Жасанды интеллект еңбек нарығына қалай әсер етуі мүмкін?
Жасанды интеллектінің өмірімізге еніп кеткені сонша, көпшілік еңбек нарығына оның төндіретін қаупі туралы жиі сөз қозғайтын болып жүр. Технологиялар адамның орнын басып, қатардағы қызметкерлерді жұмыссыз қалдыруы мүмкін бе? Бұл сұрақтың жауабын осы тақырыпта жасалған зерттеулер мен болжамдардан іздеп көреміз.
Бітіспес дау: AI дос па, жау ма?
Жасанды интеллект адамдардың жұмысын тартып ала ма? Мұндай талқының басталғанына біраз болған. Көпшілігі AI арқылы жұмыс орны көбейіп, адамдардың күнделікті күйбеңмен емес, шығармашылықпен көбірек айналысуға мүмкіндігі молырақ болады деген пікірді ұстанған еді. Дегенмен кейінгі кездері пайда болып жатқан жаңа технологияларға қарап, болжам аздап негатив бағытта да жасалып жүр. Соның ішінде ChatGPT пайда болғалы көңілде күдік те, алаң да көбейген.
Мысалы Норвегиялық тәуелсіз әл-ауқат қоры (Norges Bank Investment Management) жасанды интеллектінің жаппай қолданылып жатқанына алаң білдіріп, компанияларға бұған қатысты болуы мүмкін түрлі қауіп-қатерді ескеру керегін айтып, дабыл қаққан еді. Атап айтқанда, адамдардың ниеті мен құндылығына сай жүйелер жасап, жұмыс орындары мен адами капиталды басқаруға ұзақ мерзімді ықпал ететіндей қылу керегін ескерткен. Мұның астарында жасанды интеллектінің пайдасы ғана емес, зияны да көп екенін ұмытпау қажет деген сөз жатыр.
Былтыр наурызда америкалық Goldman Sachs банкі жасанды интеллектінің 300 миллионға жуық жұмыс орнын автоматтандыруы мүмкін деген болжам жасады. Бұл туралы баяндама. Goldman Sachs аналитиктері генератив жасанды интеллект пайда болғандықтан, шаруаларды автоматтандыру жеңілдеді. Соның әсерінен жұмыс күшіне кететін шығын азайып, жұмыстың өнімділігі де артады деген еді. Яғни мұндай жасанды интеллектінің адамның қолымен жасалған контенттен еш айырмасы жоқ дүниелерді жасай алатын қабілеті артып, адам мен машина арасындағы коммуникацияны бұзады деседі.
Ал McKinsey консалтиң компаниясының болжамына сүйенсек, алдағы уақытта генератив жасанды интеллектінің арқасында АҚШ-тың барлық жұмыс уақытының 30 пайызына дейін автоматтандырылады екен. Соған байланысты 2030 жылға қарай 12 миллионға жуық америкалық жұмысын ауыстырады-мыс. Ал 2030-2060 жылдар аралығында қазір атқарылып жатқан жұмыстардың жартысы автоматтандырылады деген болжам бар. Компания жасаған есеп бойынша, бұл өзгерістер әлем экономикасына 17-26 триллион доллар аралығында пайда әкеледі. Бұл жақсы, әрине. Дегенмен кері әсерін де атап өту керек. Бұл қарқында жалғаса берсе, қуатты технологиялық және индустриялық өзгерістер болғанымен, экономиканың бұрыннан бергі қалыптасқан құрылымдары мен салаларын жоқ қылуы да мүмкін.
Жасанды интеллектінің енгізілуіне қарсылық
Жасанды интеллект барлық салаға жаппай енгізілуіне қарсы шығатындарды түсінуге болады. Мысалы былтыр Future of Life қоғамдық ұйымының сарапшылары бұдан келетін қауіпті ұмытпау керегін ескерткен. Тіпті «жасанды интеллектке негізделген жүйелерді қолданысқа енгізуге кемінде жарты жылдай уақытқа болсын үзіліс жасау қажет» деп ашық ұсыныс та тастаған. Қол қойғандардың ішінде Apple-дің негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк пен Tesla-ның иесі Илон Маск болған. Хатта «Заманауи жасанды интеллект жүйелері кей тапсырмаларды орындағанда адамдармен бәсекеге түсе алатындай жағдайға жетті. Сондықтан өзімізге «Барлық жұмыс орнын автоматтандыру шынымен бізге қажет пе?» деген сұрақты қойғанымыз абзал» делінген.
Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына келсек, алдағы бес жылда жасанды интеллект 83 миллион жұмыс орнын жояды. Оның орнына 69 миллион жаңа жұмыс орны пайда болады. Салыстырып қарайтын болсақ, пайда қылғанына қарағанда қысқартқаны көбірек. Жалпы алғанда жасанды интеллектінің әсерінен жұмыс түрлері де өзгереді. Дүниежүзілік экономикалық форум эксперттерінің айтуынша, қазіргі басты машықтардың 44 пайызы енді бір бес жылда түбегейлі өзгереді. Айталық, бұған дейінгі технологиялық өзгерістер қара жұмыспен айналысатын. Білігі төмен топтарға әсер еткен болса, ендігісінің әсері әжептәуір жоғары квалификациясы мен білімі барларға тиеді деседі. Демек дабыл қағуға негіз бар. Голливудтағы киностудиялардың қызметкерлері көтеріліске шығып, қарсылығын білдірген оқиғаны атап өтейік. Сценаристер жасанды интеллектіні сценарий жазуға қолдануға қарсы шыққан еді. Ал актерлер болса, продюсерлердің ақша үнемдеу үшін түсірілімді бір күн ғана жасады. Сол кезде актерлердің сырт келбетін скандап, дижитал бейнелерін әрмен қарай фильмге қолдану туралы ұсынысымен келіспейтінін жеткізген.
