Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды жерлеу рәсіміне мыңдаған адам жиналды
Мәскеудегі «Утоли моя печали» шіркеуінде ресейлік оппозиция саясаткері Алексей Навальныйды жерлеу рәсімі өтті. Саясаткерді ақтық сапарға шығарып салуға мыңдаған адам жиналды.
Навальныймен қоштасқысы келгендер таңнан шіркеуге жинала бастаған. Ал рәсім басталған уақытта келушілердің қатары көп болғаны сонша, кезек 700 метрден бір жарым шақырымға дейін созылды. Қоштасу рәсімін өткізуге байланысты шіркеу маңындағы қауіпсіздік 29 ақпаннан бері күшейтіле бастаған.
Навальныйды жерлеу рәсімі кезінде шіркеу мен Борисов зиратында қауіпсіздік тіпті күшейе түсті. Шіркеу маңына кемі 40 полиция көлігі қойылса, зират аумағындағы Братеев көпірінде келушілердің құжаттары мен жеке заттары тексерілді. Полицейлер мұны «терорристік операцияның алдын алу мақсатында» жасалған іс-шара деп түсіндірді.
Қоштасу рәсімін бірнеше телеарна тікелей эфирден берген, дегенмен шіркеу маңында интернет сапасы нашарлаған.
Навальныймен қоштасуға АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Линн Трейси, Германия елшісі Александр Граф Ламбсдорф, Франция елшісі Пьер Леви және басқа да Еуропа елдерінің дипломаттары келді.
Сондай-ақ Ресей оппозициясының өкілдері Екатерина Дунцова мен Борис Надеждин, Юлия Галямина, Николай Ляскин және өзгедері келді. Сонымен қатар «Яблоко» партиясының мүшелері бой көрсетті.
Айта кетейік, Алексей Навальный Ресейдегі Ямал-Ненецк автономды аймағындағы Харп елдімекеніндегі қатаң режимдегі «Полярный волк» түрмесінде көз жұмған еді.
Саясаткердің өлімін Ресей билігі 16 ақпанда жариялады. Оның денесі анасы Людмилаға 24 ақпанда берілген. Оған дейін туыстары Навальныйдың мәйітін бірнеше күн бойы ала алмаған. Саясаткер қаза табарына дейін 27 мәрте айып изоляторына жіберілген. Навальныйдың жақтастары оны қасақана өлтірді деп санайды. Саясаткердің жұбайы оның ісін жалғастыратынын мәлімдеді.
Навальный өткен жылы экстремистік ұйым құрушы ретінде айыпталды. Оған экстремистік іс-әрекетті қаржыландыру және оларды шақырып, нацизмді жаңғыртты деген айып тағылды. Ол 19 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.