Өрт сөндірушілердің айлығы неге көтерілмейді?
ТЖ Министрі Шыңғыс Әрінов соңғы уақытта елдегі өрттер туралы жиі хабарлау олардың санының нақты өсуімен байланысты емес екенін айтты. Оның айтуынша, ведомствоның баспасөз қызметі құтқарушылардың жұмысына байланысты барлық оқиға туралы әлеуметтік желілерде хабарлай бастады.
«Мен алдымен өрттің көбеймегенін түсіндіргім келеді. Сіздер байқағандарыңыздай бәрі біздің ашықтыққа көшуіміздің нәтижесі. Біз 24/7 Telegram арнасында төтенше жағдайға байланысты барлық оқиғаны жариялаймыз. Ал біздің баспасөз қызметінің өкілдері дағдарыстық жағдайларды басқару орталығында тәулік бойы кезекшілік етеді. Сондықтан сіз қазір сенімді ақпаратты бірінші алуға мүмкіндігіңіз бар. Сол себепті телеграм-арналарға, БАҚ-қа жіберілгендіктен, осындай сезім пайда болады», – деп жауап берді Әрінов Үкіметтегі брифингте.
Сондай-ақ журналистер: «Бүгінде өрт сөндірушілердің жалақысы мардымсыз. Оны өзіңіз де білесіз. Биыл олардың жалақысы көтеріле ме? Оған бюджеттен қанша қаржы қарастырылған? Қазір өрт сөндірушілердің орташа жалақысы қанша?», – деген сұрақ қойды.
Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әріновтың жауабы мынандай;
«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың жалақысы сәл көтерілді. Бүгінде ең төменгі жалақы өрт сөндіруші сержантта – 180 мың теңге. Оның аз екенін мойындаймын. Бұл мәселе министрліктің бақылауында. (Жалақыны) көтеруге қадам жасап жатырмыз. Бүгінде Қазақстанда 18 мың өрт сөндіруші бар. Олардың жалақысын бір мезгілде көтеру мүмкін емес. Әрекетті біртіндеп жасаймыз«, – деді.
Айта кетейік, 2023 жылдан бастап өрт сөндірушілердің жалақысын 40%-ға арттыру жоспарланып отыр. Қазір ТЖМ бұл мәселені Қаржы министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен пысықтап жатыр деген ақпарат тараған еді. Алайда одан бері өрт сөндірушілердің айлығы өспеген, әлі де министрліктің бақылауында екен.
Естеріңізге сала кетсек, Маңғыстауда «ҚазТрансОйл» өрт сөндірушілері ереуілге шыққаннын жазған едік.
Сайттың ақпаратына сүйенсек, өрт сөндірушілер Ақтау, Жаңаөзен, Жетібай, Қаражанбас және Қаламқас қалаларындағы жұмыстарды тоқтатқан. Өмірзақ ауылының өрт сөндірушілері де ереуілге шыққан.
Өрт сөндірушілердің айтуынша, олар ай сайын 130-дан 150 мың теңгеге дейін жалақы алады. Бұған қоса, еңбек демалысына 80 мың теңге алатындарын айтқан. Олар өз жалақысын 350 мың теңгеге дейін көтеруді талап етіп отыр. Сонымен қатар жыл сайын берілетін мерекелік сыйақылардың 100% төленіп, киімдерінің сапалы мөлшермен берілуін талап өткен.