Экология министрлігі Әлия Назарбаеваға қатысты «ӨКМ Операторы» орнына утиль алымының жаңа бағдарламасын әзірледі

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Утиль алымының жаңа талаптары әзірленеді / Фото: shutterstock

Экология министрлігі утиль алымы бойынша жаңа бағдарлама әзірледі. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.

«Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл даму» АҚ-мен бірлесіп, көлік құралдарын, сондай-ақ өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратудың жаңа бағдарламасын әзірледі», – деп хабарлады министрлік.

Бағдарламаға қара металды қайта өңдеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын барлық кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Министрлік бір кәсіпорынның монополиясы болмайды деп сендіріп отыр.

«Ескі автокөлікті қайта өңдеу үшін төлем алынатын шикізатқа меншік құқығы болып табылады. Ескі көліктердің иелеріне жеңілдік сертификаты ұсынылады. Оның номиналы белгіленген тәртіппен анықталады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта ережелер жобасы әзірленіп үлгерген. Алдағы уақытта құжат бекітіліп, қазақстандықтарға ұсынылады.

Утилизация алымы – мемлекетке төленетін бір реттік төлем, ол келешекте көлікті утилизацияға жіберген кезде жұмсалуға тиіс қаржы. Қазақстанда көлікті елге алып келгенде төленетін утильалым 2016 жылы 1 қаңтарда енгізілді. Кейін қоғам тарапынан сынға ұшырап, 2022 жылы қайта қаралды. Сол жылғы мамырда утиль алымның жаңа мөлшерлемелері жарияланды. Төлем 50%-ға азайды.

Қазіргі таңда бұл іспен «Жасыл Даму» АҚ айналысады. Даулы істерден соң аталған компанияға Әлия Назарбаеваға қатысты «ӨКМ Операторы» активтері мен функциялары берілді.

Бұған дейін «ӨКМ Операторы» ЖШС ісі бойынша бұрынғы экология вице-министрі мен тағы бірнеше шенді істі болған. Ұйымның бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұқтарова ұйымға тиесілі 920 миллион теңгені заңсыз иемденді деген айыппен жеті жылға шартты түрде сотталды. ЖШС-де қаржы директоры болып жұмыс істеген Рустам Темірбеков қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін бір жылға сотталды.

Утильалымды актокөлік өндірушілер, ресми импорттаушылар және автомобильдерді Қазақстанға әкелгісі келетін жеке тұлғалар төлеуге міндетті. Қозғалтқыш көлемі мен автокөлік түріне байланысты ол бірнеше миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз