Өскеменде уақыт белдеуі өзгергеннен кейін «Сергек» жұмысында қате кеткен

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Өскеменде уақыт белдеуі өзгергеннен кейін «Сергек» жұмысында қате кеткен / коллаж kursiv.media

Өскемен қаласының тұрғыны жылдамдықты асырғаны үшін «Сергек» жүйесінен айыппұл келіп түскенін көреді. Алайда бұл шешіммен келіспей, полицияға жүгінеді. Себебі бейне камера уақыт белдеуінің ауысқанын ескермеген.

«Устинка» басылымының ақпаратына сүйенсек, жүргізуші Абай даңғылымен 1 наурызда сағат 7:23-те жүріп өтеді. Бұл аймақта күндізгі 8:00 мен 18:00 аралығында жылдамдықты 40 км/сағаттан арттырмау туралы шектеу қойылған. Яғни «Сергек» камерасы уақыт белдеуінің өзгеруін есепке алмай, құқық бұзушылықты ескі уақыт бойынша тіркеген.

Автокөлік иесі бұл олқылықты өзіне 18 мың теңге айыппұл төлеу туралы есеп келгенде аңғарып, полицияға жүгінеді. Құқық қорғау органдары уақыт белдеуінің өзгеруінен техникалық жұмыстарға байланысты жүйеде қате кеткенін мойындаған.

«Түзетулер енгізілгеннен кейін аталмыш әкімшілік құқық бұзушылық автоматты режимде жойылады», — деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.

Айта кетейік, бірыңғай уақыт белдеуі 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында орнатылды.

Қай өңірде сағат тілі кері жылжыды

«Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа кері жылжытты.

Қаулы ресми түрде жарияланып, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді.

Бірыңғай уақыт белдеуі не үшін керек

Айта кетейік, 8 желтоқсанда Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу жобасын дайындады.

Қазақстанның бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін жан-жақты зерделеу үшін министрлік жұмыс тобын құрды.

Ғалымдардың пікірінше, қазіргі UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді. Бұл биологиялық ырғақтар мен адам денсаулығына кері әсер етеді. Сарапшылар астана уақыты қолданылатын облыстар мен қалаларда сағат бір сағатқа (UTC+5) ауыстырылатын нұсқаны ұсынды.  

Жұмыс тобының нәтижесі бойынша «Қазақстан Республикасындағы уақытты есептеуді зерттеудің негізгі нәтижелері»  туралы есеп берілді.

1 желтоқсанында есеп бекітіліп, Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылды.

Сондай-ақ оқыңыз