Техникалық анализ: трейдерге одан не пайда?

Жарияланды
Техникалық анализ не үшін қажет?/ shutterstock.com

Биржадағы активтерді қашан сатып алып, қай кезде сатып алған тиімді болатынын білу үшін техникалық анализ жасау қажет. Мұны көбіне трейдерлер қолданады. Ал инвесторлар іргелі анализді үйренгені абзал. Неге олай? Темірді қызған кезінде соғуға қалай дағдылануға болады? Осы туралы айтамыз.

Трейдерлерге техникалық анализ қалай көмектеседі?

Айтқандай, инвесторларға қарағанда техникалық анализді трейдерлер көбірек қолданады. Мұндай анализдің біраз құралы математикалық формулалар арқылы есептеледі. Сондықтан аналитиктер бұл талдау дәл жасалатынын айтады. Одан бөлек, техникалық анализде биржа ойыншыларының эмоциялары мен психологиясы да ескеріледі. Мұнда тәртіпке бағыну маңызды. Яғни сигнал түспейінше трейдерлерге сатып алуға не сатуға болмайды. Ал ол сигналдар болса, бағаны құрайтын ұсыныс пен сұранысқа қарай пайда болады. Анализ жасағанда трейдерлер ескі деректерді пайдалана отырып, болашаққа болжам жасауға тырысады. Әрине, барлығы бірдей дәл келе бермеуі мүмкін. 

Бұл салаға қадам басып жатқандардың көкейінде «техникалық анализ жасамай-ақ инвестициялауға бола ма?» деген сауал тұратыны — заңдылық. Барлығы бағытыңызға байланысты. Актив бағалары өзгерген кезде пайда көретін трейдерлер осы анализге көбірек жүгінеді. Келісім сәтті жасалуы үшін қолданады. Ал ұзақмерзімді инвесторларға бұдан гөрі басқа анализ түрлері сәйкес келеді. Себебі мұндай инвесторларды инвестициялық қоржыны әртараптандырылған болады. Әрі ешқайда асықпайтыны тағы бар. Оларда жоспар бойынша активтерін біртіндеп сатып алып, қоржынын тұрақты толықтырып отыруға мүмкіндік мол. Сонымен бірге ұзақ мерзімге жоспарлаған кезде көбіне нарықта өсу болады. Соның арқасында биржадағы бағаның қалай құбылып жатқанын бақылауды ұстаудың қажеті жоқ.

Жалпы алғанда техникалық анализдің қаншалықты дөп келетініне қатысты түрлі пікір айтылады. Мысалы, трейдерлер бұл тәсілдің жұмыс істейтініне сенеді. Ал сенбейтіндер болса, басқа құралдарды пайдалануға тырысады. Биржа саудасы жыл өткен сайын дамып жетіліп келеді. Соған байланысты жаңа әдістер шығып жатыр. Әркім өзіне ұнаған, сенетін тәсіліне жүгінеді.

Техникалық анализ негіздері

Бұл тәсілді жақтайтындар техникалық анализдің белгісіз факторлар мәселесін шешіп, қай кезде сатып алып, қай кезде сату керегін анықтауға көмектеседі дейді. Мұнда мынадай басты ережелер бар:     

  • Бәрі бағаға байланысты
  • Trend is your friend немесе тренд — сенің досың
  • Тарих қайталанады.

Бәрі бағаға байланысты. Техникалық анализде іргелі талдауға қарағанда, қаржылық нәтижеге және акция бағасына әсер ететін барлық факторды есепке алу мүмкін емес деген идеяға негізделген. Нарықта қатысушы толып жатыр. Олар есептің бәрін қадағалап, танысып отырады. Соған байланысты қаржылық нәтижелерге баға беріп, болашақта жағдай қалай өзгеруі мүмкін екенін ойластырады. Осы барлық қатысушының іс-қимылының сомасы қазіргі бағамен өтеді. «Бәрі бағаға байланысты» дейтін себебі де содан. Сондықтан трейдерлер бағаны үнемі бақылап отыруы керек. Соған қарай сататын не сатып алатын уақытты анықтайды. Ал уақыты жетті ме, жоқ па — оны мына екі ереже көрсетеді.

