Алматы билігі әуежай маңындағы ұшу жолағын кеңейту үшін 100-ден аса жер телімін қайтарып алады
Алматыда әуежайдың ұшу-қону жолағын кеңейту көзделіп отыр. Ол үшін ауданы 17,4 гектар 104 жер телімін қала балансына қайтарып алу жоспарлануда.
Алматыдан бөлек Шымкентте де әуежай маңындағы жер телімдері мемлекетке қайтарылмақ. Бұл туралы вице-премьер Роман Склярдың депутаттар сауалына берген жауабында жазылған.
Еске сала кетсек, 1 ақпан күні «Ақ жол» партиясының депутаттары премьер-министрдің орынбасарына сауал жолдаған. Құжатта 2019 жылғы Bek Air ұшағының апатты жағдайда қонуы, ұшу-қону жолағынан шығуын жан-жақты тексеруді талап етті. Депутаттар еліміздің түкпір-түкпіріндегі әуежайларға жақын орналасқан ғимараттарды алып тастау қажет деп есептейді.
Сауалға жауап берген Роман Скляр тергеудің аяқталып қойғанын айтты. Ұшақ апатының себебін де еске салды. Оның айтуынша, бұған ұшақ қанатына мұз қату ықпал еткен.
«Әуежай аумағын дамытуға келетін болсақ, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі кедергілерді жою жұмыстарын бастады. Алматы билігі ұшу-қону жолағын кеңейту үшін 104 жер телімін қайтарып алуды жоспарлап отыр. Әрі қолданыстағы қоршаудан 60 метрдей қашықтықтағы тағы 49 жер телімі қайтарылады. Сондай-ақ Алматы облысының Талғар ауданында 7,3 гектар жер телімдері алынады. Шымкентте де санитарлық-қорғау аймағында орналасқан 307 жер телімі мемлекетке қайтарылады», – деп жазылған жауапта.
Басқа өңірлерде әкімдіктер әуежай маңындағы жер телімдерін анықтау жұмыстарын жалғастыруда.
Бұған дейін Қазақстанның Авиация әкімшілігі ұшу-қону жолақтарындағы кедергілерді жою үшін Алматы облысында 190, Алматыда 40 жер телімін қайтарып алу қажет екенін хабарлаған болатын.
Еске сала кетсек, 2019 жылы «Фоккер-100» ұшағы аэродром аумағынан шығып, сол жерде салынған үйге соғылған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 47 адам ауыр жарақат алды.Осыдан кейін авиациялық тергеу комиссиясы оқиғаға байланысты жер телімдерін беруге және аэродром аумағында құрылыс салуға қойылатын талаптарды қатаңдату жөнінде ұсыныстар жасады.
Алматы әуежайы жаңа терминалының құрылысына 200 млн доллар жұмсалған.