Бітпейтін «зерделеу»: Қазақстанның шығыс өңіріне газ қалай жеткізіледі?
«Рудный – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен – Зайсан» бағытындағы газ құбырының құрылысына 778 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл құбырмен Қазақстанның батыс өңірінен шығысына газ жеткізу жоспарланған. Энергетика министрлігі екінші нұсқа ретінде Ресей Федерациясынан газ тарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлады.
ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Риддер қаласының тұрғындарымен кездесуінде аймаққа газ тарту мәселесіне тоқталған.
Шенеунік Ресейден газ импорттау мәселесі көршінің «Газпром» жария акционерлік қоғамымен бірге зерттеліп жатқанын тағы да айтқан.
«Ресей Федерациясы – Қазақстан Республикасы – Қытай Халық Республикасы» газ құбырын салу жөніндегі «Газпром» жария акционерлік қоғамымен бірлесіп зерттелуде», – делінген хабарламада.
Ресейден қашан газ импорттаймыз?
«Ресей Федерациясы – Қазақстан Республикасы – Қытай Халық Республикасы» халықаралық газ құбырын салу мәселесі «зерделеніп» жатқанына біраз болды. 2023 жылдың ақпанындағы Үкімет отырысында Энергетика экс-министрі Болат Ақшолақов министрлік шығыс өңірлерге газ тартудың 2 нұсқасын қарастырып жатқанын мәлімдеді
«Біріншісі, «Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен» бағыты бойынша газ құбырын салу. Екіншісі, Қазақстан мен Ресей арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасы шеңберінде Ресей Федерациясынан газ импорттау», – деген ол.
Жалпы, 2023 жылы 160 мың тұрғыны бар 55 елдімекенге газ тарту жоспары болған. Бұл мақсатқа 73,9 млрд теңге бөлінген.
Бір қызығы, қазіргі министрі Алмасадам Сәтқалиев те 2023 жылы жазда Павлодар облысына жұмыс сапарында дәл осы сөздерді қайталаған. Сәтқалиев Екібастұз қаласының тұрғындарымен кездесуде аймаққа газ жүргізуге қатысты екі нұсқа қарастырылып жатыр деген.
2023 жылдың қазан айында министр ішкі нарық тапшылығын өтеу үшін Қазақстан Ресейден газ сатып алатынын айтқан.
Қазақстанның 2015-2030 жылдарға арналған газ жүргізу схемасына сәйкес, 2030 жылға дейін ел аумағын газбен қамту 65%-ға жетуі керек. Оның іске асыру үшін газ тасымалдау жұмысын дамытуға жалға 103 млрд теңге бөлінген. Ұлттық қордан 85,8 млрд теңге, Үкімет резервінен 16,9 млрд теңге қарастырылған.
Алайда былтыр жазда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бөлінген қаражаттың бір бөлігі игерілмей қалғанын мәлімдеді. Жоғарғы есеп палатасының қорытындысына сүйенген депутат, Энергетика министрлігі бойынша 8,9 млрд теңге игерілмей қалғанын айтты. Нәтижесінде 105 елді мекен, 3 қала газбен қамтылмаған.
Halyk Finance сарапшылары Қазақстан газ тапшылығы алдында тұрғанын айтады. Мамандар үкімет бүкіл елде газ жүргізу мәселесінде асығыстық танытып отыр деп тұжырымдайды.
Ірі инвестицияны қажет етуі, геологиялық барлау жұмыстарының ұзаққа созылған. Салған қаржының ақталуы ықтималдығы да төмен. Сондықтан, туындаған газ тапшылығын тек жаңа жобалар есебінен қысқа мерзімде толығымен жабу екіталай. Осы тұрғыда мамандар ұзақмерзімді жобалар жылдам нәтиже бермейтінін еске салады.