Қаржылық жоспарды дұрыс жасаудың 5 қадамы

Жарияланды
Қаржылық жоспарды дұрыс жасаудың 5 қадамы/kursiv.media

Жыл аяқталар тұста көбі өзіне есеп беріп, жаңа жылға жоспар жасай бастайды. Дегенмен барлығы бірдей ойға алған істерін орындауға дереу кірісіп кетпейді. Мәселен, 2024 жылдың басталғанына үш айға таяп қалды. Егер сіз де желтоқсанда күнделікке арман-мақсатты тізіп, бірақ жүзеге асыра алмай жүрсеңіз, қаржылық жоспарды дайындағанда жасалуы керек қадамдар жайлы айтамыз.

Айқын мақсат нақты әрекетке негіз

1. Ең алдымен мақсатыңызды анықтап алыңыз. Армандаған артық етпейді. Бірақ мақсат қойған абзалырақ. Өйткені армандағанда біз еш шектеу қоймаймыз. Тіпті аспандағы айды алсам деп те қиялдап кетуіңіз ғажап емес. Сондықтан мақсат қылып бекітіп алған жөн. Екеуінің басты айырмашылығы сол — мақсатта сома нақтырақ. Айталық, 2024 жылы автокөлік алғыңыз келеді. Ол үшін алдымен машинаның сипаттамасын нақтылап алыңыз. Қай жылғы, қозғалтқышы неше, қанша аттың күші бар — бәрін анықтаған дұрыс. Одан соң нарықтағы ахуалды зерттеңіз. Сіз қалаған сипаттамаларға сай қандай көліктер бар? Соның ішінен бір модельге тоқталыңыз. Мысалы, «2020 жылғы Toyota Camry алғым келеді» деп тоқталдыңыз делік.

Енді бағасы мен алудың қандай тиімді жолдары барын қарастырасыз. Бәлкім, трейд-ин ұсыныстар шығып қалар. Болмаса, жеңілдетілген автонесиеге үлгерерсіз. Әлде бірнеше ай жинап, қолма-қол аласыз ба? Барлығы қаржылық жағдайыңызға байланысты. Бір көлікке тоқталғаннан кейін қаражат мәселесін тереңірек ойластырыңыз. «Әлін білмеген әлек» демекші, «қырамын, жоямын» деп ойға қонымсыз жоспар жасап алмаңыз. Мәселен, сіз қалаған автокөлік 13 миллион теңге тұрады. Қазір қолыңызға жарты ақшасы тұр. Енді 2025 жылға дейін (12 ай ішінде) 6,5 миллион теңге жинау керек. Оны 12 айға бөлсек, керек сома — 542 мың теңге. Міне, мақсат нақтыланды.

Жоспардағы жүйелілік

2. Енді біз үшін не маңызды, не бірінші орында — соны анықтап аламыз. Бір жылға жоспар жасағанда бір ғана мақсат болмайды. Бірі ұсақ, бірі үлкен болуы мүмкін. Соның бәрін тізбектеп шыққан соң, ендігі кезекте соның қайсысы алдымен орындалуы қажет екенін нақтылаймыз. Әрине, қиялға ерік беріп барлығын бір демде орындап тастағымыз-ақ келеді. Әйтсе де, ол қолдан келе бермейді. Сол себепті байыппен ойлануымыз керек. Мысал ретінде былай алайық. Сізде 2024 жылы орындауыңыз керек үш мақсат бар. Жұмысқа автобуспен қатынап шаршаған соң, болмаса таксиге кететін шығын көбейгендіктен, не болмаса қазіргі мініп жүрген көлігіңіз ескірмеген себепті жаңа машина алғыңыз келеді. Одан кейінгі мақсат: жазда еңбек демалысын ауылда емес, шетелде өткізсем деген ойыңыз бар. Үшіншісі — жыл соңына қарай, Apple дәстүр бойынша күзде жаңа Iphone моделін таныстырғанда смартфоныңызды ауыстырғыңыз келеді. Бізге барынша тиімді тәсілді қарастырған дұрыс. Сондықтан алдымен қайсысын, одан кейін қайсысын іске асыру керегін анықтаймыз. Машина жылдың басында әдетте қымбаттайтын болса, онда оны сәл кейінге ысырып, оның орнына билет бағасы арзандау, күн де қатты ыстық болмайтындай демалысқа бару керек болар?! Ал машинаны жылдың соңына қойып, көктем не жазда Iphone-ның кейінгі моделі арзандағанда алса қалай болады? Осылайша жан-жақты қарастырып, таразыға салған жөн.

Мақсатқа қарай ақша жинау

3. Мақсатымыз нақтылана түсті. Енді қалтамызға қарап, жағдайымызды бағып, ақшамызды санаймыз. Жақсы ойда болған, жақсыдан үміт еткен дұрыс, әлбетте. Әйтсе де, қаржылық жоспар жасағанда олай етпейміз. Бізге өз күшімізді білген дұрысырақ. Қаржылық жағдайыңызды бағалаңыз. Армандау тегін. Оны қалаған кезде істей бересіз. Дегенмен қорда ақшаңыз жоқ бола тұра, құр армандап жүре беруге болмайды. Ал жинағыңыз болса, онда есептеп, мақсаттарыңызды жүзеге асыруға жете ме, қанша қосу керегін біліп алыңыз. Не істейміз?

Ақша жинаудың қарапайым шарттары

Табысымыз бен шығынымыздың көлемін анықтаймыз. Яғни сізде ақша артыла ма, артылса — қанша соны білуіміз керек. Егер жинаққа деп алып қоятындай қаражат болмаса, онда табысымызды қалай арттыруға болатынын, ол үшін не істейтінімізді ойланамыз. Мұндағы мақсат — соманы білу. Одан соң алғыңыз келетін дүниеге қол жеткізу үшін қанша уақыт керегін біліп алыңыз. Артылатын ақша мен қалауыңызды салыстырыңыз. Қолыңыздан келе ме? Қандай жоспар құру керек? Соны нақтылаңыз. Мәселен сіз жоғарыдағыдай үш нәрсені жоспарлап, мақсат қойдыңыз: автокөлік, саяхат және телефон. Оларға қанша қаражат керегін есептеп, қайсысынан соң қайсысын алу қажетін, қаншадан жинайтыныңызды — бәрін шегелеп қойыңыз. Қолыңыздан нақты келетін затты ғана алуды мақсат тұтыңыз. Саяхатқа ақша жинау үшін, бәлкім, айына азғантай сомадан алып қойып, жұмыстан еңбек демалысына түсетін жалақыны есептеп көрген жөн болар. Машина алуға жетпей тұрған соманы қанша айда шығара аласыз? Iphone-ды қандай қосымша табыс тауып ала аласыз? Бәрін жүйелеп, реттеп алған жөн. Табыс пен шығынды кестеге салып, есептеп көрсеңіз тіпті жақсы.

АйТабысШығынҚалдық
Қаңтар700 000 теңге (айлық)300 000 теңге400 000 теңге
Ақпан700 000 теңге (айлық)300 000 теңге400 000 теңге
Наурыз800 000 теңге (айлық + қайтарылған қарыз)300 000 теңге500 000 теңге
Сәуір800 000 теңге (айлық + қосымша табыс)300 000 теңге500 000 теңге
Мамыр700 000 теңге (айлық)300 000 теңге400 000 теңге
Маусым1 400 000 теңге (айлық + еңбек демалысында берілетін материалдық көмек)300 000 теңге1 100 000 теңге
Шілде700 000 теңге (айлық)300 000 теңге400 000 теңге
Тамыз900 000 теңге (айлық + қосымша табыс)300 000 теңге600 000 теңге
Қыркүйек700 000 теңге (айлық)300 000 теңге400 000 теңге
Қазан700 000 теңге (айлық)300 000 теңге400 000 теңге
Қараша700 000 теңге (айлық)300 000 теңге400 000 теңге
Желтоқсан800 000 теңге (айлық + қосымша табыс)300 000 теңге500 000 теңге
Қорытынды9 600 000 теңге3 600 000 теңге6 000 000 теңге

Ақша жинауда ескеретін жайттар

Бұл кесте үлгі ғана. Бастысы, шығынды нақты есептеп, табысты қолыңыздан келетін, расында таба алатында мөлшерде көрсетіңіз. Яғни айына сізде артылатын сома көбеймесе, азаймауы қажет. Сондай-ақ мұндай кесте жасаған кезде мереке, туған күн, айтулы даталарды ескеріңіз. Мысалы, жаңа жылда отбасыңызға сыйлық беретін болсаңыз, оны желтоқсандағы табыстан алып отырасыз. Сол секілді жақындарыңыздың тойына да аяқ-асты шақырған кезде қалтаңызда артық ақша болуы қажет. Мұндай форс-мажорды шығынның есебіне қосып отырыңыз. Кей айда той болмай қалса, оны бөлек жинап, келесі айтулы күндерге жинай берсеңіз болады. Өзіңізді өзіңізден артық ешкім білмейтіндіктен, кестені ерінбей отырып, уақыт қиып жасап қойғаныңыз дұрыс. Болуы мүмкін шығынның бәрін көрсетіңіз. Қалауыңызға қарай күрделендіріп, бағандар қоссаңыз да болады.

Шығынды азайтып, кірісті көбейту жолдары

4. Шығын мен кірісті есептеп алдық. Одан соң шығынды азайтып, табысты көбейтудің қандай жолы барын ойланамыз. Алдыңғыдай кесте жасағанның пайдалы тұсы көп. Соның бірі — қаражатыңыздың мөлшерін анықтайтыныңыз. Жай күні сіз тапқаныңызды керек емес дүниеге көп шығындауыңыз мүмкін. Осындай кестенің арқасында түзетуді үйренесіз. Шығынды қалай азайтуға болады? Сонымен бір айдағы шығындарыңызды қарап алдыңыз. Енді қазіргі өмір сүріп жатқан қалыптай таймайтындай, қандай шығыннан бас тартуға болатынын ойластырыңыз.

Айталық, күнде таңертең үйдің астындағы кофеханадан шыныаяқ кофе алып кететін әдетіңіз бар. Сол кофені үйден қайнатуға да, жұмыстағы кофемашинадан да ішуге болады. Күніне бір кофе 1500 теңге кетеді. Сонда жылына сізде жарты миллион теңгеге жуық ақша тек кофеге кетеді деген сөз. 547 500 теңгеге біраз зат сатып алуға болады, солай емес пе? Автобуспен не жаяу баратын жерге такси шақыратын әдетті де ысырып қойсаңыз болады. Түскі асты күнде кафеден ішпей, үйден әкеліп көріңіз. Осы сынды шығындарды тізбектеп шығып, ішінен таңдап, қайсысынан үнемдей аласыз — соларды қысқартыңыз. Мақсатыңызға жету үшін кей нәрселерден уақытша бас тартқанда тұрған ештеңе жоқ.

Табысты қалай арттырамыз?

Мұның сан-түрлі жолы бар. Алға қойған мақсатты іске асыру үшін табысты көбейту — керемет мотивация. Қазір біраз еңбектенсеңіз, есесіне бірнеше айдан кейін шетелге шығып, автокөлік мініп, кейінгі модельдегі телефон аласыз. Ең көп таралған тәсілдерге тоқталайық:  

  • Қосымша жұмыс істеңіз. Жұмыста сондай мүмкіндік шығып қалуы мүмкін. Егер кезекпен істейтін жұмыста болсаңыз, басшыңызға ескертіп қойыңыз. Біреу жұмысқа шыға алмаса, сізді шақыруына болатынын біліп жүрсін. Болмаса, жұмыстан тыс уақытта тағы басқа бір жұмысқа тұрсаңыз болады. Егер қабілетті қызметкер болсаңыз, айлығыңызды көтеруін сұрай аласыз. Одан қысылудың еш қажеті жоқ.
  • Бар қабілетіңізді пайдаланып, монетизациялаңыз. Қазір жаңа мамандық игеру оп-оңай. Егер қосымша табыс қажет болса, өзіңізге ұнайтын бір мамандықтың курсын оқып алсаңыз болады. Шаштараз, мейк-ап шебері, лашмейкер сынды түрлі кәсіпті игеріп көріңіз.
  • Инвестициялауды үйреніп көріңіз. Трейдиңмен айналысыңыз. Қазір табысты сақтап қана қоймай, арттыруға көмектесетін түрлі нарық құралы бар. Оның ішінде федералды займ облигацияларын айтуға болады. Бұл — сенімді құралдардың бірі. Сонымен бірге акциялар, қорларды да қарастырыңыз. Бірақ бұл жерде тәуекелге бас тігетініңізді есте ұстаңыз.

5. Арагідік жоспарыңызды шолып отырыңыз. Өйткені өмір аумалы-төкпелі. Тоқсан сайын қайта қарап, өзгертетін тұстар болса, өзгертіңіз. Аяқ-асты әлдебір жағдай болып қалуы мүмкін. Жұмыстан шығып қалу, балалы болу секілді түрлі нәрсе болады. Бәлкім, айлығы көбірек жұмысқа ауысып қаларсыз. Сондықтан осы сынды тұстарды дер кезінде жаңартып отыру үшін мақсатыңызды тізіп жазған жоспарды қарап қойыңыз.

Көпшіліктің жиі жіберетін қателіктері

Ең алғашқысы — мерзімін дұрыс жоспарламау. Қаржылық жағдайын, шығыны мен кірісін дұрыс есептемеген кезде адам алты ай уақыт керек болғанда үш айда іске асырам деп қателесуі мүмкін. Сондықтан өзіңізді алдамаңыз. Плюске өзгерсе, керемет. Минусқа кетіп қалмауыңыз маңызды. Одан соң кейбірі ұзақ мерзімге арналған жоспар жасағанда қазіргі ахуалға қарайды. Бұл да қате. Өйткені уақыт ұзақ болған сайын инфляция мәселесін ескеру қажет. Тіпті бір жылға жоспар жасағанның өзінде инфляцияны ескеру керек. Одан қала берді тәуекелдерді де ұмытпауымыз қажет. Қымбат зат алайын деп жатсаңыз, табысты әртараптандырып, шығындарды уақытша азайту мәселесін ескеріңіз. Жоғарыда айтқандай, аяқ-асты болуы мүмкін жағдайларға деп бөлек ақша жинап қойыңыз. Сонда ол жоспарыңызды құртпайды. 

Сондай-ақ оқыңыз