Қасақана қымбат өнім ұсынып келген: ЕО Apple компаниясына 1,8 млрд еуро айыппұл салды

Жарияланды
Еуроодақ Apple
Еуроодақ Apple компаниясын тұтынушыларға қасақана қымбат өнім ұсынып келді деп айыптайды / Фото: kursiv.media

Еуроодақ Apple компаниясына 1,84 миллиард еуро айыппұл салды. Брюссель корпорацияны iPhone және iPad пайдаланушыларына қасақана қымбат ұсыныстарды көрсетіп, өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланады деп айыптайды.

Монополияға қарсы тергеу 2019 жылы басталды. Ол кезде Spotify швед сервисі App Store комиссиясына байланысты ай сайын жазылым құнын көтеруге мәжбүр екенін мәлімдеп шағым түсірген.

Бұл істі тексере келе Еуропалық комиссия америкалық корпорацияның пайдаланушыларға арзан балама таңдау мүмкіндігін қасақана қиындатқанын анықтаған. Әзірлеушілер жазылым бағасы қолданбадан тыс жағдайда арзанырақ екенін хабарлай алмаған. Өйткені мұнда сатып алулар тек Apple механизмдері арқылы жүзеге асырылып келген.

Бәсекелестік жөніндегі Еуропалық комиссары Маргрете Вестагер X әлеуметтік желіде осы жағдайға қатысты пікірін білдірді. Ол компанияның өз құзыреттігін асыра пайдалану арқылы қолданба әзірлеушілерінің құқын шектеді деп айыптады.

«Apple қолданба әзірлеушілерінің құқын шектеп келді. Олардың қосымшадан тыс жағдайда музыканы сатып алу арзанға түсетінін хабарлау мүмкіндігін заңсыз шектеді», – деп жазды.

Бұл Брюссельдің Apple-ге салған алғашқы айыппұл және ірі антимонополиялық алым саналады. Жалпы алғанда Еуропалық комиссия ЕО елдеріндегі өздерінің үстем жағдайын теріс пайдаланатын америкалық технологиялық компаниялардың нарықтық билігін шектеуді жоспарлап отыр. Оған қоса бұл шектеулерді заңдылық тұрғысынан реттейтін «Сандық нарықтар туралы» заң да осы апта күшіне енеді деп күтілуде.

Бұл заң негізінде Еурокомиссия америкалық алпауыттар шектеу қойып, Еуропада шағын және орта бизнестің дамуына қолдау көрсетуді көздеп отыр.

Осы орайда Еуроодақ Google компаниясынан да осындай алым өндіруді көздеп отыр. Қазіргі таңда осыған қатысты компания мен Еурокомиссия арасында сот жүріп жатыр. Apple компаниясы да Еурокомиссияның шешімімен келіспей, айыппұл салуға қарсы шағым түсірген.

Бұған дейінгі Apple компаниясына қатысты жайттар

Еске сала кетсек, осыған дейін «Курсив» Apple компаниясы үлкен айыппұлдан құтылу үшін NFC модулін ашу туралы ұсыныс жасағаны туралы жазған еді. ЕО қысымға алған соң Apple компаниясы ЕО-ның монополияға қатысты айыптауларымен қатар айыппұл төлеуден құтылуды көздеген. Алайда компания діттеген мақсатына жете алмаған секілді.

Осыған дейін Оңтүстік Кореяның телекоммуникация секторының реттеушісі Alphabet Inc құрамына кіретін Google мен Apple Inc. компанияларына қомақты айыппұл салатыны туралы ақпарат тарады. Реттеуші бұл компанияларды нарықтық позицияны теріс пайдаланды, мобильді төлемдер саласындағы жергілікті реттеуді бұзды деп айыптаған.

Ал тамызда Ресей соты Apple компаниясына тыйым салынған ақпаратты жоймағаны үшін айыппұл салды. Онда Apple жойылатын ақпаратты жоймағаны үшін кінәлі деп танылған. Apple корпорациясына 400 мың рубль көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз