1 наурызда телефон мен құрылғылардағы сағат автоматты түрде ауысуы үшін не істеу керек?

Жарияланды
уақыт белдеуіне
Құрылғылар жаңа уақыт белдеуіне көшпеген жағдайда қолдау орталықтарына хабарласуға болады / Коллаж: kursiv.media

1 наурыз күні телефон мен құрылғылардың уақыты автоматты түрде UTC+5 уақыт белдеуіне көшу үшін не істеу керек? Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі арнайы нұсқаулық жариялады.

2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Қазақстан Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан басқа барлық аймақтар бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Соған орай пайдаланушылар ұялы телефондар мен құрылғылардың ақпараттық жүйелерінен Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) көшу туралы хабарламалар ала бастаған. Осы орайда Цифрлық даму министрлігі қазақстандықтарға оларды жаңарту және жаңа уақыт белдеуіне уақтылы көшу бойынша әмбебап нұсқаулықтар дайындады.

Уақыт автоматты түрде жаңа уақыт белдеуіне көшу үшін құрылғыларды бағдарламалық жасақтамасын соңғы нұсқаға дейін жаңарту қажет.

«Құрылғыда автоматты жаңарту қосулы болса, уақытты автоматты анықтау параметрлерде қосылған және интернетке қосулы болған жағдайда, уақыт автоматты түрде өзгереді, егер болмаса, оны арнайы нұсқаулық арқылы азаматтар өздері өзгертуі керек»,деп ескертеді министрлік.

Әр жүйе қолданушылары келесі нұсқаулықтарды орындау арқылы уақытты өздері ауыстыра алады.

Windows

  1. Басқару тақтасы > Сағат және аймақ > Күн мен уақыт тармағын ашыңыз.
  2. «Интернет уақыты» қойындысына өтіп, «Параметрлерді өзгерту» түймесін басыңыз.
  3. Интернет уақытымен «Синхрондау» опциясы қосылғанына көз жеткізіңіз және «Қазір жаңарту» түймесін басыңыз.
  4. Автоматты жаңарту жұмыс істемесе, күн мен уақыт қойындысына өтіп, «Күн мен уақытты өзгерту» түймесін басып, дұрыс уақытты қолмен орнатыңыз.

macOS

  1. Жүйе баптаулары > Күн мен уақыт тармағын ашыңыз.
  2. Күн мен уақытты автоматты түрде орнату опциясы таңдалғанын тексеріңіз.
  3. Қолмен конфигурациялау қажет болса, осы опциядан арнайы белгіні алып тастап, қажетті өзгертулерді өзіңіз енгізе аласыз.

Android

  1. Параметрлер > Жүйе > Күн және уақыт тармағын ашыңыз.
  2. Күн мен уақытты автоматты түрде анықтау жолағын таңдап, автоматты уақыт белдеуін қосыңыз.
  3. Автоматты орнату жұмыс істемесе, осы опцияларды өшіріп, күнді, уақытты және уақыт белдеуін өзіңіз енгізген жөн.

iOS (iPhone мен iPad) құрылғылары үшін

  1. Параметрлер > Жалпы > Күн мен уақыт тармағына өтіңіз.
  2. Күн мен уақыт параметрі опциясын автоматты қосыңыз.
  3. Қажет болса, бұл опцияны өшіріп, дұрыс уақыт пен күнді қолмен орнату қажет.

Егер сағат ауыспай жатса немесе қандай да бар кедергілер туындаса операциялық жүйе жаңартуларын тексеру керек. Жаңартылмаған болса құрылғыны соңғы нұсқасына дейін жаңартқан абзал. Болмаса кейбір операциялық жүйелер баламалы уақыт серверлерін таңдауға мүмкіндік береді. Солардан ыңғайлысын таңдау қажет. Сонымен қатар уақыт белдеуі параметрлерін тексеру қажет. Онда орналасқан жеріңіздің дұрыс көрсетілгенін және уақыт белдеуін дұрыс таңдағаныңызға көз жеткізгеніңіз абзал.

Сондай-ақ министрлік желі параметрлерін қалпына келтіруге кеңсе береді. Өйткені кейбір құрылғыларда желі параметрлерін қалпына келтіру уақытты автоматты түрде синхрондауға қатысты мәселелерді шешуге көмектесуі мүмкін. Осы қадамдар жасалған соң да уақыт бір сағат кейін көшпесе, онда кәсіби көмек керек болады. Ол үшін қолдау қызметіне хабарласқан жөн.

Еске сала кетсек, үкіметің 2024 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қазақстанның барлық аумағында уақыт белдеуі ауысады. Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылды.

Бірыңғай уақыт белдеуі 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында орнатылады. «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа кері жылжытады.   

Сондай-ақ оқыңыз