Киров атындағы «Машина жасау зауытын» сату бойынша аукцион өткізілмейді – Өнеркәсіп министрлігі
Алматыдағы С.М.Киров атындағы «Машина жасау зауыты» сатылмайды. Бұл жайлы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.
«ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі С.М.Киров атындағы «Машина жасау зауыты» АҚ-ның 100% қарапайым акцияларын сату бойынша жарияланған конкурстың күшін жою туралы шешім қабылдады. Осыған орай, ағымдағы жылғы 28 ақпанда «Қазақстан инжиниринг» ҰК АҚ-ға тапсырма жіберілді. Осылайша, сауда-саттық өткізілмейді», – делінген хабарламада.
«Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің 2021 жылғы 29 қазандағы № 9 қаулысымен қабылданған зауыттың іске асырылуы бойынша шешімдерді жаңарту және нақтылау қажеттілігіне байланысты конкурс өтпейтін болған.
Еске сала кетсек, 29 ақпанда электронды сауда алаңына жылу қозғалтқышы бар торпедалар өндіруші Алматыдағы С.М. Киров атындағы машина жасау зауыты сатылымға шыққан болатын.
Машина жасау зауытының 100% акцияларын сатуға арналған конкурс 12 наурызда сағат 10:00-ге тағайындалған еді. Алуға ниетті адамдар өтінішті 12 наурыз сағат 08:00-ге дейін беру қажеттігі айтылды. Тілек білдірушілерге 110,7 млн теңгеге кепілдік жарна салу міндеттелді. Аукцион бойынша сатылымға шығарылған зауыттың бастапқы бағасы 6 144 491 882 теңге деп көрсетілген. Конкурс ағылшын мәнеріндегі сауда-саттық әдісі бойынша өтуге тиіс болған.
Зауыт акционері – «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық Компаниясы мемлекеттік мүлік комитеті. Кәсіпорын 67 қызмет түрімен айналысады, оның ішінде шойын құю, түсті металдар мен қорытпаларды өңдеу, сондай-ақ металл бұйымдарын өндіру бар.
Зауыт Алматыда Мақатаев көшесі, 127 мекенжайы бойынша 20 гектардан астам аумақта орналасқан. Лазерлік және термиялық өңдеуге, ұсталық-престеу жұмыстарына және гальваникалық жабындарға арналған металл өңдеуді қоса алғанда, 14-тен астам цехтан тұрады. Аудиторлар ғимараттардың көп бөлігі апатты күйде екенін хабарлаған.
Бағалауға сүйенсек, машина жасау зауытының балансындағы барлық жабдық 6,1 млрд теңгеге бағаланады. Аудиторлар акциялар пакетінің көлеміне байланысты баға опциясын қарастырды.
Ұсынылған құжаттар бойынша кәсіпорынның 2024 жылғы 22 ақпанда 2 млрд теңгеден артық қарызы бар. Зауыт өз иесіне ең көп қарыздар, оның ішінде дивидендтер – 1,6 млрд теңге. Екінші орында – айыппұлдар (236,4 млн теңге), ал үшінші орында-негізгі қарыз (120,2 млн теңге).