Қазақстанда орташа зейнетақы көлемі өсіп, БЖЗҚ-дағы жиналған қаржы өткен жылмен салыстырғанда 22% ұлғайған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
орташа зейнетақы
Қазақстанда орташа зейнетақы мөлшері өсті. Фото: kursiv.media

2024 жыл басынан бері қазақстандық 2,3 млн зейнеткерге республикалық бюджеттен 306,8 млрд теңге зейнетқы төленген. Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері – 132,3 мың теңге. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Жалпы 306,8 млрд теңгенің 96,4 млрд теңгесі базалық зейнетақы төлеуге жұмсалған. Ал ынтымақты зейнетақы төлеуге 210,4 млрд  теңге бөлінген.

2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 346 теңге. Соның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 810 теңге болса, базалық зейнетақы – 42 536 теңге.

1 қаңтарда орташа жиынтық зейнетақы 120 744 теңгені құраған. Соның ішінде ынтымақты зейнетақы – 82 868 теңге, базалық зейнетақы – 37 876 теңгеге тең болған. Осылайша, орташа жиынтық зейнетақы 11 602 теңгеге өскен.

2018 жылғы 1 шілдеден бері мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте министрлік «зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлем мөлшері соғұрлым көп болатынын» атап өткен.

БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағы қанша?

Қазіргі кезде қазақстандықтардың 12,3 млн жеке шотында жиналған зейнетақы жинағы 18,1 трлн теңгеден асқан. Қаңтар айында шамамен 240,5 млрд теңгеге (1,3%) өскен. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда зейнетақы жинақтары 3,3 трлн теңгеге (21,9%)  көбейген.

Негізгі сома міндетті зейнетақы жарналарын есебінен қалыптасқан. Қазір ол 17,5 трлн теңгені құрайды. Ал міндетті кәсіптік жарна көлемі 578,2 млрд теңге болса, ерікті зейнетақы жарналары  5,5 млрд теңгеден асқан.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, қолданыстағы жинақтаушы жүйеге жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) да түсіп отырады. ЖМЗЖ шамасы әрбір қызметкердің ай сайынғы табысынан есептеледі: 2024 жылғы 1 қаңтарда 1,5% мөлшерден басталып, 2028 жылы 5% жеткенше жыл сайын өседі. ЖМЗЖ төлемдерін зейнетке 2038 жылы шығатын қызметкерлер ала бастайды.

«Бұл шара болашақта алатын зейнетақысының мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болатын 1975 жылдан кейін туған қазақстандықтарды қолдауға бағытталған. 2024 жылдың бірінші айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы 1,1 млрд теңгеден асты», -делінген хабарламада.

2024 жылдың бірінші айында БЖЗҚ салымшыларына  63,4 млрд теңге төледі. Оның ішінде жасына байланысты төлемдер 15,5 млрд теңгені құраған.

БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша орташа айлық төлемнің мөлшері – 34 162 теңгеал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы – 945 752 теңгеге жеткен. 2023 жылдың осы кезеңінде кесте бойынша орташа айлық төлем 30 040 теңге, ал ең жоғары төлем 742 692 теңге болған еді. 

БЖЗҚ мен жеке басқарушы компаниялар зейнетақы активтерін инвестициялық басқару нәтижесін ұсынған.

Сондай-ақ оқыңыз