құю станцияларында дизель отынын өндіру, тиеп-жөнелту, толтыру және өткізу арасындағы тепе-теңдікті реттеуге мүмкіндік береді деп болжанып отыр», – делінген Энергетика министрлігі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ қорытынды шешім барлық мүдделі тараптардың ұсыныстарын ескере отырып , барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін қабылданатыны айтылған. Аталған бұйрық жобасында қазақстандықтар үшін жанар-жағармай мен дизельдің шекті бағасы өзгеріссіз қалады.
Еске сала кетсек, шетелдіктер үшін дизель отыны 450 теңгеден 295 теңгеге дейін арзандайды деп жазған едік.
Қазақстанда азаматтары мен шетелдіктер үшін дизель отынының бірыңғай бағасы белгіленеді. Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес бұл отын бағасы бәріне бірдей бір литр үшін 295 теңге көлемінде бекітілген. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған құжатта айтылған.
«Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада стационарлық автожанармай құю станциялары арқылы өткізудің шекті бағалары қосылған құн салығы есебімен мынадай мөлшерде белгіленсін: 1) Аи-80 маркалы бензин – 1 литр үшін 89 теңге; 2) Аи-92 және Аи-93 маркалы бензин – 1 литр үшін 205 теңге; 3) дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литр үшін 295 теңге», – делінген министрлік бұйрығында.
Ал қолданыстағы бұйрық жобасында дизель отынының көлеміне шектеу енгізілген болатын. Ескі құжатқа сәйкес Қазақстан азаматтары бұл отынды тәулігіне 100 литрге дейін 295 теңгеден алатын. Ал жүк көліктерін жүргізушілерге берілетін көлемі тәулігіне 300 литрді құрайтын. Ал шетелдіктерге қойылған баға 1 литр үшін 450 теңге көлемінде болған.
Жаңа бұйрық жобасына сәйкес бұл шектеулер алынады. Оған себеп бүгінгі таңда еліміздің мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларында дизель отыны артық. Осыған байланысты үкімет шектеулерді алу туралы шешім қабылдаған.