Еуропалық Одақ Ресеймен жұмыс істеген қазақстандық компанияларға санкция салды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
ЕО қазақстандық компанияларға санкция салды / Фото: Shutterstock

Еуропалық Одақ «Ресей әскери-өнеркәсіп кешенін қолдағаны үшін» бірқатар компанияларға, соның ішінде қазақстандық компанияларға қарсы санкция салды. Бұл туралы Еуропалық кеңес жариялаған құжатта жазылған.

Еуропалық Одақ Ресейге қарсы 13-ші санкциялар пакетін жариялады. Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін тікелей қолдайтындардың тізіміне 27 ұйым енгізілді.

«Бұл ұйымдардың кейбірі үшінші елдерде орналасқан. Оның ішінде, Қазақстан, Үндістан, Шри-Ланка, Қытай, Сербия, Таиланд және Түркия бар. Екіұшты мақсаттағы тауарлар мен технологияларға, сондай-ақ ресейлік қорғаныс және қауіпсіздік секторы технологияларын жетілдіруге ықпал ететін тауарлар мен технологияларға қатаң экспорттық шектеулер қойылады», – деп жазылған құжатта.

Компанияларға «сауда шектеулерін айналып өтуге қатысы бар» деген айып тағылып отыр. Сонымен қатар, Еуропалық Одақ 106 жеке және 88 заңды тұлғаға шектеу енгізді. Оның барлығы жаңа санкциялар пакетінде қамтылған.

«Оларға Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіруге немесе қауіп төндіруге бағытталған әрекеттеріне байланысты санкция салынды», – деп жазылған ЕО хабарламасында.

Бұл ретте ЕО компаниялардың нақты атауларын атамады.

Естеріңізге сала кетейік, Financial Times ЕО-ның жаңа санкциялар пакеті қазақстандық компанияларға әсер ететінін хабарлаған болатын.

2023 жылы 29 қыркүйекте Еуропалық комиссия сарапшылары бірқатар елдерге ескерту жасады. Атап айтқанда, Ұйым Ресейге қарсы санкциялардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуін талап етті. Сонымен қатар тиісті шараларға мән беруге шақырды. Сынға ұшыраған мемлекеттердің арасында Қазақстан да болды.

Бұған дейін Астана бейтараптық пен көпвекторлық саясат аясында Батыстың шектеулеріне бағынатынын бірнеше рет атап өткен.

Тіпті 24 мамырда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «Қазақстан Ресейге дрон мен чип жеткізіп отырған жоқ», – деп ресми мәлімдеме жасады.

Бұған БАҚ бетінде жарияланған «Қазақстаннан Ресейге дрондар мен чиптер тасымалданғаны» туралы ақпарат негіз болды.

Былтыр 19 қазанда Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Сенат кулуарында Қазақстан Ресейге 106 тауар экспортын шектегенін мәлімдеді. Олардың арасында дрон мен чиптер де болған.

Сондай-ақ оқыңыз