Елдегі 50 ірі кәсіпорын жаңа өндірістерді құру бойынша орта мерзімді даму жоспарын 16 наурызға дейін әзірлеуі тиіс

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
50 ірі кәсіпорын жаңа өндіріс орындарын құруға дайын
Алдағы уақытта қандай кәсіпорындар ашылады? Фото: kursiv.media

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр 50 ірі кәсіпорын алдағы жылдары жаңа өндіріс орындарын құруға дайын деп мәлімдеді. Бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов 10 күн ішінде ірі кәсіпорын басшыларымен келіссөз жүргізуді тапсырған еді. Үкімет басшысы жергілікті тауарлар, жұмыс пен қызметтерді сатып алуды айтарлықтай арттыру керек деген.

Осы аралықта вице-премьер 50 ірі кәсіпорын мен ұлттық компания басшыларымен кездесу өткізген.

Мәселен, ERG компаниясы қазірдің өзінде ыстық брикеттелген темір зауыт құрылысын бастаған. Ал «KAZMinerals» жаңа мыс балқыту зауытын салумен айналысып жатыр.

«Қазфосфат» пен «ҚазАзот» жаңа өндірістер есебінен тыңайтқыштар шығаруды 2 есеге арттыруды жоспарлап отыр. Оған қоса Алматы және Қостанай өндірістік алаңдарында автокомпоненттер өндірісі басталады.

Бүкіл кәсіпорын 16 наурызға дейін келесі кезеңге жаңа өндірістерді құру бойынша орта мерзімді даму жоспарын және отандық тауар өндірушілердің өнімін сатып алуды арттыру жөніндегі жаңа бағдарламасын ұсынады.

Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жер қойнауын пайдаланып отырған ірі компаниялар келісімшарт талаптарын бұзып отырғанын ескертіп жатыр. Тіпті келісім талаптары орындалмаса, министрлік біржақты тәртіппен шартты бұзатынын мәлімдеді.

Мәселен, Александр Машкевичке тиесілі ERG компаниясының құрамына кіретін «Шұбаркөл Көмір» келісімшарт талаптарын орындамаған. Атап айтқанда, 2020 жылы жоспарлы 10,3 млн тоннамен салыстырғанда екі есе кем көмір өндірілген. 2021 жылы өндіріс жоспары 7,7 миллион тоннаны құрағанымен, 6,176 миллион тонна көмір өндірілген. Ал 2022 жылы компания 9,2 миллион тонна көмір өндіруі тиіс еді. Бұл жоспар 6,176 миллион тоннаға ғана орындалған.   

Бұндай хабарламады ірі мыс өндіруші компания да алды. Владимир Кимге тиесілі «Қазақмыс» корпорациясы да үш жыл қатарынан келісімшарт талабын бұзған. Келісім бойынша корпорация Қарағанды облысындағы «Спасск» мыс кен орнында мыс, алтын және ілеспе құрамын барлап, осы кен орнында бұрғылау жұмысын жүргізуі тиіс еді. Алайда компания 3 жыл қатарынан келісім шартын орындамаған.

Ал Qarmet көмір келісімшартын бұзғаны үшін 4,5 млрд теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттелді

Сондай-ақ оқыңыз