West oil Software компаниясы 2,5 айдан бері ереуілдетіп жатқан қызметкерлерін жұмыстан шығарды
West oil Software компаниясы 50 қызметкерін жұмыстан шығарды. Бұл жұмысшылар былтыр желтоқсан айынан бері компанияны «ҚазмұнайГаз» ҰК құрамына кіргізуді талап етіп, наразылыққа шыққан. Жұмысшылардың ереуілін заңсыз деп таныған сот шешімі жұмыстан босатуға негіз болған. Ал босаған орынға кезекте тұрған азаматтар қабылданбақ, Компанияның мәлімдемесі facebook желісінде жариялаған.
«Компания бүгіннен бастап ереуілді заңсыз деп тану туралы сот шешімін негізге ала отырып, өндірістік қажеттілікке байланысты 50 қызметкермен еңбек шартын бұзатынын хабарлауға мәжбүр»,– делінген хабарламада.
Компания жұмысқа қабылдау бос лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес жүзеге асырылады деп мәлімдеді. Хабарламада бұл тәсіл еңбек заңнамасына сай келетіні жазылған.
Сонымен қатар кәсіпорын ереуілге шыққан қызметкерлеріне наразылықты тоқтатып, келісім комиссиясы арқылы жұмысқа қайта оралуларына болатынын ескертеді.
«Бұл процесс жоспар бойынша жалғасады. Біз жұмысқа орналасуға ниетті жаңа үміткерлердің толық тізімін анықтағаннан кейін, заңсыз ереуілді тоқтатқысы келмеген басқа жұмысшылармен еңбек шартын бұзатын боламыз. Олардың орнына жұмысқа өңірдегі жұмыссыздардың арасынан қабылдаймыз»,– делінген хабарламада.
Жұмысшылардың талабы қандай?
Жұмысшылар 2023 жылдың 11 желтоқсанында ереуілге шығып, басшыларға талап қойды. Олар WOS компаниясын «ҚазМұнайГаздың» балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңартуды сұрады. Ереуілге байланысты 19 маманның жұмыстан қуылғанын айтқан жұмысшылар ереуілді тоқтатудан бас тартты.
Ал ҚМГ өз кезегінде жұмысшылардың бұл талабының негізсіз екенін мәлімдеді. WOS қызметкерлерінің айтарлықтай бөлігі бұрын «ҚазМұнайГаз» еншілес қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері болған.
Осы екі айдан аса уақыт аралығында компания 1 млрд теңгеге жуық шығын шеккенін мәлімдеді.
egov.kz порталындағы мәліметтерде West Oil Software компаниясының құрылтайшысы ретінде Нағыметов Лұқпан Құрышбекұлы көрсетілген. Лұқпан Нағыметов бұдан бөлек «Кішіқұм» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне де иелік етеді.