Қазақстандықтардың жыл басындағы тұтынушылық қарқыны баяулаған

Жарияланды
Тұтынушылық сенімділік индексі неге төмендеді? /Фото: Shutterstock

Тұтынушылық сенімділік индексі (CCI) 2023 жылдың соңындағы белсенді өсуден кейін жағымды аймақта қалғанына қарамастан, төмендеп отыр. Инфляцияның баяулауы жалғасуда, осының нәтижесінде қазақстандықтар жыл соңы мен ай соңында бағаның өсуін сирек көріп, алдағы уақытта бағаның өсуін аз ойлайды. Алайда жұмыссыздық жайлы алаңдаушылық пайда болған. Ал ақшаны жұмсау мен үлкен сауда жасаудың орнына ақша жинауды жөн көрген.

Ұстамды оптимизм

Қазан одан кейінгі қарашадағы тұтынушылық сенімділігі индексінің өсуі жағымды трендтің бастауына қатысты оптимизм ұялатты. Алайда CCI-нің өсуі желтоқсанда төмендеуге ауысты. Ал қаңтарда 1,5 тармаққа түсіп, төмендеуді жалғастырып, 103,2 тармақта тоқтады. Осылайша, тұтынушылық сенімділік индексі қаңтарда қазандағы көрсеткішке қайта оралды (2023 жылдың қазанында CCI – 103,3 т.). Бірақ та 100 тармақтан жоғары болып, жағымды аймақта қалды.

Сонымен қатар субиндекстер де төмендеді: ағымдағы жағдайды бағалау индексі 83,6 тармаққа (1,3 т) төмендеген болса, тұтынушылық күтулер индексі 133,5 тармаққа дейін түскен. Бұл ретте елдің экономикалық жағдайындағы болған өзгерістер индексі (78,5 тармақ) және ірі сатып алулар үшін қолайлы жағдайлар индексі әлі де кері аймақта қалып отыр. Осы орайда қаңтар айында  өңірдегі экономикалық жағдайда болған өзгерістер (тұтынушылық сенімділік индексіне кірмейтін) индексі ең көп төмендеп, 3,9 тармаққа кеміп, 87,9-ға дейін түскен.

Әйелдер мен жастар тұтынушылық сенімділік индексі төмен

Қаңтарда тұтынушылық сенімділік деңгейіндегі гендерлік айырмашылық минимумға дейін қысқарды. Ерлер мен әйелдер 2023 жылдың тамызынан бері бірінші рет ұқсас көрсеткіш көрсеткен. Тұтынушылық сенімділігі индексінің төмендеуі әйелдердің көрсеткіші есебінен болғанын айта кету керек. Олардың  тұтынушылық сенімділігі 3,1 тармаққа, яғни 103-ке дейін төмендеген. Ал ерлердің тұтынушылық сенімділігі аздап 0,4 тармаққа, 103,4-ке дейін өсті деуге болады.

Жағымды аймақтағы көрсеткіш мәні тұтынушылардың біршама жас  екі тобында байқалған. 18-29 жас аралығындағы жастардың тұтынушылық сенімділік көрсеткіші 3,8 тармаққа төмендегеніне қарамастан 115 тармақ болды. Ал осы жастан жоғары тұтынушылардың көрсеткіші тек 105 тармақ болды. Алайда тек 0,7 тармаққа төмендеген арқасында көрсеткіш жағымды аймақта қалған. Бұған дейін пессимистік көңіл күй танытқан зейнет жасы алдындағы сауалнамаға қатысушылар қаңтарда кішкене болса да өсім көрсеткен (0,8 тармақ) жалғыз топ болды. Бірақ та 97,2 тармақта тоқтап, бәрібір жағымды аймаққа шыға алмады. Зейнеткерлер сенімі сол баяғы қалпынша аз . Олардың көрсеткіші жағымсыз аймақта қалуын жалғастырып отыр. Яғни 93,2 тармақта тұр, қаңтарда 2,8 тармаққа төмендеген.

Орталық өңір жағымды аймаққа енді

Қаңтар айында тұтынушылық сенімділігі индексінің орталық және шығыс өңірлерде өскені байқалды. Қарағанды облысында 5,8 тармаққа өссе, Павлодар облысы 5,9 тармақ қосқан. Осының арқасында Павлодар облысы жағымды аймаққа (101,1) шықты. Ал Қарағанды облысының жағымды аймаққа кіруіне аз қалды (99,7). Сондай-ақ Атырау (+5,7 тармақ) мен Қызылорда (+9 тармақ) облыстары да өсім индексін көрсеткен.

