Атырау мұнай өңдеу зауытының бастығы наразылығын білдіріп, Тоқаевқа үндеу жолдады

Жарияланды
Ғалымжан Жусанбаев
Ғалымжан Жусанбаев өзіне қарсы науқан басталғанын мәлімдеді / Фото: kursiv.media

АМӨЗ атқарушы директоры Ғалымжан Жусанбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол үндеуінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылығы оған зауыттағы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеуге тыйым салғанын мәлімдеді.

Өз үндеуінде Жусанбаев бір айдан бергі қызметінде зауыт жұмысына біраз жаңалық енгізгенін, зауыт жұмысынан талай қателік анықтағанын айтқан. Осыған орай өзіне қарсы шабуыл науқаны басталып кеткенін жеткізді.

«Жақында әлеуметтік желілер мен БАҚ-та елдегі стратегиялық нысандағы жұмысыма қарсы бағытталған зорлық-зомбылық ақпараттық науқан басталды. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры қызметіне тағайындалғаныма бір айдан сәл астам уақыт өтті. Осы кезеңде мен зауыт қызметіне бірқатар жаңалықтар енгіздім», – деген Жусанбаев осы бір ай ішінде бірталай олқылықтардың беті ашылғанын атап өткен.

Атап айтқанда, 2020-2023 жылдар аралығында еншілес компаниялар тобынан жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жоғарылатылған бағамен сатып алу фактісі анықталған. Басшының мәліметінше бұл сатып алулар көптеген бұзушылықтармен жүзеге асырылған. Сонымен бірге экологиялық талаптар да бұзылған. Кокс пен түйіршіктелген күкіртті шектен тыс сақтау жағдайлары белгілі болған. Одан бөлек зауыт басшысы өндірістегі күйіктерді және ысыраптарды есепке алу бөлігінде бақылаудың жоқтығына байланысты шығын көрсеткіштері дұрыс бағалананбай келгенін айтады. Ол осы уақыт ішінде зауытта бірнеше рет төтенше жағдайлар болғанына тоқталып өтті.

«Тәжікстан Республикасына гуманитарлық көмек көрсету аясында 15 мың тонна мазут жеткізуде үзіліс болды. Бас директордың жетекшілік ететін орынбасарлары мен жауапты инженерлердің жұмысты ұйымдастырмауы мен бақылаудың болмауынан мазут құбырының қатып қалуынан тиеу 6 күнге кешігіп басталды. Ал 2024 жылдың 15 ақпанында ППНГО қондырғысында айналым компрессоры тоқтады. Алдын ала тергеп-тексеру барысында жабдықты жоспарлы жөндеусіз ұзақ уақыт пайдалану фактісі анықталды. Бұл ретте еншілес компаниялар тобына кіретін жеткізушімен көпжылдық техникалық қызмет көрсету және жөндеу шарты жасалғанын атап өткен жөн», – дейді компанияның атқарушы директоры.

Осындай кемшіліктер мен кәсіпорын қызметіндегі көптеген заң бұзушылықтардың анықталуы жауапты лауазымды тұлғалардың, коммерциялық құрылымдардың және негізсіз үстеме пайда алуға мүдделі тұлғалардың наразылығын тудырған.

«Бұл адамдар менің адал атымды қаралау және өздерінің адал емес әрекеттері туралы фактілерді жасыру мақсатында маған қарсы ақпараттық науқан бастады. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, «ҚазМұнайГаз» бас компаниясының басшылығы маған БАҚ арқылы өз ұстанымымды білдіруге тыйым салғандықтан, Сізден көмек сұрауға мәжбүрмін», – деген Жусанбаев президентке бірнеше өтініш айтқан.

Ол:

  • Елдегі стратегиялық объектіде жоғарыда аталған бұзушылықтарға объективті және тәуелсіз аудитті бастауға қолдау көрсету және көмек көрсетуді;
  • Өндірістік жоспарлардың орындалуын бұзатын және бригаданың қалыпты жұмысын тұрақсыздандыратын жекелеген зауыт жұмысшыларына шара қолдануды сұраған.

«Қазмұнайгаз» жауабы

Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі басқарма төрағасының тапсырмасымен комиссия құрылғанын хабарлады. Комисся Атырау мұнай өңдеу зауытын тексеру жұмысын бастаған.

«Арнайы комиссия құрамына енген мамандар бұдан бұрын әлеуметтік желіде жарияланған кәсіпорын туралы ақпаратты жан-жақты зерттеп жатыр. Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік, қаржы және құқықтық қызметіне толық тексеру жүргізілетін болады. ҚМГ барлық туындаған мәселені зауыт қызметкерлерімен ашық талқылауға дайын»,  – делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл мәселені шешуге ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев Атырау қаласына арнайы келіп жиын өткізген. Жиында зауыттың жұмыс істеп тұрғаны және мұнай өнімдерін штаттық режимде жөнелтіп жатқаны айтылған.

«ҚМГ тарапынан Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістегі қызметкелері үшін тиісті жағдай жасау үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр. Арнайы комиссия қалыптасқан жағдайды объективті түрде қарастырады. Кәсіпорын ұжымының бүгінгі таңдағы басты талабы — үздіксіз өндірісті қамтамасыз ету және жөнелту қарқынын сақтап қалу»,  – деп атап өткен Макеев.

Не болды?

Осыдан бірнеше күн бұрын АМӨЗ бас инженері Әділет Шошанбасов Мемлекет басшысының атына хат жолдаған болатын. Онда Шошанбасов АМӨЗ басшысының өздеріне қоқан-лоққы көрсетіп, өз қызметін асыра пайдаланғаны айтылған.

Бас инженер өз хатында бас директордың зауытта алаңдатарлық жағдай туғызып отырғанын жеткізген. Сонымен бірге болашақта зауыт басшылығы тарапынан қаржылық ұрлық жасалуы мүмкін деп санайды. Ол сондай-ақ зауыт басшысын апатты жағдайда адам өмірін сақтандыру шараларын жасамады деп айыптады.

«Директор болып тағайындалған соң, ол қондырғыларды жоспардан тыс тексере бастады. Атқарушы директор өзі фото мен видео жіберіп, онда бейәдеп сөздер қолданатын. Сонымен бірге директор қызметіне келгелі бері компанияға үлкен жалақы тағайындала отырып, барлық бағыттар бойынша 15 кеңесші жұмысқа алынды. Оларға жалақы еңбекақы қорынан төленеді. Бұл компанияның саясатына қайшы келеді»,  – деп жазады Шошанбасов.

Сонымен бірге компания қызметшілері өздерін күзетшіге сабатпақ болып, компаниядан қуып шығуға бұйрық бергенін мәлімдеген.

Еске сала кетсек, Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай мен сатып алу департаментінің директоры Қанат Сейдуалиевке қатысты қылмыстық істі қайта қарады.

Шухрат Данбайды мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырды. Сондай-ақ 4 жыл 6 айға бос бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.

Қанат Сейдуалиев те мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Оған сот 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.

Сондай-ақ оқыңыз