Контент жасаушыларға қандай қауіп бар?
Business Insider басылымы сарапшылармен тілдесе отырып, алдағы уақытта автоматтандырылады. Соның әсерінен адамның орнын роботтарға алмастыруы мүмкін мамандықтар тізімін жасаған. Ол листінің ішінде бағдарламалаушылар, деректер аналитигі, жарнамамен айналысатындар, журналистер, контент жасаушылар, мұғалімдер, қаржы аналитиктері, қаржы кеңесшілері, трейдерлер, графикалық дизайнерлер мен есепшілер бар.
Жалпы алғанда жасанды интеллектінің түбегейлі адамның орнын басуы мүмкін деп кесіп айтуға келмейді. Әрине, AI көмегімен көп жұмысты жылдам және жемісті атқаруға жол ашылады. Бұл ойды Массачусетс технологиялық университетінің зерттеушілері айтып отыр. Генератив жасанды интеллектіні қолдану арқылы код жазатын бағдарламалаушылардың жұмысын 56 пайызға жеделдетуге болады дейді. Сонымен бірге ChatGPT-ді көмекші ретінде қолданып, кейбір кәсіби мәтіндерді жазу уақытын 40 пайызға тездетуге болады. Ал сапасы болса, 18 пайызға жақсырақ бола түседі деседі.
Goldman Sachs болжамына қарасақ, жасанды интеллектіні кеңінен қолданысқа енгізген алғашқы он жыл ішінде еңбек өнімділігі жылына 1,5 пайызға артып отырады екен. Кей сарапшылар жаңа жұмыс орындары ашылуына сеп болатынын айтады. Ал бұл болса, ішкі жалпы өнімнің өсуіне жол ашады. Себебі компанияның табысы артып, ауқымын кеңейтеді, соған сәйкес сұраныс та артады. Жаңа мамандықтардың пайда болып, адамдардың жұмыс істейтін саласын ауыстыруы үшін, әлбетте, дайындық керек. Сондай-ақ, жұмыстан шығып қалғандарға қолдау білдіру де қажет. Сондықтан бұл жағынан әр елдің үкіметі тиісті шешімдер қабылдауы керек болады.
Мәселен, Дания билігі қазірдің өзінде мұның жолын тауып, практикада істеп көріп жатыр. Олар бұл жүйені flexicurity (flexibility — икемділік және security — қауіпсіздік) деп атаған. Яғни еңбек нарығының икемді баланста болуын қадағалап, қызметкерлердің жұмыссыз қалмайтынына кепілдік береді. Аталған жүйе жұмыс берушілерге нарықтағы ахуалға қарай қызметкерлерді еш уайымдамай жұмыстан қысқартуға мүмкіндік береді. Ал сол жұмыстан шығып қалған қызметкерлерге екі жыл бойы айына 2,9 мың доллар көлемінде жәрдемақы беріліп отырады. Сондай-ақ карьера бойынша кеңесшілермен жұмыс істеп, қайта даярлау курстарына қатысуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектінің болашағы
Бұған дейін қазақстандық IT-сарапшы Тимур Бектұрмен жасанды интеллектінің болашағы туралы сұхбаттасқан едік. IT-маман AI адамның орнын баса ала ма деген сауалға былай деп жауап берген: «Бұл тақырыпта пікірталас көп. Жақында ғана Стенфорд университетінің Stanford AI Report деген материалы жарық көрді. Жасанды интеллектінің еңбек нарығындағы үлесі туралы айтылған. Айталық, 300 млн жұмыс орнын жояды деседі. Әрине, статистика, сандар шегеленіп қойған дүние емес. Бірақ осындай сандар айтылып жатыр. Есесіне, тағы сол 300-600 млн жұмыс орнын әкелуі мүмкін. Еңбек нарығындағы дүмпуі қатты болады. «Жасанды интеллект адамның орнын баса алмайды. Бірақ оны қолданатын адам қолданбайтын адамның орнын басады» деген әмбебап сөз жиі айтылады.
Смартфон қолданбайтын, компьютерді пайдалана алмайтын журналист пен технология тілін жақсы түсінетін журналисті салыстырсақ, кім жылдам? Бастапқыда телефон шыққан кезде де «адамның орнын басады» деген қорқыныш болды. Дегенмен ол жағдайды жақсартты. Жасанды интеллект те дәл солай. Ғалымдар «егер адам сауатсыз, топас болса, онда жасанды интеллект оның орнын басады» дейді. Ал енді ерттеп міне алса, онда баса алмайды деген сөз».