CCI деңгейінің ең көп төмендеген өңір – Ақтөбе облысы. Бұл өңірде индекс 9,7 тармаққа төмендеген, дегенмен өңір жағымды аймақта қалған (101,1 тармақ). Астана (–4,6 тармақ) мен Шымкентте (–6,4 тармақ) тұтынушылық сенімділігі деңгейі айтарлықтай төмендегеніне қарамастан, республикалық маңызы бар қалалар жағымды аймақта. Төмендеу көрсеткіші Түркістан (–7,1 тармақ), Алматы (–2,6 тармақ), Жамбыл облысы (–5,7 тармақ) сияқты оңтүстік өңірлерде де тіркелген. Алайда бұл жағымды аймақтан шығуға негіз болмады.

Табиғат катаклизмдеріне қарамастан, алаңдаушылық аз

Қазақстандықтарды көп алаңдататын мәселе – бұрынғыша қаржылық қиындықтар мен ақшаның жетпеуі. Бірақ та бұл көрсеткішті белгілегендер саны желтоқсандағы 24,3%-дан қаңтарда 21,4%-ға дейін қысқарған. Денсаулық мәселесі де маңызды мәселелер қатарында қалып отыр. Сауалнамаға қатысқан әрбір оныншы адам (10,9%) өзінің не жақынының денсаулығына алаңдайтынын айтқан. Ештеңе алаңдатпайды дегендер саны артқанмен (31,7-ден 35,7%-ға дейін), қазақстандықтар табиғат катаклизмі (2,1%), сондай-ақ табиғат құбылыстарына  (2,5%) сәл көбірек алаңдайтынын көрсеткен. Қытайда болған жер сілкінісінің афтершоктары, сондай-ақ қалыпсыз температура режимі сияқты Қазақстанда қаңтарда болған жағымсыз табиғат құбылыстары қазақстандықтардың табиғат катаклизмі мен климат жайлы алаңдауына себеп болған болу керек. Алайда табиғат құбылыстары мен катаклизмдерге алаңдайтындар қатарын салыстырмалы түрде алатын болсақ аз екенін көруге болады. Қазақстандықтарды одан бұрын қаржылық мәселе қатты шаршатып жүргені анық.

Жаңа жылда қазақстандықтар инфляция мен тарифтердің өсуін аса уайымдамайтын болған. Оның саны желтоқсандағы 12,1%-дан 9%-ға азайған. Сонымен қатар осыған дейін оқу, жұмыс немесе бизнес алаңдатады дегендер саны да қысқарған. Қаңтар айында осы мәселені тек әрбір жиырмасыншы адам ғана ойлаған (4,1%). Отбасы-тұрмыстық мәселелер де қазақстандықтарды алаңдатуын азайтқан. Егер желтоқсанда сауалнамаға қатысқандардың 10,7%-ы отбасы мәселесі алаңдатып жүргенін айтса, қаңтарда тек 8,1%-ы ғана осыны айтқан.

Баяулаған инфляция

2023 жылдың кыркүйегінен байқалған инфляцияның баяулау үрдісі осы жылы да жалғасып жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша желтоқсандағы 9,8%-дан қаңтарда 9,5%-ға дейін төмендеп, жылдық инфляция 0,3%-ға (ж/ж) баяулаған. Тиісінше, қазақстандық тұтынушылар қаңтар айындағы көрсеткіш қорытындысы бойынша бағаның өсуін аз көрсеткен. 2023 жылмен салыстырғанда бағаның жылдам өсетінін сауалнамаға қатысқандардың тең жартысы (58,3%) көрсеткен. Ал 2023 жылы   сауалнамаға қатысқандардың төрттен үш бөлігі бағаның күрт өсетінін айтқан  (73,3%). Өткен айдың қорытындысы бойынша бағаның күрт өскенін байқағандар үлесі де төмендеген. Бір ай бұрынғы 48%-дан 45,4%-ға азайған. Осы орайда қаңтарда өткен айдың қорытындысы бойынша бағаның болмашы ғана өскенін байқағандар үлесі белсенді (14,7%, 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 1,4 т.өскен) өсті.

Болжам бағдары қалай?

Квантификациялық әдіске сәйкес, қаңтарда күтілетін жылдық инфляция деңгейі 9% болды. Бұл – 9,5% болған нақты жылдық инфляциядан  (2024 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтар) төмен. Күтілетін инфляцияның қандай болатынын нақты болжап айта алмайтындар үлесі сол бұрынғы айдағы – 12,3% деңгейінде қалды. Жыл ішінде баға тым өседі деп «қатты» түңілгендердің саны қысқарып келеді.  