Trend is your friend немесе тренд — сенің досың. Сырттан қараған адамға биржадағы баға кездейсоқ бекітілетіндей болғанымен, белгілі бір заңдылықтар барын бәрі біледі. Айталық, бүгін акция бағасы 1000-1200 теңге аралығында болса, ертең аспандап 10 000 теңге болып кете қоймайды. Араға тағы бір күн салып 300 теңге болып кету ықтималы да аз. Жалпы алғанда баға белгілі бір уақыт аралығында әлдебір шекпен құбылып тұрады. Бірден құлдырып не өсіп кетпейді. Қандай да бір уақыт аралығында өзгереді. Яғни нарықта тенденциялар немесе трендтер үнемі болады. Ол не қазіргі деңгеймен шамалас күйде сақталады, не жоғарыға ұмтылып қымбаттайды, болмаса құлдырап арзандайды. Сондықтан кез келген инвестор қазіргі трендтен хабардар болып отыруы керек. Сондай-ақ тенденция ауысатын кезді де назардан тыс қалдырмай, орайы келгенде «он асап» қалуы қажет. Трендтің досыңызға теңейтін себебі де сол.

Трендтің ауысатын қалай білуге болады?

Оған мынадай үшінші ереже көмектеседі: тарих қайталанады. Осы ереженің негізінде техникалық анализдің негізгі түрлерінің бірі саналатын графикалық анализ құралады. Бұдан бөлек, техникалық анализдің индикаторлық деген тағы бір негізгі түрі бар. Графикалық тәсіл — тенденциялар мен баға графигіндегі бағалардың өзгеретін белгілеріне негізделген техникалық анализ түрі. Мұндай графикалық анализдің негізі — «Тарих қайталанады» деген ереже. Бағаны трейдерлер үнемі назарда ұстайды. Сөйтіп графикке қарап отырып, баға динамикасында әжептәуір өзгеріс болардың алдында әлдебір фигуралар немесе паттерндер болатынын байқайды. Сол фигуралардың өз атаулары бар. Егер графикте әлгі паттерндер пайда болса, бағаның соған сай қалай құбылатыны белгілі болады.

Индикаторлық техникалық анализ — арнайы есептеуіш құралдар — индикаторлар қолданылатын анализ түрі. Индикаторлар көмекші графиктер сияқты болады. Яғни ол баға графигіне қосымша ретінде есептеліп салынады. Графикті бейнелегенде орташа мәндер алынады, болмаса сол бағалардың өзгеруіне қарай салады. Бұл индикаторлар түрлі сигналды білдіруі мүмкін. Айталық, сигнал сызығының қиылысуы, дивергенция және т.б. Олар математикалық тәсілмен есептелетіндіктен, құнды қағазды сатарда не сатып аларда объектив сигнал береді.  

Қашан сатып алып, қашан сатқан дұрысын қалай білеміз?

Техникалық анализде акциядан шығатын не кіретін нүкте бағаға байланысты болмайды. Ол белгілі бір сигнал кезінде пайда болады. Мысалы, баға котировкасы орташа немесе қарсылық деңгейінен жоғары көтерілгенде, дереу сатып алу керек деген сигнал беріледі. Техникалық анализді қолдана отырып, бірнеше өтімді қағазды бақылап отыруға болады. Егер индикатор бір акция сатып алу керек деп көрсетсе, дәл сол акция сатып алынады. Тіпі сол анализ ұсынысына сүйене отырып, қоржын жасауға да болады. Қоржындағы құнды қағаз тиісті техникалық сигналдан соң барып сатылады. Кей инвесторлар техникалық анализді ең жақсы өтіп жатқан акцияны сатарда ғана қолданады.

Анализдің бұл түрі трейдерге активті қашан сатып алып, қай кезде сату керегіне қатысты белгі береді дедік. Яғни ол активтің болашақтағы бағасына қатысты болжам жасамайды. Осыны есте ұстау керек. Сонымен бірге техникалық анализдің сигналдары ықтимал белгі береді. Ал сауда тәуекелі алдағы уақытта болуы мүмкін нәтижерлерді болжай алмайтындықтан арта түседі. Демек техникалық анализбен жаңа бастап жатқандар емес, тәжірибелі инвесторлар айналысқаны жөн.

Артықшылығы мен кемшілігі

Техникалық анализдің мынадай екі негізгі кемшілігі бар: сигналдар жалған болып шығуы мүмкін және кешігеді. Техникалық анализдің графиктері мен индикаторлары бұрынғы өткен деректерден тұрады. Яғни алдыңғы бағаларға сүйеніп жасалады. Әрі индикаторларды тым сезімтал болатындай етіп баптап қойсаңыз, баға кездейсоқ құбылған кезде де сигнал бере беріп, жалған дерек беруі мүмкін. Ал енді тек айтарлықтай трендтерді ғана сезетін қылып баптасаңыз, онда сигналды кешіктіріп береді. Енді осы екі жағдайды талдасақ. Біріншісінде, инвесторда табысты да, шығынға батырған да келісім көбірек болады. Ал екінші жағдайда сирек табысты келісімдердің мөлшері де азаяды. 

Іргелі анализ сауда жасаудан шегінген уақытта техникалық анализ жақсы табыс әкелетін кездер болады. Мынадай жағдайды мысал ретінде алайық. EV/ EBITDA Tesla мультипликаторы автоөндірістегі орташа мәннен әжептәуір жоғары. Егер іргелі мультипликаторға сүйенетін болсақ, онда Tesla акцияларын түгел сатып, көзін жою керек болар еді. Ал техникалық анализдің индиакторлары болса Tesla котировкасының тұрақты түрде өсіп келе жатқанын көрсетіп, соның есебінен пайда көруге мүмкіндік береді. Дегенмен кей жағдайларда техникалық анализ жасайтындар индикатордан сигнал келіп түскенін күтіп отырғанда іргелі ұстанымдарға сүйенетін инвесторлар нарық құлағаннан кейін қағаздың барлық көрсеткіші бойынша арзан бағамен сатып алып, сол қағаздардан біршама табыс тауып қалуы да ғажап емес. 

Техникалық анализ туралы кітаптар

Негізі әр техникалық анализ индикаторының авторы болады. Ол өзінің тәсілі туралы міндетті түрде не мақала, не кітап жазады. Барлығын дереккөзден тікелей оқыған дұрыс. Сондықтан пайдаланғыңыз келетін құралдың авторы жазған мақалаларды қарап шығыңыз. Автор жақсырақ түсіндіреді.

  • Джон Мерфи Technical Analysis of the Financial Markets: A Comprehensive Guide to Trading Methods and Applications. Аналитиктердің мойындайтын бірден-бір нұсқаулығы. Техникалық анализ туралы кітаптардың ішіндегі ең негізгілерінің бірі. Тек құнды қағаздарға инвестиция салатындарға автордың жазған фьючерстік нарық туралы кейбір бөлімдері түсініксіздеу болуы мүмкін.
  •  Стивен Я. Акелис Technical Analysis from A to Z. Автор алғашқы компьютерлік аналитиктердің бірі. Кітабында көрсеткен көп индикатор тегін сауда бағдарламаларында жоқ. 
  • Джек Швагер. Technical Analysis. Сауда жүйелері мен нәтижелі анализ жасау жолдары айтылған.
  • Барбара Рокфеллер Technical analysis for dummies. Техникалық анализ жасап көрмеген, енді бастағысы келетіндерге көп пайдалы дүние айтылған.
  • Александр Элдер «Входы и выходы». 15 танымал трейдермен сұхбаттар жарияланған жинақ. Мұнда әр трейдер өзінің ең сәтті келісімі мен ең сәтсізін еске алып, әңгімелейді. Осы бағытты сынап көргісі келетіндерге пайдалы кітап болады. Себебі тәжірибелі трейдерлердің кейстерін оқып, келісімдерді қалай жасағанын бастан-аяқ біліп шығасыз.  
Сондай-ақ оқыңыз