АҚШ санкциясы: Ресейде «МИР-UnionPay» төлем жүйесі істемей қалды

Жарияланды
UnionPay төлем жүйесіне
UnionPay төлем жүйесіне қосылған Huawei Pay қолдау қызметі Ресейде қолжетімсіз / Фото: kursiv.media

Ресейде қытайлық UnionPay төлем жүйесіне қосылған карталар жұмыс істемей қалды. Ал Ресейдің «МИР» төлем карталары арқылы шетелде транзакция жүргізу мүмкін емес. Бұл шектеулер АҚШ-тың санкцияларымен байланысты.

Ресейдегі UnionPay картасының барлық транзакцияларын өңдейтін Ұлттық төлем карталары жүйесіне қарсы АҚШ санкция салған. Осыған орай UnionPay төлем жүйесіне қосылған Huawei Pay қолдау қызметі Ресейде төлем қызметінің қолжетімсіз екенін хабарлады.

Сонымен қатар Россельхозбанктің «МИР-UnionPay» карталары да Ресейден тыс жерде жұмыс ісетемей қалған. Мұндай шектеулер 24 ақпаннан басталған. Солайша Португалияда, Италияда және Таиландта төлемдер өтпей қойған.

Сондай-ақ Freedom Finance банкі де «МИР» карталары бойынша операция жүргізбейтіні белгілі болды.

«Freedom Banker-ден МИР картасынан немесе кері аударымдар енді қолжетімсіз. Сол үшін телефон арқылы немесе Цифра Банк арқылы төлем жүргізуіңізге болады»,- деп хабарлаған Freedom Finance.

Сонымен бірге Өзбекстанның  Ipak Yuli банкі де ресейлік қолданушыларына хабарлама жіберіп, онда жеке тұлғаның сәйкестендіру нөмірін талап еткен. Бұл нөмірді бермеген жағдайда банктік операциялар жүргізу мүмкін болмайтынын ескерткен.

Visa және Mastercard соғысқа байланысты Ресей нарығынан кетті. Сол үшін де Union Pay жүйесі ресейліктер үшін шетелде төлем жасаудың соңғы тәсілдерінің бірі саналады.

23 ақпанда АҚШ Ресей Федерациясының Орталық банкіне тиесілі «Мир» операторы саналатын Ұлттық төлем карталар жүйесіне қарсы блоктау санкцияларын енгізді. Ресей Қырымды тартып алған соң, көп ұзамай іске қосылған «Мир» жүйесі «санкцияларды айналып өту және халықаралық қаржы жүйесімен үзілген байланыстарды қалпына келтіру үшін пайдаланылып келді», – деп хабарлады АҚШ-тың Қаржы министрлігі.

Ресейдің Ұлттық төлем карталар жүйесі бұл санкциялардың ел ішіндегі төлем қызметтеріне еш әсер етпейтінін мәлімдеген. Алайда олай болмай шықты.

Еске сала кетсек, былтыр Қазақстанда ресейлік «Мир» төлем жүйесінің пластикалық карталарына сұраныс артты. Осыған байланысты Қазақстандағы ВТБ банк ресейлік төлем жүйесінің пластикалық картасын шығара бастады. Банк «Мир» цифрлық төлем жүйесін 2022 жылы желтоқсан айында қосқан.  

Сондай-ақ оқыңыз