Мектеп оқулықтары қоғамдық талқылауға шығарылды – Оқу-ағарту министрлігі

Жарияланды
Мектеп оқулықтары
Мектеп оқулықтары 12 ақпаннан бастап талқылауға шығарылған /Фото: kursiv.media

Мектеп оқулықтары жарыққа шықпай тұрып, қоғамдық талқылауға шығарылатын болады. Бұл жайлы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, ақпанның 12-сінен бастап жаңадан әзірленген оқулықтардың мазмұнына қоғамдық талқылаулар жүргізіліп жатыр. Талқылау talkylau.ebmso.edu.kz сайтында жүреді. Онда оқулықтар мазмұнының сапасы, құрылымы, әдістемелік тәсілдері, баяндау тілі мен безендірілуіне қатысты қоғам мен ғылыми-педагогикалық қауымдастық өкілдері сын пікірлерін білдіре алады.

Қазірга таңда сайтта жаңадан әзірленген мынадай оқулықтар талқыланып жатыр:

  • 3-сынып үшін «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Орыс тілі» (орыс тілінде оқытатын мектептер үшін), шет тілдері (ағылшын, француз);
  • 3,9-11 сыныптар үшін «Неміс тілі»;
  • 5-9 сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттілік» оқулықтары қағаз нұсқада;
  • 3-сыныпқа арналған «Цифрлық сауаттылық/ Цифровая грамотность» пәні бойынша электронды оқулықтар.

Қоғамдық талқылауларға ғылыми-педагогикалық қоғам өкілдері, әдіскерлер, ғалымдармен қатар барлық қазақстандықтар қатыса алады.

Ол үшін азаматтар веб-порталда тіркелуі керек. Содан кейін оқулықтардың макеттерімен танысып, кітапқа қатысты «түсініктеме қосу» тетігі арқылы оқулықтардың мазмұны мен құрылымына қатысты сын-пікірлер, ұсыныстар мен ескертулерді жаза алады.

Еске сала кетсек, 1 ақпанда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан оқушыларының оқу сауаттылығы төмендеп кеткенін мәлімдеді. Сенат төрағасының айтуынша, еліміздегі мектеп оқушыларының білім нәтижелері басқа елдермен салыстырғанда 3 жылға артта қалған.

«2023 жылдың желтоқсан айында PISA-2022 білім сапасын халықаралық бағалаудың Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) бойынша нәтижелерін алдық. Сонда байқағанымыз біздің мектеп оқушыларымыздың нәтижелерінің өсу динамикасы көңіл көншітпейді. Тіпті кей салаларда жағдайдың тым нашарлап кеткенін көруге болады. Әсіресе, оқу сауаттылығының жағдайы ерекше алаңдатады. Оның үстіне біздің мектеп оқушылары ЭЫДҰ елдеріндегі құрдастарынан үш жылға артта қалып қойған. Бір қарағанда оқу сауаттылығы сондай маңызды дүние емес секілді. Бірақ бұл – жүйелік проблемаларды көрсетеді», –дейді Әшімбаев.

Ол балалардың оқу сауаттылығының төмендеуіне әлеуметтік желілердің өз үлесін қосып жатқанын атап өтті. Мұндай үрдістің болашақта кәсіби, білікті ұрпақты жоғалтып алуға әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Сондай-ақ оқыңыз