Депутаттық сауалымда жалған сөз жоқ, барлық деректі растаймын – сенатор

Жарияланды

Депутаттық сауал: сенатор СІМ өкіліне өкпелеген жоқ/Фото: kursiv.media

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровқа жауап берді. Сенатор Сыртқы істер министрлігіне өкпе-реніші жоқ екенін және осыған дейін үкімет басшысы мен Бас прокуратураға жолдаған депутаттық сауалындағы барлық деректі растай алатынын айтты.

«Менің қолымда нақты статистика бар. Депутаттық сауалымда жалған сөз жоқ, барлық деректі растаймын», деді сенатор.

Депутаттық сауал «хайп» үшін жолданған жоқ

Бізге берген сұхбатында Дархан Қыдырәлі шетелге сатылған балаларға қатысты депутаттық сауал «хайп» үшін жолданбағанын ашып айтты.

«Әрине, «хайп» үшін жолданған жоқ. Бұл бір ай бойы қоғамда талқыланған мәселе. Біз қоғамда қандай резонанс туып жатқанын көрдік. Бұл мәселе елімізге Жәнібек Мұрат деген бауырымыз келген кезде өте қызу талқыланды. Бұл желтоқсан айында болды. Біз мемлекеттік құрылымдардан бір ай шамасында жауап күттік. Бірақ ешқандай мемлекеттік құрылымдар жауап берген жоқ. Қаңтар айының басында осы мәселені біршама зерттеп, зерделеп, біраз құрылым басшыларымен осында жиын өткіздім. Соның ішінде балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкілетті өкіл Динара Зәкиева ханыммен, балалардың құқығын қорғау жөніндегі комитеттің басшылығымен, Білім министрлігінің өкілдерімен бірнеше жиын өткіздік және статистиканы мұқият қарадық.  Сонда бізден 30-ға тарта елге балалардың шыққанын көрдік. Содан кейін біз мемлекеттік құрылымдарға сауал жолдадық. Өйткені үнсіз отыруға болмайды ғой», – деді сенатор.

«Курсив» тілшісі депутаттан: «Африкаға кеткен балалармен байланыс үзілгенін растайсыз ба?» – деп нақтылады.

«Менің қолымда нақты факті бар, деректі растаймын. Африкада балалардың болғандығы маған келген үкіметтің ресми жауабында да бар», – деп жауап берді Қыдырәлі.

Сондай-ақ, сенатор әлеуметтік желідегі парақшасына  депутаттық сауалға Бас прокуратура мен үкіметтен келген жауаптың мәнін түсіндіріп жазды.

«Шетел асқан балалар туралы депутаттық сауалымызға Бас прокуратура мен Үкіметтен тиісті жауап келді.  Үкімет басшысының орынбасары Т.Б.Дүйсенова қол қойған жауап хатта төмендегідей жайттар айтылған. Оқу-ағарту, Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат министрліктері мен Бас прокуратура және Шекара қызметіне әкімдіктермен бірлесе отырып, мұрағат деректері негізінде 1991-2012 жылдары аралығында шетелге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу тапсырылды; Соңғы екі жылда балаларды өз отбасыларына алғысы келетін қазақстандық азаматтардың көбеюіне және шетелдік асырап алуға жататын балалардың болмауына байланысты аккредиттелген агенттіктердің қызметі тоқтатылды; Балаларды тәрбиелеуге тілек білдірген азаматтардың республикалық деректер банкі іске қосылды; 18 жасқа толуына байланысты 33 бала тіркеуден шығарылған (соның ішінде Оңтүстік Африка Республикасында 30 бала); Елшіліктер тарапынан шетелдегі балалардың жай-күйін бақылау тұрақты жүргізілуде, түрлі іс-шаралар мен кездесу өткізілуде…» – деп жазды депутат әлеуметтік парақшасында.

Дархан Қыдырәлі бұл «хайппен» емес, байыппен қаралуға тиіс мәселе екенін түсіндірді.

«Бұл мәселеге эмоциямен емес, ғылыми тұрғыда, жалпы мемлекеттік тұрғыда қарауымыз керек. Бас прокуратураның 2014 жылы айтқан бірыңғай мәліметтер жүйесін құру қажет. Бұл «хайппен» шешілетін мәселе емес», – деді сенатор.

Депутаттық сауал не туралы?

Естеріңізге салайық, 2024 жылғы 18 қаңтарда сенатор Дархан Қыдырәлі 1999 жылға дейін шетелге сатылған балалар туралы зерттеу жүргізу мәселесін көтеріп, шетел азаматтары асырап алған балаларға қалауына қарай Қазақстан азаматтығын беруді ұсынды.

«…Еліміздің Бас прокуратурасы 2014 жылы шетел асқан балалардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, тексеріс жүргізді. Жетім балалар мен оларды асырап алуға ниет білдірген азаматтардың бірыңғай мәліметтер жүйесін құруды ұсынды. Бұл тексерістің нәтижесі және қабылданған шешімдердің орындалу барысы бізге беймәлім», – деді депутат.

Дархан Қыдырәлі Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 баланың бақылауға алынған, алынбағаны белгісіз екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Оңтүстік Африкадағы – 30, АҚШ-тағы – 104, Белгиядағы – 113 баламен баламен байланыс жоқ екеніне назар аударды.

Сенатор Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 баланың бақылауға алынған, алынбағаны белгісіз екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Оңтүстік Африкадағы – 30, АҚШ-тағы – 104, Белгиядағы – 113 баламен баламен байланыс жоқ екеніне назар аударды.

Ресми өкіл сенатордың сөзін жоққа шығарды

Айта кетейік, биыл 22 қаңтарда Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров сенат депутатының сөзі шындыққа жанаспайтынын жариялады.

«Бірнеше бала туралы ақпарат жоқ» деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Біз барлық балаға қатысты ақпарат жинаймыз. Кейбір кезде бір мекенжайдан басқа мекенжайға көшіп кеткенде ғана ақпарат болмай қалуы мүмкін», – деді Айбек Смадияров журналистерге арналған брифингте.

СІМ ресми өкілі «асырап алынған қазақ балалары экзотикалық елдерге кетті» деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Тоқсаныншы жылдары қазақ балалары шетелге алғаш жіберіле бастағанда «тек Батыс елдерінің өкілдеріне берілсін!» деген талап болған. Батыс елдерінің азаматтары сол елдерде дипломат болып жұмыс істеуі мүмкін. Солар асырап алған. Біз балаларды Африка елдеріне берген емеспіз», – деді Айбек Смадияров.

Журналист ресми өкілден: «Сенатор Дархан Қыдырәлі Африка елдері асырап алған 120 бала туралы айтты. Олармен байланыс үзілгенін жариялады. Сонда бұл ақпарат өтірік пе?» – деп сұрады.

«Ақпаратты қайдан алғанын білмеймін. Біздегі ақпаратқа сәйкес, Африка елдеріне бала берген жоқпыз. «Балалармен байланыс үзілді» деген сөз шындыққа жанаспайды», – деп нақтылады Айбек Смадияров.

Сондай-ақ оқыңыз