Өз уақыт белдеуінде тұрмайтын адамдар онкологиялық ауруларға бейім бола ма?

Жарияланды
UTC+5 уақыт белдеуіне
Бүгін түнде Қазақстан UTC+5 уақыт белдеуіне көшеді / Фото: kursiv.media

Бүгін 15 млн қазақстандықтың тәулік уақыты 25 сағатқа ұзарады. Қазақстан UTC+5 уақыт белдеуіне көшеді. Осы орайда сағат белдеуінің ауысуына қатысты түрлі пікірлер айтыла бастады. Сол пікірлердің ақ-қарасы мен шын-өтірігін factcheck журналистері анықтапты.

Өз уақыт белдеуінде тұрмайтын адамдар онкологиялық ауруларға ұшырай ма?

Сауда және интеграция министрі Арман Шақкалиев қаңтарда сағат белдеуі ауысатынына қатысты пікір білдіріп, елдегі 15 млн адамның өз уақыт белдеуінде тұрмайтынын айтты.

«Сағат белдеуін бір уақытқа көшіру мәселесі 15 миллион адамға әсер етеді. Елімізде 15 миллион адам өз уақыт белдеуінде тұрмайды. Қазір Астана қаласының уақыты UTC 6-дa тұр. Ал біздің уақыт UTC 5 болуы керек. Бұған қатысты біршама дәлелдер айтылып жатыр»,– деді министр.

Министр келтірген дәлелдердің ішінде өз уақыт белдеуінде тұрмайтын адамдардың онкологиялық ауруларға ұшырап, суицидке бейім болатыны айтылған. Бұл мәлімет рас болып шыққан.

NCBI-дің дерегіне сәйкес тәуліктік сағаттың бұзылуы онкологиялық ауруларға әкелуі мүмкін. Тәуліктік сағат (циркадные часы) – адамның биохимиялық, физиологиялық және мінез-құлық өзгерісінің күнделікті ырғағын реттейді. Ал тәуліктік ырғақтардың бұзылуы онкологиялық аурулардың қозуына себеп. Сондай-ақ энергия балансы мен жасушалық циклдің өзгеріп, хроматиннің қайта қалпына келуіне теріс әсер етеді екен.

Сондай-ақ өзгерістер физиологиялық әлсіздікке, депрессияға әкелетіні айтылған. Депрессиядағы адамдардың көңіл-күйі болмай, өмірге қызығушылығы төмендейді. Сәйкесінше энергиясы да аз болады. Мұндай депрессия уақыт өте келе түрлі аурулардың қозуына себеп болып, психологиялық тұрғыда адамдарға теріс ықпал етіп, суицидке жетелеуі мүмкін екен.

15 млн адамның өз уақыт белдеуінде тұрмайтыны рас па?

Үкімет сағатты артқа жылжыту себебін табиғи дұрыс уақыт белдеуіне көшумен түсіндірді. Журналистер жүргізген зерттеуде бұл да расталған. Қазақстан халқы расымен өз уақыт белдеуінен бір сағатқа озып жүретін болып шықты.

Үкімет мәлімдемесіне сәйкес, Астана уақыты, расымен табиғи күн уақытына сәйкес келмейді. Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, шығыс және орталық өңірлері +5 сағаттық белдеуде орналасқан. Бірақ соған қарамастан қазіргі күні халық +6 сағаттық белдеу уақытымен жүр. Негізінен бұлайша табиғи күн мен тәуліктік сағаттың сәйкес келмеуі десинхроноздық өзгеріске алып келеді екен.

Қазіргі уақытта өзінің табиғи дұрыс белдеуіне тұрып жатқан – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары. Олардың табиғи уақыт белдеуі UTC+6. Ал БҚО мен Атырау облысының жартысы +3 сағаттық белдеуде, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай облыстары +4 сағаттық белдеуде орналасқан. Олардың барлығы +5 уақыт белдеуімен өмір сүреді.

Уақыт белдеуін ауыстыру туралы хабарды негізінен Шығыс Қазақстан тұрғындары құп көрмеген. Бірақ Арман Шакқалиев ШҚО-да арнайы жиындар өткізілгенін, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Министрдің айтуынша, ШҚО тұрғындары үшін айырмашылық тек жарты сағат межесінде болмақ.

«Шығыс Қазақстан облысындағы азаматтарымыздың мәлімдемесіне келетін болсақ, біз жер-жерде кездесулер өткіздік. Халықпен кездестік. Ол жиындарға ғалымдардың үлкен тобы да қатысты. Олар қарапайым тілмен диаграммалар арқылы бүгінгі күні біртұтас уақыт белдеуіне көшудің басты себептерін түсіндіріп берді. Айырмашалық бар, бірақ Өскемен тұрғындары үшін емес. Шығысқа, шекараға қарай орналасқан жерлермен салыстырғанда айырмашылық болады. Яғни сағат түскі 12:00 кезінде Өскеменде 12:32 болады. 28-32 минуттай айырмашылық бар»,– деді министр.

Еске сала кетсек, Үкіметің 2024 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қазақстанның барлық аумағында уақыт белдеуі ауысады. Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылған.

Бірыңғай уақыт белдеуі 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында орнатылады. «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа кері жылжытады.    

Сондай-ақ оқыңыз