Саяси қызметте әйелдер үлесі 10 пайызға жетпейді – Тоқаев мемлекеттік қызметтегі теңсіздік мәселесін қозғады

Жарияланды (жаңартылды )
мемлекеттік қызметтегі әйелдер үлесі
Тоқаев жұмысқа тиянақты әрі мұқият қарайтын әйелдердің мемлекеттік қызметтегі үлесін арттыру керек деп санайды / Фото: kursiv.media

Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдер үлесі 10 пайызға жетпейді. Бұл жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында айтты.

«Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн, – деді президент.

Мемлекет басшысы сонымен бірге ғалымдарды, сарапшылар мен белсенді азаматтарды, әсіресе, еріктілерді қызметке тартудың маңыздылығына да тоқталды. Жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтын жандандыру қажет деп санайды.

Сондай-ақ Қазақстанда кеңінен қолданылатын теріс тәжірибе – мемлекеттік қызметкерлердің «командамен көшу» үрдісін сынға алды. Осы орайда, Президент Әкімшілігіне, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды. Олар мұндай әрекеттерге батыл тосқауыл қойып отыруы керек және агенттікке сондай құзырет берілуін қолдады.

«Жалпы, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке заң жүзінде қосымша құзырет беру қажет деп санаймын. Олар еліміздегі кадр саясатына конструктивті тұрғыдан ықпал ете алуға тиіс. Әрине, бұл Агенттік басшылығына айрықша жауапкершілік жүктейді», – деді Тоқаев.

Президент мемлекеттік қызметте білікті салалық мамандардың тапшылығы мәселесін де көтерді. Айтуынша, елдегі бизнес, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина, білім және басқа да секторларда табысты еңбек етіп жүрген адамдар көп. Нақты нәтижеге ұмтылып, тұтынушының қажеттілігін өтеу үшін жұмыс істейтін осындай мамандардың әлеуетін жұмылдыру қажеттігін айтқан президент, емлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізуді жалғастыруды ұсынды.

«Ол үшін жеке сектордан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке қабылдау ережесін анағұрлым еркін, жеңіл етіп жасау мәселесін мұқият пысықтау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл орайда президент мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін жеке сектормен бәсекелес еңбекақы белгілеу қажеттігіне тоқталып, оларды жұмысқа ынталандыруда Сингапур мен басқа да шетелдердің тәжірибесін қолдану қажеттігін атап өтті.

«Әрине, жалақы мен сыйақыны шектен тыс көп беруге болмайды. Бірақ таңертеңнен кешке дейін, уақытпен санаспай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге белгілі бір деңгейде материалдық өтемақы төленуі керек деп санаймын. Мәселе – өте өзекті. Біз мұны мемлекеттік қызметшілердің пайдасына шешеміз. Олардың баспана мәселесін де тиісті деңгейде шешу керек. Бұл бойынша Сингапур және басқа да елдердің тәжірибесіне назар аударған жөн. Олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімді әдіс-тәсілдерді қарастыру қажет, – деді.

Статистикаға сәйкес 2022 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55%-дан артқан (46,5 мың). Олардың 39%-дан астамы (9,2 мың) басшылық лауазымдарда қызмет етеді. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді, олардың арасында министрлер, Агенттік, Жоғары аудиторлық палата және Конституциялық сот төрағалары, сондай-ақ облыс пен қала әкімдерінің орынбасарлары бар.

Сонымен қатар Үкімет гендерлік нысаналы индикаторларды мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың даму жоспарларына енгізу арқылы олардың басшылық органдарында әйелдердің үлесін кезең-кезеңмен арттыру жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Жыл сайын қаржылық және қаржылық емес шаралар арқылы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау да артып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз