Алматыда электр энергиясы 10 пайызға қымбаттайды
2024 жылдың 1 наурызынан Алматы қаласында электр энергиясы тарифтері көтеріледі.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы департаменті басшысы Әсел Буденеева электр энергиясы тарифінің өзгеруі Бірыңғай сатып алушы моделінің енгізілуі және орташа айлық жалақының өзгеруіне байланысты деп отыр
Тарифтер:
- орташа сату тарифі ҚҚС-сыз – 28 теңге/кВтсағ;
- халық үшін тариф ҚҚС-сыз – 25,55 (+10%) теңге/кВтсағ;
- заңды тұлғалар үшін ҚҚС-сыз – 29,73 (+11%) теңге/кВтсағ;
- бюджеттік ұйымдар үшін ҚҚС-сыз – 32,73 (-10%) теңге/кВтсағ;
- СЗПТ өндірушілері үшін ҚҚС-сыз – 28 теңге/кВтсағ деп бекітілген.
Ал тұтыну көлеміне байланысты сараланған тариф:
- бірінші деңгей үшін ҚҚС-сыз – 23,16 теңге/кВтсағ;
- екінші деңгейдегі тариф ҚҚС-сыз – 30,66 теңге/кВтсағ;
- үшінші деңгейдегі тариф ҚҚС-сыз – 38,33 теңге/кВтсағ деп белгілеген.
Электр энергиясының қымбаттауына байланысты, Алматы әкімдігі әлеуметтік төлемді 500 теңгеге көтермек. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, Алматыда халықтың әлеуметтік осал тобы санатына жататын 315 мың адам тұрады.
2023 жылы осы көмек түрін көрсетуге 1,4 млрд теңге қаражат бөлініп, қаладағы 315 мың адамның 133 мыңы пайдалана алған. Ал 2024 жылы жергілікті бюджеттен 0,6 АЕК мөлшерінде өтемақы төлеу үшін 4,1 млрд теңге бөлініп отыр.
Тариф тек Алматыда қымбаттамайды. 2023 жылғы 1 маусымнан Қазақстанның кейбір аймақтарында электр энергиясының тарифі көтерілді. Еліміздегі 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі шекті тарифті түзетуге өтінім берген.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров электр қуаты мен су, жылу бағасы қымбаттайтынын айтқан болатын. Оның мөлшері нақты аймаққа және ЖЭО-ның тозу деңгейіне байланысты болады. Коммуналдық қызмет тарифі 10 пайыздан 45%-ға дейін қымбаттауы ықтимал.