Сәйкесінше, қаңтарда күтілетін инфляция мен қабылданатын инфляция деңгейі арақатынасы желтоқсанмен салыстырғанда төмендеп, 0,92 (бұл 2023 жылғы сәуірінен бергі ең аз тіркелген деңгей) болды. Аталған деңгейдің төмендеуі тұтынушылардың алдағы уақытта да инфляцияның баяулайтынын болжайтынын көрсетеді. Бір қызығы, халықтың көбіне азық-түлік бағасының қымбаттап немесе күрт өсетін кезеңі деп көрсететін жаңа жылдық мереке осы жылдың қаңтарындағы инфляциялық күтілімге қатты әсер етпеді. Қазақстан халқы өңірлік айырмашылықтарға қарамастан, инфляциялық күтілімді төмен бағалауы басым болып отыр.

Өңірлер бойынша алып қарайтын болсақ, инфляциялық процестерді қабылдау Астана мен Алматы қалалары тұрғындары арасында инфляцияны бағалауларының төмендегенін байқаймыз. Алайда Астана тұрғындары бұрынғыша инфляцияның айтарлықтай баяулауын күтеді, ал Алматыда көрсеткіш сәл жоғары – 0,95 деңгейінде.

Баға кімдерді мазалайды

Осының алдындағы материалдарда жазғандай бағаның өзгеруін еркектерге қарағанда көбіне әйелдер байқайды. Тіпті айырмашылық 10% болуы мүмкін. Мысалы, әйелдердің 62,9%-ы еркектердің 53,2-ына қарағанда бір жыл қорытындысы бойынша бағаның күрт өскенін аңғаруға бейім. Ал ай қорытындысы бойынша  49,9% әйелдер еркектердің 40,4%-ымен салыстырғанда бағаның өскенін байқайды. Әйелдердің тауар мен қызметтер бағасының өскенін күнделікті өмірде осылармен бетпе-бет келетінімен түсіндіруге болады.

Жасқа байланысты топтарда жағдай біршама стандартты. Желтоқсан айында бағаның өсуіне қатты алаңдаған 30-44 жас аралығындағы қазақтандықтардың орнын қаңтарда зейнет жасындағы адамдар басқан. Олардың 61,3%-ы жыл қорытындысы бойынша бағаның күрт  өскенін белгілеген, ал 48,7%-ы ай қорытындысы бойынша аңғарған. Өңірлер бөлінісінде жыл қорытындысы бойынша бағаның өсуі, әсіресе, Маңғыстау облысы тұрғындарын (70,3%) қатты мазалаған. Ал соңғы айда Ұлытау облысы тұрғындары (61,2%) бағаның өскеніне алаңдай бастаған.

Ет пен жұмыртқа бағасы

Тек қаңтар айында ғана емес жалпы жыл бойы  қазақстандықтар негізгі азық-түлік бағаларын қалт жібермей қадағалап отырады. Оның ішінде: ет пен құс еті (41,6%), сүт пен сүт өнімдері  (37,4%), нан мен нан-тоқаш өнімдері (33%), көкөніс мен жеміс-жидектер (31,8%). Сауалнамаға қатысқандардың тең жартысы осы айтылған азық-түлік бағаларының өскені олардың қалтасына салмақ салатынын айтқан. Сондай-ақ аса қымбаттаған азық-түліктер қатарына жұмыртқа (27,9%), ұн (27,1%), жарма (25,5%) мен макарон өнімдері (25,5%), қант пен тұз (23,8%) кірген.

Қаңтарда сауалнамаға қатысқандар ет пен құс етінің, жұмыртқа мен ұн бағасының 2023 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда жиі көтерілгенін байқаған. Ал 12,5%-ы ТКШ тарифтерінің өскенін аңғарған. Қазақстандықтар қалған барлық тауар мен қызметтің категориясы бойынша бағаның  жаңа жылда өскенін сирек байқайды.

Баға өсе ме?

Пессимистік болжамдардың төмендеуі тек өткен кезеңдердегі баға динамикасын бағалауда ғана емес, сонымен қатар алдағы уақытта, яғни жыл мен айда бағаның өзгеруіне болжам жасауда да байқалады. Келесі жылы баға өседі дегендер саны 4,3%-ға азайған. Ал келесі айда баға аздап көтеріледі немесе көтерілмейді дегендер көп болған. Сәйкесінше 2,8% және 2,1%. Бағаның күрт өсуін күтетіндер саны орташа: әрбір төртінші адам келесі айда баға жылдам өседі деп ойлайды. Респонденттердің үлесі осылайша 1,7 т.к. төмендегенімен, 40,8% өткен жылға сәйкес бағаның өсуін күтеді (2023 жылдың желтоқсанына дейін +1 п.к.) және 15,2% (+1,4 т.к.) тауарлар мен қызметтердің бағасы жаңа жылда баяу өседі деп ойлайды.  

Келер айда бағаның өсетінін күтетіндер көбінесе әйелдер (17%, ал еркектер 14,5%). Керісінше келер жылға пессимистік баға берушілер ер-азаматтар. Жалпы бағаның жылдам өсетінін болжайтынын жастар мен орта буын өкілдері. Өткен айдағы нәтиже бойынша сияқты келесі айда да бағаның күрт өсуін жиі болжап отырғандар Ұлытау облысы тұрғындары (25,3%).  Келесі жылы өседі деп отырғандар тағы Атырау (30,9%) мен Батыс Қазақстан тұрғындары (25,9%).

«Әлсіреп» бара жатқан доллар

Осымен екінші ай қатарынан қазақстандықтардың америкалық көк қағазға деген сенімі сан құбылып тұр. Сәйкесінше, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы бір жылдан кейін (2023 жылдың қарашасында 55,4%, 2024 жылдың қаңтарында 47,6%) және бір айдан кейін (қарашадағы 36,1%-дан қаңтарда 27,1%-ға дейін) өседі дегендер саны азайып келеді. 

Доллардың теңгеге қатысты бағамы бір жылдан кейін және бір айдан кейін нығаятынына еркектер көбірек сенеді. Бір жылда көтерілетініне сенетін ер-азаматтар үлесі 52,1% (әйелдер 43,5%), ал бір айда өсетініне ер-азаматтардың 29,5%-ы сенім артып отыр (әйелдер 25%).  Бір айта кетерлігі, осы тренд бірнеше ай қатарынан байқалып келеді. Сонымен бірге америкалық валютаның болашақта қымбат болатынына жастар көп сенеді екен. Өңірлер бойынша қарасақ, доллардың бір жылда өсетінін Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы тұрғындары болжап отыр.

Жұмыссыздық жайлы мазасыздық

2023 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда қазақстандықтар қаңтарда жұмыссыздық деңгейіне қатысты қатты алаңдай бастаған. Көрсеткіш 1,9 тармаққа, 75,4 тармаққа дейін төмендеген. Бұл жұмыссыз қалу қорқынышы деңгейінің өскенін көрсетеді. Бұған дейін 2023 жылдың тамызында көрсеткіш бірте-бірте көтерілген. Соған қарап қазақстандықтардың үрейі төмендегенін көрген болатынбыз. Алайда қаңтарда қорқыныш қайта қарқын ала бастады. Бұл ретте жаңа жылда жұмыссыздар саны көп болады деп болжайтындар сол қалпы қалған. 39,1%-ы жұмыссыздар саны артады деп болжайды. Жұмыссыздық алдындағы көрсеткіштер сияқты әйелдерді  (39,5%)  және зейнет жасына  тақау адамдарды (41,4%) қатты толғандырады.  Жұмыссыздық жайлы пессимистік тұрғыдан ойлайтындар – Батыс Қазақстан (51%), Атырау (46,7%), Түркістан (45,8%) мен Ұлытау облысы  (45%)  тұрғындары.

Ақшаны жұмсау емес, жинау

Өткен жылдың соңына қарағанда 2024 жылдың басында тұтынушылар шығын шығаруда сақтық танытуда. Сондай-ақ тап қазір кредит алуға жақсы уақыт деп ойлайтындар мен кредит алуды жоспарлайтындар үлесі төмендеген. Алдағы 12 айда кредит алуды жоспарлап отырғандар саны 18,6%-ға азайған. Кредит алуды жоспарлап отырғандар көбіне еркектер (19,6%, әйелдер – 17,8%). Сонымен қатар 30-44 жас аралығындағы қазақстандықтардың 25,5%-ы, Шымкент (25%) пен Маңғыстау тұрғындары (23,8%).

Осындай тренд кредиттік оптимизмде де байқалады. Қазақстандықтардың тура тең жартысы  (49,5%) қазір кредит алу үшін тиімсіз уақыт деп бағалайды. Ал кредит алуға қолайлы немесе жақсы уақыт дейтіндер  көрсеткіші 0,9%-ға төмендеген. Бұл кредитке деген сенім деңгейінің  35,5 тармаққа дейін төмендеуіне әкелді. Ал бұл өз кезегінде 2023 жылдың қыркүйегінен бері байқалып келе жатқан кредитке деген оптимизмді басты. Кредиттік оптимизмнің төмендеуі ерлер (35,7 тармақтан 33,9 тармаққа) арасында да және әйелдер (38,2-дан 36,9 тармаққа)арасында да  байқалады. Әсіресе, жастар (40,1-дан 38,4 тармаққа) мен ең егде жастағылардың (35,4-дан  32 тармаққа) оптимизмі жақсы. 

Қазақстандықтар кредит алуды азайтып, ақша жинау жайын ойлайтын болған. Депозиттік сенім индексі аз да болса өскен, 0,7 тармаққа, 56 тармаққа дейін. Қазақстандықтардың үштен бірінен сәл асатын топ (35,8%) қазір ақша жинайтын уақыт деп есептейді. Бұл желтоқсандағы көрсеткіштен 1,4 пайыздық тармаққа жоғары. Депозиттік оптимизм әйелдерге (56,7 балл), жастарға (60,6 балл), сондай-ақ батыс облыстардың: Ақтөбе (62,7 балл) және Маңғыстау (65,5 балл) облыстарының тұрғындарына тән.

Алаңдап керек емес

Қазақстандықтар арасында асып-саспай өмір сүретіндер саны басым. Бірақ та қаңтарда бұлай ойлайтындар үлесі 57,9 %-дан 55,5%-ға яғни 2,4 тармаққа төмендеген. Бұған сұраққа жауап беруге қиналғандар санының 2 тармаққа, сондай-ақ көңілдері алай-дүлей болып жүргендердің үлесі 39,3%-ға артқаны себеп болған. Басқаларға қарағанда әйелдер көп алаңдайды (44,5%, ерлерде тек 33,6%). Сондай-ақ 45-59 жас аралығындағы (44%) және 60-жастан асқан (42%) қазақстандықтарға тән қасиет. Егер бұрынғы сауалнамаларда осы жастағылардың алаңдаушылығын байқаған болсақ, қазір тіпті 30-44 жас арасындағылар да  (40,6%) көңілдері күпті екенін айтқан. Ал өңірлер арасында Ұлытау облысы тұрғындары ерекше көзге түскен. Бұл өңірдің әрбір екінші тұрғынының  (51,3%) көңілі алаңдаулы екен.

Қаңтарда зерттеуге қатысқандардың басым бөлігі (53,2%) күйзеліске тап болған. Оның ішінде әрбір төртінші адам (18,4%) бір айда бірнеше рет күзеліп өмір сүрген. Мұндай көрсеткіш 2023 жылдың желтоқсаны тіпті қарашасында да көп болған. Осы орайда желтоқсанмен салыстырғанда мүлдем стреске түспеген адамдар саны 2,6 тармаққа төмендеп 44,5%-ға дейін жеткен. Көбінесе күйзеліске ұшырайтын әйелдердің үлесі басым (56,7%, ерлер арасында – 49,4%),  жас қатысушылар – 18-29 жас (58,3%) және 30-44 жас (56,5%) стреске тез түседі. Сондай-ақ Алматы (63,9%), Астана (60,8%) және Атырау облысының (60,8%) тұрғындарының жаны жиі күйзеледі екен.

Жыл басына талдау жасасақ

2024 жылдың басы тұтынушылық сенімділік индексі төмендеуімен, сондай-ақ жеке қаржылық жағдайға байланысты индекстердің,   Қазақстандағы экономикалық жағдайдың өзгеру индексінің айтарлықтай төмендеуімен байланысты қосалқы индекстердің төмендеуімен сипатталды.  Қазақстандықтар ай ішінде де, жыл ішінде де баға өсімінің баяулауын бұрынғыша байқап отыр.

Дегенмен Қазақстан халқы негізгі азық-түлік тауарлары бағасының өсуін байқап және еңбек нарығының жай-күйі туралы жиі алаңдай бастады. Кредиттік оптимизм мен келесі жылы кредит алуға деген құлшыныс та төмендеді, сонымен бірге жинақтау нығая түсуде. Қазақстандықтар жаңа жылда жұмсағаннан гөрі көп ақша жинауды жоспарлап отыр. Мазасыздықтың негізгі себептері: қаржылық қиындықтар, денсаулық мәселелері. Инфляция қаңтар айында халықты аз алаңдата бастағанына қарамастан, алаңдаушылықтың мүлде жойылып кетпегенін көреміз. Тіпті табиғи апаттар қазақстандықтардың көңіл-күйіне күткендегіден аз әсер етті.

Сондай-ақ оқыңыз