Атырау облысының тұрғынынан 600-ге жуық киік мүйізі тәркіленді – ІІМ

Жарияланды
киік мүйізі
CITES конвенциясына сәйкес киік мүйізін сатуға тыйым салынған / Фото: ІІМ

Орал қаласының полициясы 600-ге жуық киік мүйізін тәркіледі. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақбөкен мүйіздері Атырау облысы тұрғынының атокөлігінен табылған. Бұл заңбұзушылық «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған. Тексеру барысында автокөліктен 593 дана киік мүйізі табылған.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда автокөлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ал аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, Тергеу жұмыстары басталған.

Еске ала кетсек, киік жануары қазір саны реттелетін жабайы жануарлар санатына енді. Соған байланысты киікті атуға ресми түрде рұқсат берілген болатын. Киікті сақтау бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 1,9 млн дараққа дейін жеткені жазылған. Ал олардың еліміз бойынша оңтайлы саны 770 мыңға дейін болса, жеткілікті екен.

Алғашқыда үкімет киікті ату арқылы емес, «қарал» тәсілімен қоршауға алып сою тәсілімен азайтылатынын мәлімдеген болатын. Бірақ Оралда ақбөкенді атуға рұқсат 4200 теңгеге сатылып жатыр деген ақпарат тарады. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев соңғы уақытта жаңбыр жиі жауып, ауа райының қолайсыздығына байланысты қарал тәсілін жүзеге асыру қиындап кеткені себепті, аулауға рұқсат етілгенін айтты.

Жалпы, осы науқанды дайындаған кезде екі тәсіл қарастырылды. Біріншісі – қарал тәсілімен тор құру арқылы ұсталып, бауыздалып, комбинаттарға жеткізіледі. Екіншісі – түн ішінде ату тәсілі. Біз алғашқыда қарал тәсілімен азайту науқанын бастаған болатынбыз. Бірақ соңғы екі аптада жаңбыр көбейіп, бұл тәсілді қолдануда біраз қиыншылықтар туындады. Сол себепті биологиялық негіздемеде көрсетілген екінші тәсілді де қолдануға шешім қабылдадық. Бүгінде бұл жұмыстар тоқтап тұр. Өйткені оған біраз дайындық қажет болып жатыр. Киік аңшылыққа арналған жануар», – деді.

Мамандар осы күзде елдегі ақбөкен саны 2,6 миллионға жетеді деп болжанған. Бұлайша популяцияның өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыруы мүмкін. Осы жылдың өзінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО өңірлерінде шамамен 122 мың га егіс алқаптарына 12 млрд теңге көлемінде шығын келген. 

CITES конвенциясына сәйкес киік мүйізін сатуға тыйым салынған. Яғни Қазақстан киік мүйізін ел ішінде ғана пайдалана алады. Ал экспортқа, дәрі-дәрмек мақсатында шығару мүмкін емес. ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің айтуынша, киік мүйіздерін арнайы мемлекеттік кәсіпорындарда сақталады. Қымбат мүйіздерді сақтау тиісті органдардың бақылауымен жүзеге асырылмақ.

Сондай-ақ оқыңыз