Сақтандыру төлемдері де, сыйлықақы да өскен: Қазақстандықтар сақтандыру полистерін жиі сатып ала бастады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Сақтандыру нарығындағы өсім қандай? Фото: shutterstock.com

Қазақстандықтар сақтандыру полисін жиі сатып ала бастаған. 2023 жылы жасалған келісім-шарттардың қатары 9%-ға өсті. Бұл мәлімет Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сақтандыру саласына жасаған шолуында жазылған.

Былтыр қазақстандықтар сақтандыру компанияларына 683 млрд теңге төлеген, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 30,7%-ға артық. Көлік құралдарын сақтандыру бойынша сыйлықақы көлемі 2,1 есе, мүлікті сақтандыру– 26,6 пайызға, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру 3 есе өскен.

Ал сақтандыру компаниялары былтыр қазақстандықтарға 212 млрд теңге төлеген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 38,5%-ға артық. Бұндай өсімге мүлікті сақтандыру (+71,6%), көлік құралдарын сақтандыру (+29,3%) және медициналық сақтандыру (+31,4%) төлемдерінің артуы себеп болған.

Нәтижесінде 2023 жылы сақтандыру ұйымдарының таза пайдасы 84 млрд теңгені құрады (өсім 14,3%). Олардың активтері 20%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетсе, міндеттемелері 25,9% артып, 543 млрд теңгені құраған. Сектор активтерінің 90%-ы сақтандыру нарығындағы 16 ірі ойыншының 8-іне тиесілі.

ҚНРДА жоспарына сәйкес, табиғи апат кезінде сақтандыру моделі әзірленетін болады. Сонымен қатар реттеуші түрлі компаниялардың бүкіл сақтандыру қызметтері жинақталатын электронды платформа әзірлемек. Осы себептерге байланысты Қазақстанның жалпы сақтандыру нарығы одан әрі өсуін жалғастыруы мүмкін.

Сарапшылар пікірінше, сақтандыруға сұраныс Қазақстанда ипотека мен жеңілдетілген автонесие бағдарламалары арқылы да қолдау тауып отыр. Ал 2024 жылы Еурохаттаманы енгізу сақтандыру төлемдерінің одан әрі өсуіне ықпал етуі мүмкін.

Бұған дейін ҚНРДА 2024 жылдың қаңтар айындағы деректерді жариялады. Соғңан сәйкес, жаасалған шарттар саны – 1,4 млн. Негізгі өсім жазатайым оқиғалардан сақтандыру (255 мың шарт) және өмірді сақтандыру (161 мың шарт) есебінен қалыптасқан.

2024 жылы 1 қаңтардан бастап сақтандыру омбудсменіне жүгіну сақтандыру дауларын реттеу бойынша сотқа жүгіну алдындағы міндетті қадамға айналды. 

Сақтандыру төлеген азаматтар дауласу кезінде талап ете алатын сомасы 2024 жылғы жағдай бойынша 10 000 АЕК немесе 36,9 млн теңгеден аспауға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз