1 млрд теңге: Екібастұздағы электр станциясын жаңғыртуға бөлінген қаражат жымқырылған

Жарияланды
Екібастұз МАЭС-2
Прокуратура Екібастұз МАЭС-2 жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың жымқырылуына қатысты тергеу жұмыстарын жүргізуде / Фото: gres2.kz; shutterstock

Екібастұздағы 2-ші мемлекеттік аймақтық электр станциясын (Екібастұз МАЭС-2) жөндеуге бөлінген 1 млрд теңге қаражат жымқырылған. Бұл жайлы Павлодар облысының прокуратурасы хабарлады.

«Павлодар облысының прокуратурасы «Екібастұз МАЭС-2» АҚ-ны тексеру барысында 3-ші энергоблокты орнатумен жылу электр станциясын кеңейтуге және реконструкциялауға арналған қаражатты ысырап ету фактілерін анықтады. Расталмаған жұмыстардың көлемі шамамен 1 млрд теңгені құрады»,- делінген хабарламада

Прокуратураның хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы – аса ірі мөлшерде мүлікті жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Тергеу шеңберінде қылмыстың барлық мән-жайлары мен залалдың түпкілікті сомасы және оған қатысы бар адамдар тобын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіледі.

Еске сала кетсек, күзде Қаржы мониторингі агенттігінің Абай облысы бойынша Департаменті облыстағы жылумен жабдықтаудың 14 объектісін жөндеуге тиіс болған мердігер компанияның директорының күдікке ілінгенін хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, мемлекет мердігер компаниямен 1,2 млрд теңгеге
жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасаған. Бірақ компания Семей қаласындағы 3 қазандық бойынша 67 млн теңгенің жұмысын орындамаған.

Бюджет қаражаты 2022 жылы қала қазандықтарын жөндеуге бөлінген. Алайда жұмыс уақытында орындалмағандықтан 1934 жылы пайдалануға берілген бұл жылу орталығы әбден тозып, қыста жылу энергиясын қалаға дұрыс жеткізе алмай қалған.

Жалпы елдегі энергетикалық орталықтарды, соның ішінде ЖЭО-ларды жаңғыртуға 182 млрд теңге қаражат қажет.  Бұл жайлы Энергетика министрлігі мәлімдеген болатын.

«ЖЭО негізгі және қосалқы жабдықтарының жоғары тозуына байланысты оны жаңғырту мен реконструкциялауға 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет. Айта кету керек, қазіргі уақытта электр станцияларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын сатудан түскен кірістері толыққанды жаңғыртуды орындау үшін шығындарды өтемейді»,- делінген министрлік хабарламасында.

 

Сондай-ақ оқыңыз