Әз-Наурыз: Алматы әкімдігі 90 минуттық театрландырылған қойылымға 72,5 млн теңге жұмсамақшы

Жарияланды
Наурыз мейрамы
«Наурыз мейрамы» театрландырылған қойылымы ашық аспан астында көрсетіледі / Фото: kursiv.media

Алматы қаласының әкімдігі «Наурыз мейрамы» театрландырылған қойылымына 72,5 млн теңге жұмсамақшы. Бұл мәліметтер мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған.

«Алматы қаласы Мәдениет басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі енгізген құжатқа сәйкес, тапсырыс алған компания «Наурыз мейрамы» іс-шарасын ұйымдастырып, өткізуі керек.

«Көрсетілетін қызметтердің мазмұны: жеткізуші Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған театрландырылған қойылымды ұйымдастыру және өткізу бойынша өтеулі қызметтер көрсетуге тиіс», – делінген құжатта.

Іс-шараны іске асыру мерзімі 2024 жылдың наурыз айы деп көрсетілген. Өтетін орны – Алматы қаласы, Астана алаңы. Яғни қойылым ашық аспан астында өтеді.

Конкурс талаптарына сәйкес жеткізуші бұл іс-шараны өткізуде өзіндік идеяларды қолдана отырып, қызметтер кешенін ұсынады. Құжаттың техникалық сипаттамасында қойылымның оған бірегейлік беретін және осы мерекенің мәнін ашатын негізгі идеяның айналасында құрылуы керектігі айтылған.

Сонымен бірге құжатта «авторлық тұжырымдама – бірегейлік, жаңашылдық, әлемдік тәжірибеде қолданылатын креативтілік элементтерін қолданатотырып, іс-шараның технологиялылығы мен тұтастығы қағидаттарына негізделуі тиіс» екені жазылған. Конкурс талаптарына сәйкес театрландырылған қойылымның хронометражы кемінде 90 минут болуға тиіс. Ал концерттік нөмірлердің жалпы саны 10-нан кем болмауы керек.

«Қойылым сценарийі дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға, дәстүрлі музыкаға, жаңғыруға
арналған сахналарды, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі өмірін бейнелейтін, жаңа демократиялық мемлекет құрудағы патриоттық рух пен халықтың бірлігін жаңғыртатын сахналарды қамтуы керек», –
делінген құжатта.

Міне осынлай талаптарды қамтитын іс-шараға әкімдік 72 531 800 теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Көктемгі жаңа жылға әкімдік көп шығындалмаған секілді. Осы жылғы Жаңа жыл мерекесін әкімдік 4-5 есе көп қаражат жұмсаған болатын. Алматы Мәдениет басқармасының жетекшісі Ғани Майлыбаев қала безендірілуіне 511 млн теңге жұмсалғанын айтты. Бұл сома өткен жылғы қаражаттан екі есе көп. 2022 жылы Алматы қаласы мұндай безендіруге 360 миллион теңге жұмсаған.

Айтпақшы Наурыз мейрамы кезінде қазақстандықтар 5 күн қатарынан демалады.

Сондай-ақ оқыңыз