Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры мен бас инженері қызметінен босатылды
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ комиссия жұмысының қорытындысы бойынша «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаев пен бас директордың орынбасары – бас инженер Әділет Шошанбасовты қызметінен босату туралы шешім қабылданды.
«Бас директордың міндеттері келесі шешімдер қабылданғанға дейін «Атырау МӨЗ» ЖШС бас директорының орынбасары – техникалық директоры Олег Александрович Лызловқа жүктеледі», – делінген хабарламада.
Ақпаратақа сәйкес, зауыт әдеттегідей мұнай өнімдерін өндіруді және жөнелтуді жалғастырып жатыр.
Еске сала кетсек, Атырау мұнай өңдеу зауытының бастығы наразылығын білдірді.
АМӨЗ атқарушы директоры Ғалымжан Жусанбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол үндеуінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылығы оған зауыттағы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеуге тыйым салғанын мәлімдеді.
Өз үндеуінде Жусанбаев бір айдан бергі қызметінде зауыт жұмысына біраз жаңалық енгізгенін, зауыт жұмысынан талай қателік анықтағанын айтқан. Осыған орай өзіне қарсы шабуыл науқаны басталып кеткенін жеткізді.
«Жақында әлеуметтік желілер мен БАҚ-та елдегі стратегиялық нысандағы жұмысыма қарсы бағытталған зорлық-зомбылық ақпараттық науқан басталды. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры қызметіне тағайындалғаныма бір айдан сәл астам уақыт өтті. Осы кезеңде мен зауыт қызметіне бірқатар жаңалықтар енгіздім», – деген Жусанбаев осы бір ай ішінде бірталай олқылықтардың беті ашылғанын атап өткен.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі басқарма төрағасының тапсырмасымен комиссия құрылғанын хабарлады. Комисся Атырау мұнай өңдеу зауытын тексеру жұмысын бастаған.
«Арнайы комиссия құрамына енген мамандар бұдан бұрын әлеуметтік желіде жарияланған кәсіпорын туралы ақпаратты жан-жақты зерттеп жатыр. Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік, қаржы және құқықтық қызметіне толық тексеру жүргізілетін болады. ҚМГ барлық туындаған мәселені зауыт қызметкерлерімен ашық талқылауға дайын», – делінген баспасөз хабарламасында.
Осыдан бірнеше күн бұрын АМӨЗ бас инженері Әділет Шошанбасов Мемлекет басшысының атына хат жолдаған болатын. Онда Шошанбасов АМӨЗ басшысының өздеріне қоқан-лоққы көрсетіп, өз қызметін асыра пайдаланғаны айтылған.
Бас инженер өз хатында бас директордың зауытта алаңдатарлық жағдай туғызып отырғанын жеткізген. Сонымен бірге болашақта зауыт басшылығы тарапынан қаржылық ұрлық жасалуы мүмкін деп санайды. Ол сондай-ақ зауыт басшысын апатты жағдайда адам өмірін сақтандыру шараларын жасамады деп айыптады.